Қоғам • 02 Қыркүйек, 2019

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің алғышарттары

4366 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Әліпби халықтың мәдени болмысын аңғартатын айғақтардың бірі. Өйткені мәдени мұра, мәдени жәдігерлер әліпбиде сақталады, әліпби арқылы келесі ұрпаққа жетіп отырады. Қай әліпбидің де осындай тарихи мақсатымен бірге оның заманауи міндеттері болады. Президент осы реттен келіп: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланыс­ты» – деп, бұл әліпби қоғамымыздың жаңа кезеңдегі ең қажетті таңдауы екендігін айтты.

Қазақ әліпбиін латын графикасына  көшірудің алғышарттары

Елімізде латын графикасындағы әліпбиге көшудің бірнеше себептері бар. Біріншіден, лингвистикалық себеп. Елбасы айтқандай, бізге кирилл әліпбиі саяси себептермен келді. Соның нәтижесінде қазақтың төл жазу емлесіне нұқсан келтірілді. Ол мамандар тарапынан тәуелсіздік кезеңінде ғана ашық айтыла бастады. Жалпы әлемдегі өркениетті елдердің әліпбиіне көз салсақ, онда нағыз жетілген әліпбилер көп дыбысты мейлінше аз таңбамен береді. Мәселен, ағылшын тіліндегі 45 дыбыс 26 таңбамен, француз тіліндегі 35 дыбыс дәл осылай 26 таңбамен беріледі. Қазіргі кирилл графикасындағы қазақ әліпбиінде біздің төл 28 дыбысымыз 42 таңба арқылы берілген. Осыдан-ақ қолданыстағы әліпбидің тіл табиғатына қайшы екендігі байқалады. Ал жаңа латын әліпбиі бізді басы артық таңбалардан арылтады. Ол үшін жаңа әліпбидің құрамы қазақ тілінің табиғатына шақ болуы тиіс, оның емле ережелері де қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға бағытталуы керек.

ХХ ғасыр жалпы адамзат тарихында төңкерістер мен соғыстардың ғана ғасыры емес, сонымен бірге әліпби ауыс­тыру ғасыры да болды. Англия, Франция, Испания, Португалия, Ресей сияқты мемлекеттер Азия, Африка, Америка, Аустралия құрлықтарындағы ондаған, тіпті жүздеген ұлттарға үстемдік жүргізіп, олардың ділі мен тілін, дінін өзгертуге арнайы саясат жүргізді. Соның негізінде олар өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан ана тілдерін, дәстүрлерін ұмытуға мәжбүр болды. Бірте-бірте ол халықтардың санасында, жүрегінде өздеріне деген сенімсіздік қалыптасып, басында зорлықпен келген жат халықтың мәдениетін, тілін артық деп санай бастады. Осындай төл болмысынан алыстау үдерісін қазақ халқы да басынан кешірді. Яғни олардың мәдениеті отаршылдық озбырлық пен қысымнан кейін дағдарып, өзге мәдениеттің үстемдігі артты.

Тіл – мәдениеттің негізі, жазу сол мәдениеттің жоғары сатысы. Біздің бабаларымыз мәдениеттің осындай жоғары сатысында болған. Түркі дүниесінің жазба мәдениетінің негізі болған Орхон, Енисей, Талас жазулары соның куәсі. Қазір өзіміз жиі айтатын Еуразия кеңістігінде кімнің жазуы бірінші десек, онда тарихи шындық көне түркі жазуын атар еді. Ендеше, біздің мәдениетіміз жалпы әлемдік өрке­ниет­те алдыңғы мәдениеттердің қата­рын­да. Бірақ өкінішке қарай, орыстілді қазақтар мұны білмегендіктен ана тіліне шорқақ. Сондықтан да олар қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайды. Егер сеніммен қараса ана тілімізді үйренер еді, балаларын қазақ мектебінде оқытар еді. Ондай қандастарымыз үшін өзге тіл өз ана тілінен артық. Бірақ олар сол орыс тілінің лексикалық қабатында қаншама жүздеген, мыңдаған түркі тілінің сөздері бар екенін де білмейді. Мысалы, күнделікті қолданыстағы қазы­на, теңге, үтік, сазан, сандық деген сияқты көптеген сөздердің орыс тіліне бізден енгенін көпшілік біле бермейді. Ана тілін білмейтіндер, не сөйлегісі келмейтіндер қазақ тілінің байлығы орыс тілінен әлдеқайда мол екенін де хабарсыз. Қазақ тілінің ең бай тіл екендігін шетелдік оқымыстылар талай рет жазған. Қазақ тілінің ғылымын қалыптастырып, ішкі тәртібін, жүйесін ретке келтірген Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ғалымдар да тіл байлығын ерекше атап өткен. Біздің ойымызша, қазақ тілінің бай болуының бір себебі сан ғасыр уақыт бұзылмай таза сақталып келгендігінде болса керек. Бұл жөнінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта» десе, тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жиырмасыншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті», дейді. Тіл тазалығы дегені­міз бүгінгі жұрттың бәрі оқыған заманда жазу­дың дұрыстығына байланысты. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің ең үлкен мақсаты тіліміздің тазалығын қалпына келтіру.

