Матч басталардан бір сағат бұрын екі команданың құрамы қолымызға тигенде қандай да бір өзгеріс бар-жоғын білу үшін бірден өткен ойынмен салыстырдық. Сөйтсек екі команданың да бас бапкерлері негізгі құрамға аздаған өзгеріс жасаған екен. Елордада өткен матчта бірінші минуттан бастап алаңға шыққан Фирмин Мубеленің орнына негізгі құрамда Роман Муртазаев шықты. Ал БАТЭ сапынан Эрвен Мукам мен Слободан Симовичтің орнына Борис Копитович пен Антон Сарока алғашқы минуттан жасыл алаңда өнер көрсетті.
Кездесудің алғашқы бес минуты тең дәрежеде басталғанымен, алтыншы минутта алаң иелері жылдам гол соғуға мүмкіндік алды. Гол авторы – Максим Скавыш. Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болған БАТЭ футболшылары алға қарай лап қойды. Дегенмен «Астана» ойыншылары жылдам өздеріне келіп, үш минутта екі бірдей қауіпті шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Бірақ ешқайсысы нәтиже берген жоқ. Сондай-ақ жерлестеріміз алғашқы 15 минут ішінде БАТЭ қақпасына екі бірдей бұрыштама добын орындағанымен, қарсылас команданың қорғаушылары қырағылық танытып, допты өз айып алаңынан алып шыға білді. Әрі қарай ойын екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Кездесудің 21-минутында Марин Томасов БАТЭ-нің екі бірдей қорғаушысын оңай алдап өтіп, қақпаға бағыттаған соққысы қиыс кетсе, 35-минутта алаң иелері ойыншысының алыстан шірене тепкен добы Эрич қорғаған қақпаның дәл жанынан өтті. Арада бір минут өтер-өтпестен «Астана» қорғаушысы Лука Шимунович өз айып алаңында қателесіп, қарсылас ойыншысының соққы жасауына мүмкіндік беріп қойды. Алайда Эрич өз орнынан табыла білді. Бірінші таймның соңғы минуттарында БАТЭ футболшылары біздің қақпамыздың алдын торуылдап, үзіліске дейін екінші голын соғуға ұмтылды. Абырой болғанда қорғаушыларымыз сәтті қорғанып, қауіптің бетін қайтарды.
Алғашқы тайм БАТЭ-нің аздаған басымдығымен өткенімен, «Астананы» нашар ойнады деп айта алмаймыз. Дорин Ротариу мен Марин Томасов қос қапталдан қарсыластарды қыспаққа алып, қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Сондай-ақ Эричтің қырағылығын да айта кеткен жөн. Үш бірдей гол соғатын 100 пайыздық шабуылдың бетін қайтарып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Осылайша, кездесудің алғашқы таймы 0:1 есебімен БАТЭ-нің пайдасына аяқталды.
Кездесудің екінші бөлігін БАТЭ футболшылары белсенді бастап, ә дегеннен-ақ шабуылға кірісті. Дегенмен «Астана» ойыншылары да қарап қалған жоқ. Қарсыластың әрбір шабуылына шабуылмен, соққысына соққымен жауап беріп отырды.
Матчтағы қызық жағдай ойынның 52-минутында орын алды. Стадионға жиналған 20 мыңға жуық жанкүйер бір мезетте орнынан тұрып, 2-3 минут бойы шапалақ соқты. Мұның сырын белоруссиялық әріптестерімізден сұрағанда, БАТЭ-нің 1996-2018 жылғы басшысы Анатолий Капский былтыр 52 жасында қайтыс болған екен. Осылайша, жанкүйерлер ойынның 52-минутында Капскийді еске алып, рухына тағзым білдірді.
Матчтың 55-минутынан бастап алаң иелері ойынды толық өз бақылауларына алды. Біздің ойыншылар қорғанысқа мән беріп, тек қарсы шабуылға иек артуға мәжбүр болды. Бәлкім, үзілісте Григорчук футболшыларға қорғанысты мықтап ұстауға тапсырма берген болар. Өйткені «Астанаға» гол соққаннан гөрі, қақпаға гол өткізіп алмау маңызды еді.
