Жарияға жар салар жақсылығымыз
Жұма, 15 наурыз 2013 1:33
Еліміздің әлем жұртшылығы алдындағы абыройының асқақ екенін, тағы бір дәлелдеген сәт, күні кеше Франция жерінде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында қазақ халқының мәртебесін көкке жеткізген EXPO халықаралық көрмесі 2017 жылы Еуразия жүрегі Астана қаласында өтетіндігі мәлім болғаны баршамызға аян.
Жұма, 15 наурыз 2013 1:33
Еліміздің әлем жұртшылығы алдындағы абыройының асқақ екенін, тағы бір дәлелдеген сәт, күні кеше Франция жерінде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында қазақ халқының мәртебесін көкке жеткізген EXPO халықаралық көрмесі 2017 жылы Еуразия жүрегі Астана қаласында өтетіндігі мәлім болғаны баршамызға аян.
Халықаралық көрме өткізуге ниет білдірген 6 мемлекет ішінен іріктеліп алынған Бельгияның Льеж қаласы мен қазақ елінің мақтанышына айналған Астана қаласы болатын. Осындай тартысты бәйгеде қазақ жұртының сенім артып, үкілеп қосқан бәйге аты сүрінбей өз белесін бағындырды деп айтсақ артық болмас. Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясына қатысқан мемлекеттердің 103 дауысын сенімді түрде өз қоржынына жинаған Қазақстанның мерейлі даңқы құрлыққа тағы бір жетістігімен мәлім болды. Бұл игі шара Қазақстан халқына тек қана жетістік алып келетін, жауапкершілігі мол әлемдік деңгейдегі орны ерекше жиын екені баршаға белгілі. Аталған шара 2017 жылдың 10 шілдесінде басталып, сол жылдың 10 қыркүйегіне дейін жалғасады. Жер шарының 100-ден астам елінен 3-4 миллионға тарта адам еліміздің жүрегі Астанаға аяқ басатыны мәлім. Осынау жауапкершілікті мойнына еш күмәнсіз сеніммен алған алаш елі баршаға өзінің кең пейілімен қонақжайлылығын паш ете отырып, әлемді толғандырған «Болашақтың энергиясы» туралы мәселені көтермек.
Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы ең алғашқы халықаралық деңгейдегі өткізілетін көрмеге айналады. Бұл деген сөз – еліміздің құрлық арасындағы мәртебесінің оқ бойы жоғары екендігін көрсетеді. Бұл жеңіске қол жеткізуіміз тәуелсіз еліміздің 20 жыл ішіндегі жеткен жетістіктерінің бір парасы болары анық.
2010 жылы ЕҚЫҰ саммитіне төрағалықты және 2011 жылы Азиаданы жоғары дәрежеде ұйымдастырып, өткізе білген алаш өлкесіне жаһан халқы тағы да үлкен сенім білдіруде. Қазақстанның әлем алдында осындай абыройлы мәртебеге жетуі Елбасымыздың ерен еңбегі мен салиқалы саясатының жемісі деп толығымен айта аламыз. Барша адамзат баласының тыныштықта ғұмыр кешуіне үлгі боларлық үлкен бастама жасап, Семей атом ядролық полигонын жабу үшін жасаған теңдессіз еңбегін әлем жұртшылығы жоғары бағалады.
Тек қазақ елінің ғана емес, барлық ғаламды толғандырған өзекті мәселелерді шешуге белсенді атсалысып, ұтымды ой тастай білетін Елбасымызға, бүкіл ел «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтетін халықаралық көрмеде қуат тапшылығынан шығудың бірден-бір жолын ұсынатынына еш күмәнсіз сеніммен қарауда. Бұл белесті де бағындыратынымызға кәміл сенемін. Ендігі тілек бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, елімізде өткелі жатқан тарихи маңызы мен келер ұрпаққа берері мол бұл көрмені ойдағыдай өткізуге барлығымыз атсалысуымыз қажет деп есептеймін.
Ақбұлан САЛБЕКҰЛЫ.
Ақмола облысы,
Қорғалжын ауданы.