Кирилл әліпбиінде тұрған уақытта тіліміздің көптеген ережесі орыс тілі­нің ыңғайына бейімделді. Әсіресе шет тілінен енген сөздер тілімізге орыс тілі арқылы кіріп біздің тілдік санамыз өзге тілге бейімделе бастады. Қазір жаңа әліпбидің емле ережелерін жасауда ғалымдарымыздың әртүрлі көзқараста болуы бір жағынан қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау мен кеңестік кезеңде қалыптасқан тілдік санамыздың арасынан ортақ шешімді табу. Мысалы, орыс орфоэпиясымен біз «романды» «раман», «экономиканы» «еканомика», «авторды» «абтыр» дейміз. Ғалымдардың бір тобы мұндай сөздерді бұрынғыша жазайық, өйткені халық соған үйренген десе, келесі тобы тіліміздің табиғатына сай оларды өзімізше өзгертіп жазайық дейді. Ғалымдардың екі тобы да тіліміздің төл табиғатын сақтауды жақтайды. Бірақ олар қоғамда қалыптасқан тілдік сананы да есепке алу қажеттігін айтады. Ғалымдар қоғаммен санаспайын десе өз елімізде тұратын миллиондаған қазақтар ана тілін білмейді немесе біле тұрып сөйлемейді. Сонымен бірге өкінішке қарай, Қазақстандағы кеңсе тілі, мынау нарық заманындағы бизнес тілі, ақпарат заманындағы бұқаралық ақпарат құралдарының басым тілі орыс тілі болып отыр. Кеңестік кезеңде санамызға әбден кіріп алған отаршылдық зардаптары әлі бойымыздан шығар емес. Латын әліпбиін қабылдау отаршылдықтың салдарынан арылудың қамы, яғни жоғарыда айтқанымыздай тар кеңістіктен жалпы ғаламдық кеңістікке шығудың әрекеті. Латын әліпбиі қоғамның барлық саласына уақытымен және сапалы түрде енуі үшін барлық қазақ өзінің ана тілінде сөйлеуі, оқуы және жазуы керек. Сонда ғана біз әліппе арқылы басталған тілдік реформаны жүзеге асыра аламыз.

Екіншіден, түркілік ортақ ынтымақ­тас­тық қамы. Дүние жүзіндегі түркі халық­та­рының 60 пайызға жуығы осы латын әліпбиінде. Қазір түркі тілдес халықтардың ішіндегі дербес мемлекеттер: Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан. Осылардың Қазақстан мен Қырғызстаннан басқасы латын әліпбиінде. Латын графикасындағы түркі халықтары 55,5 пайыз, араб графикасында 25 пайыз, кирилл графикасында 17,3 пайыз. Түркі халықтарының көне заманнан қалыптасқан мәдени-тарихи тамырластығын және осындай рухани қатынастың қазіргідей жаңа деңгейде дамып жатқанын ойласақ, онда Қазақ елінің өзге әліпбиде қала беруі осындай сабақтастық пен тамырластыққа қайшы келеді. Біз жаңа әліпбиге көшкенде және бір нәрсені ұғынуымыз қажет. Кирилл әліпбиінде қалсақ, онда біз орыс тілінің ықпалынан шыға алмаймыз. Өйткені екеуі де ортақ таңбалардан тұрады. Яғни біздің ақпаратты қабылдауымыз, жазуымыз, жалпы мәдениетіміз кирилл негізді әліпбидің кеңістігінде қалмақ. Бұл кеңістік біздің қалауымызбен болған жоқ. Ол кеңістік бізге отаршылдықпен бірге келіп, мәжбүрленіп, міндеттеліп таңылды. Ал қазіргі кезеңдегі латын әліпбилі кеңістік ол жеке бір жұрттың, мемлекеттің басыбайлы кеңістігі емес, жалпы ғаламдық кеңістік. Яғни біз тар кеңістіктен анағұрлым үлкен ғаламдық кеңістікке осы латын әліпбиі арқылы шыға аламыз. Сөйтіп кирилл әліпбиі тұсында тіліміздің емле ережелеріне артық таңбалар арқылы, ұғымдар мен терминдер арқылы сырттан таңылған, жапсырылған, тіліміздің төл табиғатына зиян келтірген артық ережелерден құтыламыз. Яғни тіліміздің төл табиғатына ораламыз. Басқа тілдің ықпалымен бұзылған ережемізбен бірге, өз сөздерімізді табиғатына сай дұрыс жазу арқылы қазақ тілінің талай батыс, орыс саяхатшылары мен ғалымдары мақтаған әуезділігіне, бейнелілігіне жетеміз. Сөйтіп жаңа әліпби біздің жазуымызбен бірге сөйлеуімізді де қалпына келтіреді.

