100 • 03 Қыркүйек, 2019

Мұғалімдер қылығы (әңгіме)

972 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1920 жылы 30 мамыр «Еңбекшіл қазақ» газетінің №211 санына шыққан «Мұғалімдер қылығы» атты әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

Мұғалімдер қылығы (әңгіме)

 

1919-шы жылғы санаулы мұғалімнің бірі еді. Шынымен ескі қалыпқа кіріп, дін жолын ұстағаны ғажап екен дедім.

Менің бұл таңырқауым орынды еді. Өйткені кеңес үкіметі алғашқы келген бетінде еңбек (баулу) мектебін орнықтыру жолында, уездің ағарту бөлімі бір уездік (осы күні губерния) оқытушыларын жинаған болар. Орысша оқытушылардан басқа мұғалім аталғандардың көбі шала сауаттылар еді. Жаңа оқу түгіл, ескі оқу дегеннің өзін жөнді жүргізе білмейтіндер. Бірсыпыралары педие иелері, жасы ұлғайған қалпелер еді.

Солардың ішінде жаңа біліммен тәрбие алып, үлгілі мұсылман мектептерін бітірген оншақты мұғалімдер бар-ды.

Қасымбек, Достан деген екі жас мұғалім болды. Олардың киімі де, жүріс-тұрыс қалыптары да ыңғайлы, жатық еді. Съезде жаңа оқудың, әсіресе қазақ балаларына керекті мағлұматтардың үйрену жолдарын айтып, тақылдағанда жұрт риза болған.

Атақ үшін немесе пайдаға қызығып мұғалім болғандар бұлардан қаймығып, қымсынып жүретін-ді.

Орысша учитель саналғандардың да біразы бұларды сенімді оқытушы деп қанағаттанған.

Әлі есімде, осы екі мұғалім алғаш мектеп ашып, қаладан елдеріне қайтқан сапарында ірі ақсақал, бұрын ақын аталған Бижан қарттың үйіне қонған.

Бижан ақсақал өзі ауырып, төсекте жатса керек.

Мұғалімдер қазақтың қариясы, көпті көрген кәрі кісі екендігін елең қылмай, ысқақтап күліп, орынсыз қалжың айтып, қазақтың ескі әдеттерін сынап-мінеп, ірілік қалып көрсеткен.

Сыпайы киім, тараған шаш, өкшелі етік киген жастардың мінезі ақсақалға ұнамаған.

Дін оқудан басқа білім жоқ, мұсылманның шарттарын өтемеген кісі кә­пір деп түсінетін тоң мойын ақсақал бұларды айыптап жаратпай қал­ған.­

– Намаз оқымады, үлкенге иба жоқ, кішіге ілтипат жоқ. Бұлар жұртты аздырушы ғой деген мазмұнда ел қалпынша өлең де шығарса керек.

(Өлеңін Құсайын біледі)

Сол қарттың өлеңін естігенде:

– Біз, дінші молдалар емеспіз. Жаңа тәрбие жолын ұстап, жаңа мектепті гүлдендіруші – біздер, – деп сөйлеген-ді.

Бұлардың жаңа пікірлі мұғалім екеніне бір қатар жұрт сенген.

 Өткен жаз Ермек елге барып келді. Бір сөзінің ретінде Қасымбек пен Достанның қызығын айтайын деді.

– Қымызы бар деп байлардың үйіне көп қыдырып бармайтынымды білесің ғой. Қатыққа тойып, үйдің уақ-түйек шаруасын істеп шаршап, үйде жатыр едім.

«Төре келді, төре келді» деген даладан дауыс естілді.

Өзім көп төренің ішінен келген адам, төремен жұмыс болған жоқ, мен үйде жата бердім.

Жаңада келген соң ауыл мені де құрметтейтін-ді. Тіпті комиссардан кем көрмейтін жерлері де болатын.

Төрелер түскен үйге мені де шақырды.

Бардым.

Төре дегені налог жинайтын немесе болыстық милициялардың бірі шығар деп ішімнен ойлағам.

Олай болмады.

Жеті қанат киіз үйдің төрінде алдарында жуан сары аяққа құюлы қымыз. Арттарында бір-бір жастық. Шекелері қызып, қызара бөртіп отырған кәдімгі жаңа пікірлі талапкерлерімізден Достан мен Қасымбек. Және шоқша сақалды, дөңгелек жүзділеу, орта бойлы, ақ құбаша тығырайған бір кісі. Жасы 30-40-дың арасында. Мұртының ортасы ұстарамен қырылған, екі жақ жебесі кішкене тікірейіңкіген соң қайшымен қысқартып қойған. Әңгімені сықпыртып отыр. Мен барған соң кішкене бәсеңдейін деді.

Жазғытұрғы мұсылман руханилар (молдалар) мәжілісінің қаулысы бойынша әр болысқа бір имам (молда) сайлауға шыққан беттері екен-ау.

Достан кішкене ұялайын деді, білем, жалтақтап қарай береді.

Мен оларды ұялтқандай сөз айтқым келмесе де істеріне ырза болмай, соларға тиетін бірсыпыра пәлсапалар соқтым. Молдалар ләм-мим деп аузын ашқан жоқ.

Бұрын Достан арсалаңдап, қалжыңдап ойнай беретін-ді. Бұл жолы амандық сұрасқаннан басқа аузын ашқан жоқ.

Мен келерде айтып отырған шариғаттары бар еді. Аяғын көмескілеу қылып жіберді білем. Онша түсінікті болып шықпады.

Сойылған тоқтының еті желініп, біраз қымыз ішілді.

Талай айтуға қырланып, айтқаным жоқ.

Әйтпесе, «Дін адамды бұзады, өте-мөте жастарды жаңа рухпен өсіру керек» деген Достанның сөзі бар еді. Шіркін, замандас қой, ұялтып не қылайын дедім.

Өздерінше адамдарын сайлап алып, лаумен тағы бір жаққа жүріп кетті.

Жанындағы аққұбаша кісі уездік мұтағасып білем, – деді.

– Мұтағасып деме! Ол «фанатик» деген сөз, «мұхтасип» шығар, – дедім.

– Мен қайдан білейін жұрт сүйдейді.

Олардың бір қызық жері – сол молдалар пайдасына елден салық жияды екен. Еңбектеніп шашқан астығының құшырын тағы да сол сықылды жию ретімен елдің сорын қайнататын көрінеді.

Жүрген жерінде кілең байларға түсіп, тоқты жеу; байлардың шашбауын көтеріп, сөзін сөйлеу. Жеккен лаулары кедейдің мәстегі. Не қыласың, бүлдіріп-ақ жүрген көрінеді.

«Міне, бұқара халыққа жол көрсетіп, басшы болады деген мұғалімнің қылығы. Елдегі шаруа халықтың қараңғылыған пайдала­нып, өз бастарының сыйлы болуы үшін ар-ұятын айырбастап, екінші жолға түскені. Бұларды көрген ел жастары неғып оңар? Бірақ кейінгі жас буындарды теріс жолға түсірмей, олардың қарамағынан алу керек» , – деді Ермек.

«1919-шы жылғы санаулы мұғалімдердің бірі еді. Шынымен ескі қалыпқа кіріп, дін жолын ұстағаны ғажап екен», – дедім.

Жөнеу.