Руханият • 03 Қыркүйек, 2019

Хат қоржын (03.09.2019)

6303 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын (03.09.2019)

...сұрау салады

Қайдасыңдар, сахнаның саңлақтары?!

Күншуақты Оңтүстік – киелі өнерге, сан қырлы өнер иелеріне бай өңір. Бұлай деуімізге шырайлы Шымкент шаһары мен түрленген Түркістан облысында көптеген театрдың жұмыс істеуінің өзі нақты дәлел бола алады. Айтулы өнерпаздарымыз қаншама. Міне, сол театрлардың бірі – Жетісай қаласындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы музыкалық драма театры таяуда өздерінің 50 жылдық мерейтойын атап өткені белгілі.

Осындайда халқымыздың «Елу жылда – ел жаңа» деген даналық сөзі ойға еріксіз оралады екен. Иә, жарты ғасыр аралығында мұнда көңіл толқытар қуанышты сәттер аз болған жоқ. Театр репертуарындағы «Қыз Жібек», «Қарагөз», «Жалбыр», «Малиновкадағы үйлену тойы» секілді спектакльдерді көрермен қауым тамсана тамашалайтын.

Әсіресе сахнаның сәніне, өмірдің мәніне айналған Шолпан Қожамұратова, Қатира Бекмұратова, Бәтима Сүлейменова секілді актрисалардың өнері ше?! Бұл арулар мың бұралып сахнаға шыққанда олардың сөз саптауы мен жүріс-тұрысына, іс-әрекетіне таңдай қақпайтын жан қалмайтын. Жан сұлулығы мен тән сұлулығы қатар үндескен бұл қойылымдарды қалай ұмытарсың?! Бұған қоса қабат оркестрдің әуезді әуені, жарық пен декорацияның қанық бояуы құйқылжыта ән салып тұрған қыздарды барынша құлпыртып, көріктендіре түсетін. Олардың бойындағы әншілік, бишілік қасиеттер актрисалық шеберліктерімен жымдаса түсетін. Халық бүгінде сол бір қыздардың өнерін сағынып жүр. Театрдың қазіргі құрамының арасынан сондай тарлан таланттарды көргісі келетіні ақиқат.

Көрермен демекші, соңғы кездері театрға келушілердің қатары сирей түскені анық. Әрі бұл жалғыз Жетісай театрына ғана қатысты жағдаят емес. Халық терең мағыналы қойылымдарға қарағанда жеңілтек жасанды эстрада «жұлдыздарының» өнеріне тәнті бола түскендей күй кешуде. Осындайда сахнаның сәніне, өмірдің мәніне айналған жандар қайда екен деген сауал тіл ұшына қайта-қайта орала беретінін қалай жасырамыз?!

Орынжан ӘСКЕРБЕК,
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі

...мақтан тұтады

Керегелі Қазақ елін әспеттеген

Адами құндылықтар мен рухани қазына байлығын негізге ала отырып, жастардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында көптеген игі шара өткізіліп келе жатқаны мәлім. Олардың барлығы ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен мәдениетімізді жаңғырту ұғымына сай келеді. Осыған орай, Ақмола облысындағы Красный Яр ауылының тұрғыны Сәкен Мужубаев «Керегелі Қазақ елі» атты сәулет композициясын құрастырып, жобаның тиімді жақтарының таныстырылымын өткізді.

Архитектуралық жоба дәстүрлі киіз үй іспеттес он алты уығы мен Қазақ елінің картасы бейнеленген күмбезден тұрады. Бұл шағын киіз үйдің он алты уығы еліміздің он төрт облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын білдіреді екен. Әр керегелі уық белгіленген аймақ жөнінде мәліметтер қорын ұсына алады. Айта кететіні, композиция құрамына әр облыстың қалалары мен аудандары жөнінде мағлұматтарды қамтитын биктігі 1,5 метрлік шалқыма шаңырақты киіз үйлер де кірмекші.

Автордың айтуынша, жобаның құрылысы өте қарапайым және қыруар шығынды талап етпейді. Себебі, сәулет туындысының каңқасы темірден, ал керегелері қарапайым құрылыс материалдарынан жабдықталған. Бүгінгі таңда ізденімпаз жерлесіміздің кішігірім сәулеттік композициясы патенттеліп, шағын макеті «Visit Aqmola» туристік-ақпараттық орталығында орналасқан.

Ботакөз АМАЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті

...жаңалығын жеткізеді

Білім мазмұны заман талабына сай болсын

Алматы обылысы Есік қаласының Рақымжан Тоқатаев атындағы орта мектептің базасында «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәнінен біліктілікті арттыру курсы өтті. Оған аға оқытушы Бақтыгүл Матекова жетекшілік жасап, шара барысында тарих пәні мұғалімдеріне пән бойынша жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшеліктері мен құрылымын таныстырды. Бұл жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сыни тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу және жеке жұппен топта жұмыс жасауға тиімді оқыту әдіс-тәсілдерін игере отырып, бағалау жүйесіндегі өзгерістердің артықшылығы баланың ойлау қабілетін дамытуға ықпал ететініне көз жеткізу. Сонымен қатар білім мен тәрбие беруде «Мәңгілік Ел» идеясы аясында ұлттық бірегейлігімізді сақтай отырып, дамуымыздың басты факторы білім екеніне көз жеткіздік. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Қорыта келе, жаңа заманға сай сыни тұрғыдан ойлай білетін, алған білімін өмірде тиімді қолданып, өзіндік дәлелі, сенімі бар ынталы, ұлттық мәдениетімізге сай өз ойын еркін жеткізе алатын дарынды да талантты тұлға тәрбиелесек, еліміздің болашағы жарқын болатынын сеніммен айтуға болады. Қазіргі таңда білімді өмірде пайдалана алатын шәкірт тәрбиелеуге бұл жаңартылған білім беру бағдарламасының алатын орны ерекше болып отыр.

Нұрдығұл ШАНБАЕВ,
Н.Островский атындағы орта мектептің
тарих пәнінің мұғалімі

...ой қозғайды

Фольклор – ұлттың кілті

Халықтың аңыз-ертегілерінде сол ұлттық ішкі дүниесінің құпиясы жасырылған. Фольклор деген – кез келген ұлттың, этностың жасырылған коды. Сол рухани кодты ашып, ұлттың құндылықтарын білуге, қарапайым ертегілер мен өлең-жырлар жеткілікті.

Кезінде Американы жаулауға келген ағылшындар жергілікті Апачи, Дакота, Чероки, Гурон тайпаларымен көп қақтығысқан. Жерді жақсы білетін, аттың құлағында ойнайтын, бес қаруы сақадай-сай үндістерді ала алмаған ағылшындар, сол тайпалардың фольклорын зерттеген. Америка үндістерінің ертегілерінде бизонның қасиеті туралы көп айты­ла­ды. Ертегілерде апачилер мен черокилер бизонның сүтін ішіп, етін жеп, терісін киім қылған. Сол бизон туралы көптеген ертегі мен өлең-аңыздар бар екенін тапқан. Содан кейін ағылшындар бизондарды оңды-солды қыра бастайды. Оқ дәрімен ала алмаған тайпаларды аштық пен жоқшылық арқылы тізе бүктіреді. Бизоннан айрылған тайпалар ағылшындарға бұрынғыдай жауапты соққы бере алмайды.

Самат НҰРТАЗА