Үшіншіден, еліміздің жаһандану дәуі­рін­дегі дамуының қамы. Халықаралық қа­уымдастықта Елбасы айтқандай, латын таң­балы әліпбидің маңызы зор. Осыны ескеріп латын әліпбиіндегі мемлекеттерді айтпағанның өзінде Жапония, Қытай, тіпті, өздері үшін тарихи кирилл әліпбиіндегі Беларусь, Ресей, Украина сияқты мемлекеттерде латын әліпбиінің өзіндік стандарттары қабылданып, бекітілген. Ал бізде латын әліпбиі бекітілмегендіктен халықаралық құжаттар, пошта алмасуда, тіпті, жеке құжаттарымызды толтыруда біз стандартталмаған әліпбиді пайда­ланып жүрміз. Мұндай жағдаяттар қа­зіргі жаһандану кезеңінде заман ағы­мы­мен санаспауды көрсетеді. Жа­һан­дану кезеңінде Қазақстан жаңа әліпби арқылы тек әлеуметтік және экономикалық мәселелерді ғана емес, сонымен бірге қазақтар үшін аса зор рухани мәселені де шешеді. Ол әлемнің 50-ге жуық мем­ле­кетінде тұратын миллиондаған қа­зақ­тың ұлттық рухани бірлігіне қызмет етеді. Бұл арада бізге латын графикалы әліпбидің халықаралық деңгейдегі таны­мал­дылығы көмектеседі. Атап айтқанда, мәселен, Қытайда, Өзбекстанда, Ресейде, Қырғызстанда, Түрікменстанда, Түркияда және Еуропа мен Америкада тұратын қазақтардың латын әліпбиін білуі немесе оны оңай игеруі. Әлемнің қай түкпірінде де латын әліпбиі ең танымал әліпби. Себебі қай елдің болса да білім беру жүйесіндегі, әсіресе химия, физика, математика сияқты нақты ғылымдардағы атаулар, терминдер, шартты таңбалар осы латын әліпбиінде болса, екіншіден, жаһандану дәуіріндегі халықаралық пошта, авиа байланыстар, интернет домендер, ғаламдық деңгейдегі брендтер осы латын әліпбиінде екені мәлім. Сондықтан да шетелде тұрып жатқан күллі қандастарымызға латын әліпбиі жат емес. Яғни, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру Қазақстан үшін ғана емес, дүние жүзі қазақтары үшін аса маңызды қадам.

ХХ ғасырдың соңы және ХХІ ғасырдың басындағы әлемдегі саяси, экономикалық және мәдени өзгерістер, жалпы адамзат баласының ілгерілеу векторлары мен перспективалары жаһанданудың барысын аңғарта бастады. Бұл векторлар мен перспективалар ағылшын тілінің кең қанат жайып бара жатқанын және латын әліпбиінің ғаламдық саясатта да, қарапайым тұрмыста да белсенді түрде қолданыла беретіндігін аңғартты. Қазіргі деректерге сүйенсек, әлемдегі 7 млрд 450 млн адамның 48%-ы латын әліпбиін қолданады екен. Осы көрсеткішке халқы жағынан бірінші және екінші орындағы Қытай мен Үндістандағы осы әліпбидің қолданылуын айтсақ және Үндістандағы ағылшын тілінің ресми мәртебесін қоссақ, онда әлемдегі жалпы халықтың жартысынан астамы күнделікті латын әліпбиін қолданады. Сондай-ақ ғаламда ғылым мен тұрмысты қосып жіберген ақпараттандыру, кибернетика салаларындағы шартты белгілер мен таңбалардың, математика, физика, химия, биология, медицина салаларындағы латын әліпбиінің жетекшілік рөлін айтсақ, онда жаһанданудың негізгі әліпбиі – латын әліпбиі екені даусыз. Бұрын латын әліпбиін тек ғылымда, білім беруде қолданса, бүгінгі күнде халықаралық деңгейде де, тұрмыстық деңгейде де қанатын кеңге жайды.

Халықаралық деңгейде латын әліпбиі ірі бизнес жобалардың, әлемдік брендтердің таңбалық белгісі және халықаралық поштаның, әуе, теміржол, автомобиль қатынасының негізгі әліпбиі болды. Тіпті қай мемлекеттің азаматы екендігіне қара­мас­тан төлқұжат міндетті түрде латын таң­балары арқылы да жазылып жүргенін жақсы білеміз. Себебі ХХІ ғасырда адамзат етене, тым жақын экономикалық жағынан да, мәдени жағынан да араласа бастады. Осы араласуды қамтамасыз ететін халықаралық виза режімі осы әліпбиде жүзеге асырылады.