Дүркін-дүркін шабуылдың өз жемісін берер сәті болады ғой. 65-минутта сондай сәттердің бірінде алғашқы голдың авторы Максим Скавыш қақпамызға екінші голын соққан болатын. Абырой болғанда қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, доп ойыннан тыс жағдайда соғылғанын білдірді. Есеп өзгерусіз қалды. Кездесудің 70-минутында Роман Григорчук ойындағы алғашқы өзгерісті жасады. Алаңда шабуылшы қызметін атқарған Роман Мұртазаевтың орнына Рангело Янганы шығарды. Матч алдындағы баспасөз жиынында гол соғуға тырысамын деген шабуылшы алғашқы мүмкіндігінде мүлт кетті. Тіпті, доп тоқтатуда қателесіп, допты қарсылас команда ойыншысының аяғына салып берді.
Қателікті кешірмейтін БАТЭ ойыншылары матчтың 85-минутында «Астана» қақпасына екінші голын соқты. Бұл жолы мергендігімен Евгений Яблонский көзге түсті. Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болып, голдан рухтанған алаң иелері «Астана» қақпасына шабуылды бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Қақпамызға екінші гол соғылғаннан кейін Григорчук алаңға екі бірдей қорғаушыны шығарды. Жарко Томашевич пен Абзал Бейсебеков команданың қорғанысын қымтап тастады. Футболшылар қақпамызға гол өткізбей, әрең дегенде таблодағы көрсеткішті сақтап қалды. Осылайша «Астана» сырт алаңда жеңілсе де, топтық кезеңге жолдама алды.
Жұма күні Монакода Еуропа лигасының 2019-2020 жылғы топтық кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтті. Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстанның бес дүркін чемпионы ағылшынның азулы «Манчестер Юнайтед», Сербияның «Партизан» және Голландияның «Алкмаар» командаларымен бір топқа түсті. «Астана» L тобындағы алғашқы ойынын сырт алаңда «Манчестер Юнайтедке» қарсы өткізетін болды.
«Астана» клубының бас бапкері Роман Григорчук пен команда капитаны Ненад Эрич Еуропа лигасының жеребесі туралы пікір білдірді. «Мен жеребеге салмақты қараймын, өйткені оны ешкім өзгерте алмайды. Бұл топты өте қызықты деп сипаттауға болады. Әрине, алда «Манчестер Юнайтедпен» қызықты ойын күтіп тұр. «Олд Траффордта» болып, олармен бір алаңда ойнаудың өзі барлығымыз үшін үлкен оқиға. Сол себепті өте қызық болады», дейді Роман Григорчук.
Ал Ненад Эрич «Партизанға» қарсы өтетін ойын өзі үшін қызықты болатынын айтады. «Өте қызықты топқа тап болдық. Үш қарсыласымыз да орналасқан себеттеріне қарамастан ТОП команда болып есептеледі. «Манчестер Юнайтедті» таныстырудың өзі артық. «Партизан» Сербия чемпионатындағы екі үздік команданың бірі. Сербияда туып-өскен мен үшін Белград командасына қарсы ойнау қызықты болмақ. Топтағы соңғы қарсыласымыз – «Алкмаар» Еуропадағы ең мықты чемпионаттардың бірі ретінде саналатын Нидерландияның үздік командасы. Сондықтан Еурододаның күзгі маусымында бізді тартысты әрі қызықты ойын күтуде. Біз өз кезегімізде жақсы нәтиже үшін ойнап, өзіміздің жоғары деңгейдегі ойынымызды көрсетеміз дегім келеді».
Айта кетейік, елорда командасы аталған командалармен Еуродода ойындарында бірінші рет кездескелі тұр.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan» – Борисовтен (Беларусь)