Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Ақпараттық қауіпсіздік қашанда назарда

1118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылық кеңестің «Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігінің өзекті проблемалары» атты отырысы өтті.

Ақпараттық қауіпсіздік қашанда назарда

Алқалы жиынға Президент көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов төрағалық етті. Отырысқа ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мемлекеттік органдардың бас­шылары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Аста­на» халықаралық университетінің ғалым­дары мен сарапшылары, Қазақстан­дық ақпараттық қауіпсіздік ассоциа­циясы, Қазақстанның Интернет Ассо­циа­циясы, Қазақстандық медиа-альянсы, Өңірлік БАҚ-тардың альянсы, Кибер­шабуылдарды зерттеу және талдау орталығы, сондай-ақ ақпараттық техни­калық қорғау құралдарын дайындайтын отандық өндірушілер өкілдері қатысты.

Сөз тізгінін ұстаған Қалмұханбет Қасымов ақпараттық қауіпсіздік мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі элементі екенін, оның аталған саланың қауіпсіздіктің экономикалық, қоғамдық, саяси және басқа да түрлеріне тікелей әсер ететінін баса айтты.

– Бұл кешенді тақырып екі үлкен блоктан тұрады. Біріншісі, ақпараттық кеңістіктің деструктивті әсерден қорғалуы болса, екіншісі – байланыс және ақпарат арналарының техникалық қорғалуын қамтамасыз ететін кибер­қауіп­сіздік. Екі аспекті өзара тығыз бай­ланысты. Соңғы жылдары ұлттық қауіп­­сіздіктің негізіне айналған ақпа­раттық қауіпсіздік саласында елеулі өз­герістер болды. Ол қауіпсіздіктің қо­ғамдық, экономикалық және саяси сияқты басқа да түрлеріне тікелей ық­палын тигізуде. Ақпараттық алаң құрылымының түбегейлі өзгерісінде ең алдымен әлеуметтік желілер әлеуетінің күшеюі маңызды рөл атқарады. Ол халықтың басым бөлігі үшін ақпарат көзі және қарым-қатынас құралы болып отыр. Азаматтар жаңалыққа осы алаңнан қанығып, әлемге әлеуметтік желілер арқылы қарайды. Әлеуметтік желілер басқа БАҚ-тардан деструктивті әсер етуімен ерекшеленеді. Қазір кез келген пайдаланушы хабар тарата алады. Мұның барлығы бұрмаланған және қате ақпарат таратуға қолайлы жағдай жасайды, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы.

Басқосуда сарапшылар мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы коммуникацияның өзекті мәселелері, мемлекеттік ақпараттық саясаттың басымдықтары, елдің ақпараттық қауіпсіздігінің тәуекелдері мен сын-қатерлері туралы ойларын талқыға салды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайту, қазақстандық БАҚ-тардың бәсекелестігін арттыру және медиа кеңістігін реттеу мәселелерінің заманға сай жаңа тәсілдері туралы кеңінен баяндады.

Ал қазақстандық медиа-қоғамның және Интернет-қауымдастықтарының өкілдері әлеуметтік желілердің бұқа­ралық ақпарат құралдарына балама ретінде артып келе жатқан рөліне назар аударды. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер халық үшін ең қолайлы ком­муникация құралы болып отыр. Соны­мен қатар оның теріс әсері бар екені рас. Осыған қарай тұрақсыздық туын­да­татын жалған ақпараттар мәселе­сіне де мән берілді. Аталған бағыт­та Сарапшылық кеңес медиа-қоғамдас­тық­тың ақпаратты жасау және тарату мәселесінде жауапкершіліктерін көтеруге шақырды.

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қал­мұханбет Қасымов Қазақстанның даму жолындағы күрделі тарихи кезеңінде мемлекетке және қоғамдық институттарға бірлесіп ақпараттық кеңістіктің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, сыртқы теріс ықпалдарға жол бермеу мәселелері маңызды екенін атап өтті. Сарапшылық кеңестің қоры­тындысы бойынша жетекші мамандар ақпа­раттық қауіпсіздік саласындағы мем­лекеттік саясатты жетілдіруге ба­ғыт­талған ұсыныстар кешенін пы­сық­тады.