Ғаламдық жаһанданудың нақты, кең көрінісі – ақпарат алмасу. Әсіресе интернет жүйесі арқылы ақпарат алмасуда латын әліпбиінің үлесі тіпті зор. Интернет домендер, компьютерлер мен смартфондардағы шартты белгілер латын әліпбиінде. Яғни, әлемнің қай түкпіріндегі адам болсын өзіне қажетті ақпаратты іздегенде осы әліпбиге жүгінеді. Әліпбимен бірге негізінен ағылшын тілінде пайда болған ұғымдар мен терминдер де латын әліпбиі нұсқасында біздің пайдамызға жарап келеді. Сол себепті де, әсіресе жастар латын әліпбиін қолдануды жеңіл әрі қолайлы көреді. Сонымен бірге америкалық, батыстық өмір салтының белең алуы да бұл әліпбиді танымал етеді. Мәселен, ағылшын тіліндегі музыка, Голливуд фильмдері, брендтік тауарлар деген сияқты.

Тұрмыстық деңгейде де латын әліпбиі танымалдылыққа жетті. Үйдегі эл­ек­тр­лі тауарлар, жиһаз, ыдыс-аяқ, кос­ме­тика және басқа да аксессуарлар мейлі Аме­рикада, мейлі Қытайда немесе Ко­реяда өндірілсін, олардың атаулары латын әліпбиінде жазылып келеді. Күнделікті қолымыздан түспейтін телефон немесе телевизор пульттарындағы жазулар да осы әліпбиде. Әлбетте оларды күнделікті көру, пайдалану біздің санамызға латын әліпбиінің таңбаларына көздағдымызды қалыптастырады. Латын әліпбиінің осындай етене таныс болуы және осы әліпбиде атаулар жазылған тауарлардың сапалылығы оның біздің санамыздағы беделін, қазіргі тілмен айтсақ, «престижін» қалыптастырады. Осындай жалпы ғалам­дық беталыс жағдайында латын әліпбиін елемеу немесе оған қарсы тұру шараларын жос­парлау яки жүзеге асыру жалпы дамуға кедергі келтірмек. Өйткені қазіргі әлемдік кеңістікте оқшаулану қашан да регреске бастайды. Әрине, жаһанданумен ілесіп келетін барлық жаңалықтарды қабылдай беру жөн емес те шығар. Бірақ латын әліпбиінің заманауи, прогрессивті әліпби екенін қабылдамау мүмкін емес. Бұл арада әліпби мен тілді шатастырмау қажет. Латын әліпбиі дегеніміз бұл ағылшын тілі емес. Ағылшын тілі осы әліпбиде таңбаланатын жүздеген тілдердің бірі ғана. Оның бер жағында латын әліпбиі қазіргі кезеңде белгілі бір тілдің немесе мемлекеттің төл әліпбиі емес. Латын тіліндегі терминдер болмаса, ешкім де латынша сөйлемейді. Салыстыра айтсақ, кирилл әліпбиі 300 млн-ға жуық славян халықтарының төл әліпбиі. Қазақстанның жағдайында бізді отарлаған мемлекеттің әліпбиі. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тілінің кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшуі міндетті түрде отарсызданудың ең басты кепілдігінің бірегейі болмақ. Сондықтан да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ең бастапқы, бірінші міндет қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі қазақ халқын сана деңгейіндегі отарсыздануға, одан өрістеп жаңаша жаңғыруға, яғни бүгінгі ғаламдық үдерістерге ілесуге бастайды.

Жаһандану әлемдік зор құбылыс ре­тін­де қарсы тұруға ешқандай халықтың дәрмені жетпейтін феномен. Жаһандану жағдайында өзіңнің ұлттық және мем­ле­кет­тік келбетіңді сақтап, бейімделе білу тәсілі ғана бізді жаңғыруға бастап, қазіргі заманауи мүдделерді ұлттық міндеттермен сабақтастыра отырып шешуге мүмкіндік беретін үлкен мәселе. Оның маңызды алғышарттарының ішінде тілдің, соған орай әліпбидің де маңызы аса айрықша.

Бұл жаңа әліпбиге көшудің негізгі алғышарттары. Осындай алғышарттардан санамызға, білімімізге, мәдениетімізге сер­пін беретін талай жаңалық енбек. Әл­бетте, оған жету үшін мемлекетпен бірге ха­лықтың өзі ықылас қойып, ынтамен кірісуі қажет. Әркім өзін ұлттың азаматымын деп ұғынып, қазақтың ұрпағы екенін сезініп атсалысса, ортақ ісіміз жемісін бермек.

Оразкүл АСАНҒАЗЫ,

қоғам қайраткері