Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2019

Бизнесвумендерге мүмкіндік мол

158 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі кәсіпкерлік саласында әйелдер қауымының үлесі қомақты. Жеке кәсіпкерлердің 52%-ы, сонымен қатар шағын және орта бизнес басшыларының 43%-дан астамы – қыз-келіншектер. Қазіргі таңда нәзік жандылар басшылық ететін кәсіпорындар 1 млн-ға тарта адамды жұмыспеп қамтып отыр. Бұл туралы елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен Іскер әйелдердің мерейтойлық конгресінде кеңінен сөз болды.

Бизнесвумендерге  мүмкіндік мол

Жиында әлемдік және жергілікті экономикалық көрсеткіштердегі әйел­дер­дің рөлі туралы Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады. Г.Әбдіқалықова Дү­ниежүзілік банктің мәліметі бойынша, әйелдердің әлеуетін толық пайдаланбау салдарынан әлем жылына 30 трлн АҚШ доллары шамасында қаржыдан қағылып отырғанын назарға алып, прогрессивті қоғам әйелдердің саясатта, экономикада және әлеуметтік салада маңызды рөл атқаруына мүдделі екенін айтты.

– Әйелдердің мүмкіндік аясын ке­ңей­ту үшін Президент Жарлығымен Қазақ­стан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік сая­сат тұжырымдамасы бекітілді, – деді Г.Әбдіқалықова.

ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құ­лы­баев­тың Конгресс делегаттарына жеткі­зілген үндеуінде бес жыл ішінде Кеңес барлық өңірлер бойынша іскер әйелдердің әлеуетін шоғырландыруға қол жеткізгені айтылды.

– Қазақстан халық банкі және оның же­текшісі Үміт Шаяхметова әйелдер кә­сіп­керлігін жылдық 5-7%-бен жеңілдік­пен несиелеу бойынша бірінші болып бас­тама көтерді. Осы шараға 3 млрд теңге бөлініп, 340-тан астам бизнес-жоба жүзеге асты. Екінші деңгейлі банк­тер мен микроқаржы ұйымдары қызметтерінде арнайы механизм әзірлеу маңызды. Бұл шара бизнес-идеяны жүзеге асыруға қаржы бөлу үшін керек, – деді Т.Құлыбаев.

«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер ке­ңе­сінің төрайымы Ләззат Рамазанованың ай­туынша, соңғы 5 жылда кеңес мүше­лері 1500 іс-шара өткізіп, оған 10 000-нан астам әйел қатысты. Былтыр Іс­кер әйелдер кеңесінің IV Конгресі шең­берінде Өңірлік кеңестердің жетекшілері Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құрды. Қор құру барлық кәсіпкерлерге ортақ – микроқаржы механизмі арқылы қаржыландыру мәселесін шешеді. «Қазақстан халық банкі» АҚ-пен тиіс­ті меморандумға қол қойылды және кә­сіпкер әйелдерді жеңілдікпен несие­леудің алғашқы бағдарламасы іске қосылды. Қазақстанда алғашқы «ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлерінің ұлт­тық байқауы және елордада жуырда өтетін Жеңіл өнеркәсібінің алғашқы форумын ұйымдастыру – көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.

Ауылдық жерлерде әйелдерді оқы­туы мәселесі де өте маңызды. «Ата­ме­кен» биыл Азия даму банкімен бірлесіп, Қазақстанның 8 өңірінде тренингтер өткізгенін айта кету керек.

Конгреске шет мемлекеттерден де қа­дірлі меймандар шақырылыпты. Түр­кияның Кайсери қаласынан келген кәсіпкерлік одақтың төрайымы Илжу Туг­бахан бауырлас елде әйелдерге жаңа технологияларды игеруге, соны­мен қатар экономикалық сауатын жетіл­діруге қандай көмек жасалатыны туралы айтты. Қазіргі таңда одақ құрамында 7 мың түрік әйелі – өз саласының үз­діктері, кәсіпкерлік саласындағы ға­лымдар, азаматтық қоғам мүшелері бар.

– Біздің одақ кәсіпкер әйелдердің елімізде сапа әрі сан жағынан өсуін қамтамасыз ету және оларға жан-жақты қолдау көрсету саясатын әзірлеу миссиясын қолға алды. Біз экономикалық саяси және әлеуметтік мәселелермен жұмыс істейміз. Серіктестеріміз бірлесіп әзірлеп жатқан «Менің әпкем» жобасы шеңберінде 9 300 әйелді цифрлы сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік, қаржылық сауат және қолданбалы қаржы бойынша оқыттық. 2018 жылы «Атамекен» ҰКП және Түркияның іскер әйелдер кеңесі кездесу ұйымдастырып, бірлескен экономикалық мүдделерді ілгерілету жөнінде келісімге қол қойды, – деді Илжу Тугбахан.

Жиында Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида аль-Ауади араб әйелдері даму жолында көптеген қиындықтарға тап болатынын айтты.

– Біз араб әйелімен әрдайым мақта­намыз. Олар барлық қиындыққа қара­мас­­тан, түрлі кедергілерден өтіп, өзіне жол таба білді. Араб әйелі – шешім қа­был­­дауға мүмкіндігі болған кезде табыс­қа жете алады. Біздегі іскер әйелдер қа­­уы­мының 200-ден астамы әлемде айту­­лы жетістікке жетті – деді Фарида аль-Ауади.

Конгресс барысында кәсіпкерлік салада өзіндік орны қалыптасқан нәзік жандылар өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыстар атқаруға ниетті екендерін білдірді.