Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Зейнетақы жинағы: Бүгін де, ертең де қажет қаржы

673 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тың идея айтты. Президент зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа жұмсау тетігін қарастыру қажет екенін жеткізіп, Үкіметке арнайы тапсырма берді. Енді жыл аяғына дейін Үкімет зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алу немесе білімге арнау мүмкіндігін қарастырып, арнайы тетіктер енгізуі тиіс.

Зейнетақы жинағы: Бүгін де, ертең де қажет қаржы

Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі зейнетақы жүйесін дамытуда қордаланған мәселелер көп екенін айтты. Сонымен қатар зейнетақы жинағы қазіргі таңда жеткілікті екенін, бірақ 10 жылдан соң жағдай күрт өзгеруі мүмкін екенін тілге тиек етті. Ел ішінде өзінің зейнетақы жинағын кәрілік келгенін күтпестен, қазір-ақ пайдаланғысы келетіндер бар екенін атап өтті. «Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде бас­пана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын», деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы көптің көкейінде жүрген жай­ды дөп басқан жайы бар. Өйт­кені көпшіліктің арасында «зей­нетақы жинағындағы қаржы­ны қарттықты күтпей-ақ қазір пайдалана беруге болмай ма?» деген сауалдың бол­ғаны белгілі. Бірақ бұл бас­та­ма­ның да өзіндік ерекшеліктері бар.

«Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қоры» АҚ деректеріне қа­рағанда қорда 10 млн 517 мың­нан астам адамның атына есепшот ашылған. Қазір қорда 10 трлн 166 млрд 570 млн теңге көлемінде қаржы тұр. Аз ақша емес. Алайда бұл қар­жы ертең зейнетақы ретінде үлес­тірілетінін, бақуатты қарттық­тың кепілі екенін ескерген абзал. Дегенмен, еліміздің әлеуметтік мемлекет ретінде ха­лық­тың жағ­дайын жақсартуға ұм­ты­луы да орынды. Сондықтан Прези­денттің тапсырмасын ел хал­қының жағдайын жақ­сарту, баспана мәселесін шешу бағы­тындағы балама тәсіл ретінде бағалаған абзал әрі бұл баста­маның жанама әсерлері де бар.

Біріншіден, зейнетақы қо­рын­дағы қаржының бір бөлігін бас­пана алу мен оқу ақысын төлеу тәрізді мақсаттарға пайдалану азаматтардың зейнетақы жин­а­ғына ықтиятты болу дағдысын қалыптастырады. Әзірге 10 млн салымшының 68 пайызы немесе 6,8 млн адамның шотында 1 млн теңгеге жетпейтін қаржы бар екенін ескерсек, аталған бас­тама зейнетақы жинақтау ісін жандандырары сөзсіз. Өйткені 1 млн теңгенің баспана түгілі, көліктің жарты бағасына да жетпейтінін екінің бірі біледі. Демек, оны Үкімет үлестіріп бере салмасы анық. Сондықтан рес­ми түрде «өзін өзі жұмыспен қамтушылар» деп аталатын әлеуметтік топ та, кәсіпкерлер де, қосымша табыс табатын азаматтар да осы бастамадан кейін зейнетақы жарнасының маңызды екенін сезініп, табыстарының бір бөлігін жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға белсене кірісуі мүмкін. Екіншіден, бұл бастама зейнетақы жинақтау жүйесіне деген сенімді нығайтады. Себебі осы күнге дейін қордағы қаржыны азаматтардың алу мүмкіндігі шектеулі болатын. Азамат өзге елге кетіп қалса және өмірден озса ғана жинақтағы салым иесіне немесе мұрагеріне берілетін. Одан бөлек жинаған қаржысы мол адамдар зейнетке ертерек шығуға мүмкіндік алатын. Егер жинақтағы қаржының бір бөлігін азаматтар нақты мақсаттар үшін пайдалануға мүмкіндік алса, жүйеге деген сенім де нығаяды. Бір сөзбен айтқанда, Президент бастамасының жан-жақты әсері болайын деп тұр.

