Қоғам • 03 Қыркүйек, 2019

Елімізде білікті ұшқыштар тапшы

622 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Азаматтық авиация академиясы халықаралық та­лаптарға сай келетін білікті ұшқыштарды даярлауға қау­­қарсыз. Бұл туралы Салалық біліктілік шеңберін және кә­сіп­тік стандарттарды әзірлеу мәселелері бойынша білік­ті­лік жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтылды. Сол се­бепті отандық әуе компаниялары авиация мамандарын шетел­дерде оқытуға мәжбүр.

Елімізде білікті ұшқыштар тапшы

Ұлттық кеңес отырысында мұндай сынды Air Astana ком­­па­ниясының өкілі Евгения Ни жет­кізді. Оның айтуынша, Қа­зақ­станда ұшқыштардың кә­сі­би біліктілігін арттыратын оқы­ту орталықтары жоқтың қа­сы. Бар орталықтардың дең­ге­йі Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сай келмейді. Сондықтан әуе компаниялары қаржылай салмақ түсірсе де авиация кадрларын сыртта дайындап жүр. Өйткені нарық­та­ғы орнынан айырылуды ешкім қаламайтыны анық.

– Бүгінде Air Astana бар­лық қажетті мамандарды өз есе­бі­нен дайындайды. Олардың қатарында ұшқыш, инженер, бортсерік және басқа да мамандар бар. Өкі­нішке қарай, Азаматтық авиа­ция академиясының түлек­те­­рі біздің талаптарымызға сай келмейді. Себебі біздің компания Еуропалық авиа­ция­лық қауіпсіздік агенттігінің стандар­тымен жұмыс істейді. Сәйке­сінше осы стандарт негі­зін­де қажетті мамандарды өзі­міз­ге дайындауға тура келді. Осы­лайша авиа­ция­лық оқыту орта­лығын аштық. Қазір онда басқа әуе ком­панияларының ұшқыш­та­ры да білімдерін жетілдіріп жүр. Осы ретте мемлекеттік және жекеменшік білім беру меке­ме­лерінің айырмашылығына тоқтал­ғым келеді. Мәселен, жекеле­ген оқыту орталықтары бүгінгі заманның сұранысына сай икемделе біледі. Ал мемлекеттік білім беру ұйымдары жайлы айту қиын. Азаматтық авиация ұшқышы атану үшін жо­ға­ры білімді куәландыратын құжаттың керегі шамалы. Қазір барлығы лицензиямен жұмыс істейді. Сондықтан компания өз қаражатына ұшқыштарды Еуропаның оқу орындарына жіберуге мәжбүр. Бұған қомақ­ты ақша жұмсалады, – дейді Air Astana компаниясының персоналды басқару және әкім­ші­лік сұрақтар жөніндегі вице-президенті Е.Ни.

Ол бір ұшқышты дайындауға шамамен 80-100 мың АҚШ доллары жұмсалатынын айтып, болашақ авиаторларды дайындауда бірыңғай стандарттар енгізілсе деген ұсынысын жеткізді. Әуе ұйымының өкілі еліміздегі 450 ұшқыштың 350-і қазақстандық маман екенін айтты.

Сонымен Азаматтық авиация академиясы бола тұра не­лік­тен ұшқыштар басқа елде білімін шыңдауға мәжбүр? Бұл сұрақты Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев аталған білім ордасының жуырда тағайындалған ректоры Бекен Сейдахметовке төтесінен қойды.

– Ол үшін еуропалық талап­тар­ға сәйкес оқыту орталығын құруымыз қажет. Сол секілді білікті нұсқаушылар мен ұш­қыш­­тарды осы іске тартып, оқу-жаттығу базасын жолға қою керек. Әуе кемелерін алдық. Аэродромды реттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Енді ең бас­ты­сы, кадр мәселесін шешу қажет. Өйткені сертификатталған нұс­қау­­шылар және ұшқыштар тап­­шылығы байқалып отыр. Еуропалық стандарттарға сай болмауымыздың себебі осында жатыр, – деді Б.Сейдахметов.