Біздің бұл пайыммен бірқатар сарапшы да келісіп отыр. Экономика ғылымдарының кан­ди­даты Қайрат Бодаухан ұсыныс­тың бірқатар нәтижелі тұсы бар екенін айтады. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсы­нысы халықтың зейнетақы қорына қаржы аудару ынтасын арттыратын болады. Егер қордағы қаржыны пайдаланудың нақтылы тетіктері жасалса, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуіне мүмкіндік ашылары сөзсіз. Дегенмен, мемлекет маңызды әлеуметтік мәселелерді шешудің негізгі тетіктерін белгілесе, бас­пана мәселесін шешуге, яғни Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана алудың бастапқы жарнасы ретінде тура есепшотқа аударатын тетік жасаса, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұтымды жобалары болса, бастапқы «капитал» ретінде қабылдап, әрі қарай жеңілдетілген несие беруге мүмкіндік беретін тетіктер белгілесе, оқуға түскен балаларының оқу төлемін өтеуге берілсе және сол сияқты өзге де тетіктер болған жағдайда ғана халық дұрыс бағытта пайдалану мүмкіншілігіне ие болады» дейді экономист. Сонымен қатар сарапшы зейнетақы қорындағы аз соманы қолға беруден мемлекет те, жеке адам да ұтпайтынын айтады. Демек, алдымен қаржыны нақты мақсаттарға жұмсауға мәжбүрлейтін тетік әзірленуі тиіс. «Ондай болмаған жағдайда қаржыға мұқтаж жандар онсыз да мардымсыз ақшаны баласының тойына, шетелге демалуға, құда күтуге жұмсайды деген күдік бар. Соңында мемлекеттен жәрдем сұрап, әлеуметтік проб­лемалар қатары арта түсуі бек мүмкін» деді Қайрат Бодаухан. Ал экономист-қаржыгер Сапарбай Жобаев болса Президенттің бас­тамасына қатысты екіұшты пікірде екенін айтты. Өйткені «алмақ­тың да салмағы» болатынын ескеру керек дейді сарапшы. «Мен қор қаржысын өзге мақ­сатқа пайдалануды оншалықты қостай қоймаймын. Зейнет­ақы қорының аты мен мақсаты ондағы қаржыны зейнетке шық­қан шақта қолдану керек екенін көрсетеді. Өте мұқтаж жандар­ға және инвестиция үшін, атап айт­қанда үй алу, балаларды оқыту сияқты қажеттілік үшін пайдала­нуға ғана рұқсат етілсе болады. Өзге мақсатта пайдалануға жол беріл­мегені дұрыс. Сонымен қатар жинақтағы қаржыны пайдала­нудың ережелері жасақталуы керек. Меніңше 40-45 жасқа толма­ған­дарға баспана алу үшін зей­нетақы жинағындағы қаржы­ны пайдалануға рұқсат беру­дің қажеті жоқ. Олар баспана мәсе­лесін өз қаржыларымен және ипотекамен шешеді. Ал 45-50 жастан асқандарға жинақ қаржының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берген дұрыс шығар. Өйткені олар зейнетке шыққанға дейін бас­пана мәселесін шешіп алғандары жөн», деді экономист.

Жалпы бастама көңілден шық­қанымен, Үкімет жан-жақты пысық­тауы тиіс мәселелер де бар екенін ескеру керек. Атап айт­қанда, қазіргі таңда Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың 68 пайызының немесе 6 млн 800 мыңнан астам адамның жиған-тергені 1 млн теңгеден аз, 26 пайызының немесе 2,6 млн адамның жинағаны 1 млн-нан 5 млн теңгеге дейін ғана. Жинақтаушы зейнетақы қорына 20 жыл бойы қаржы аударып келе жатқан азаматтардың ішінде әйелдер орта есеппен 3,5 млн, ерлер 5 млн теңге жинайды. Олардан бөлек жинақтаған қаржысы жоғары деңгейге жеткен азаматтар да бар. Олардың саны шамамен 100 мыңдай болады. Яғни, жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотында 10,1 млн теңгеден асатын ақшасы бар ерлер мен 8,2 млн теңгеден асатын қаржысы бар әйелдер ғана жинақтарының бір бөлігін баспана мен оқу үшін жұмсай алады. Өйткені аталған сомалар зейнетақы төлеуге жеткілікті сома болып есептеледі. Одан артылғанын қазіргі нормалар бойынша пайдалануға теориялық болса да мүмкіндік бар. Алайда мұндай көлемдегі табысқа қол жеткізгендердің орташа жалақысы да жоғары болатынын ескерсек, бәлкім олар үшін баспана мәселесін шешу өзекті емес те шығар. Өйткені 20 жылда 10 млн теңге жинау үшін ерлердің орташа жалақысы 416 мың, әйелдердің айлығы 330 мың теңгеден кем болмауы керек. 20 жыл бойы! Ал біздегі 170 мың теңге шамасындағы орташа жалақы арқылы зейнетақы қорына 5 млн теңге жинау үшін 30 жылға жуық уақыт керек. Міне, мәселенің екінші жағы осындай. Содан да болса керек, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Президент тапсырмасын орындау үшін әлі біраз мәселені пысықтау қажет екенін атап өтті. Ол журналистерге жыл аяғына дейін Ұлттық банктің Үкіметпен бірлесіп жағдайды бағамдап, оңтайлы жүйе енгізетінін айтты. Сондықтан әзірге асықпауға кеңес берді.