Мемлекеттік холдингтердің тиімділігі тексеріледі
Бюджеттік-қаржылық бағыт бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады.
Президент Жолдауында 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін кемінде 5% деңгейде тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрылымдық өзгерістерді іске асыру қажеттігі айтылған еді. Ә.Смайылов бұл үшін экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмыс жалғасатынын, мемлекеттік органдардың да, квазимемлекеттік сектордың да қызметіне функционалдық талдау жүргізу жанданатынын айтты. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік сарапшылардың зерттеулері мұқият талданбақ.
Оның айтуынша, басым міндеттердің бірі – квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өткен 14 жылдағы халықтың әл-ауқатының өсуіне қосқан нақты үлесі бағаланатын болады. Үкімет Есеп комитетімен бірге үш айлық мерзімде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізеді», деп нақтылады Ә.Смайылов.
Жұмыссыздықты азайту және ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеру шеңберінде Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Осы жылдың соңына дейін микро және шағын бизнес субъектілерін негізгі қызметі бойынша үш жыл мерзімге салық төлеуден босатуға заңнамалық негіз әзірленеді. 2020 жылдың қаңтарынан бастап оларды тексеруге үш жылдық тыйым салу күшіне енеді.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі, ол да шағын бизнесті ынталандыруға бағытталған. Маңызды міндеттердің бірі – бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру. Осыған байланысты Ұлттық банкпен бірлесіп ағымдағы жылдың соңына дейін Ұлттық қорды инвестициялау және пайдалану сапасын арттыруға қатысты нақты ұсыныстар әзірленбек. Қаржы министрлігі кедендік әкімшілендіруді жақсарту және күшейту жөніндегі кешенді жұмысты жалғастырады. Мемлекеттік сатып алу жүйесі де одан әрі жетілдірілетін болады.
«Аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлері жергілікті маңызы бар міндеттерді шешуде экономикалық жағынан неғұрлым дербес болуы үшін тиісті заңнамалық актілер қабылданады» деді Ә.Смайылов.
Білім сапасы – басты назарда
Білім беру мәселесі бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2019 жылдың соңына дейін «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы және азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жасалады. Сондай-ақ жыл соңына дейін кәсіптік диагностика мен оқушылардың болашақ мамандығын таңдау бағдарын ескере отырып, орта білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда. Қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша шаралар кешені 2020 жылы әзірленеді. Шағын жиынтықты мектептерді қаржыландырудың жаңа моделі мен тетігі, «мобильді мұғалім» жобасы жасалады, ұқсас мамандықтар бойынша педагогтарды даярлау шаралары енгізіледі.
Ауыл мектептерінде мұғалімдердің жұмыс жағдайын жақсарту үшін өзгерістер енгізіледі. Үкіметке дарынды балаларды қолдау картасын әзірлеу, сұранысы жоқ мамандарды даярлау жағдайын талдау тапсырылды» деді Б.Сапарбаев.
Зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдері 2019 жылдың соңына дейін қайта қарастырылады. Жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі туралы, сондай-ақ бюджеттен тыс әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін (бірыңғай әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлемді енгізу арқылы) шоғырландыру бойынша ұсыныстар дайындау 2020 жылға жоспарланған.
«Балаларды қорғаудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді. Осы тұжырымдама бойынша балалар арасындағы қылмыс пен суицид көрсеткішін төмендету көзделген. Аталған бағыттағы жұмыстар жергілікті билік органдарымен бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар балалардың жағдайын жақсарту индексі артады» деді Б.Сапарбаев.
Зорлық-зомбылықты бастан өткерген балаларды қолдау үшін өңірлерде балалар орталықтары ашылмақ. Аталған тұжырымдама аясында әйелдердің құқығын қорғау шаралары да қарастырылатын болады.
Тұрғын үй кезегінің бірыңғай базасы жасалады
Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек тұрғын үй, сумен жабдықтау, көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, автожолдар мен авиабилеттердің қолжетімділігі мәселелері жөнінде баяндады. Қазіргі таңда баспана алу үшін әкімдіктерде 512 мыңға жуық адам кезекте тұр екен. Биылғы жылдың соңына дейін Кезекте тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасы енгізіледі. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында, бірінші кезекте көп балалы отбасыларға жалға берілетін баспаналар беріледі.
«Бұл үшін біз 2025 жылға дейін жыл сайын 50 млрд теңге бөлеміз. Жыл сайын 3,7 мың кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал адамдарды сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге 32,8 млрд теңгеден бөлу қарастырылған. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 6 мың несие беруге «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы үш жылда 50 млрд теңге бөлінеді» деді Ж.Қасымбек.
Жолдауда айтылған мәселелердің бірі авиабилеттерге қатысты. Тариф құнын түсіру мақсатында биылғы мамыр айында алғашқы отандық төмен бюджетті тасымалдаушы «Fly Arystan» жұмысын бастағаны белгілі. Жыл соңында «Fly Arystan» рейстер санын күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыру жоспарланып отыр.
«Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-мен бірлесіп, Үкімет әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында «Эйр Астана» және «Qazaq Air» авиакомпанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр. Темір жол билеттерінің жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында билеттерді сатуды цифрландыру жүргізілуде, билеттерді сату тәртібін реттейтін норма енгізілді, темір жол көлігімен жолаушыларды тасымалдау жүйесін жетілдіру жоспары жасалды», деді Ж.Қасымбек.
Ол «Ауыл – ел бесігі» жобасының шеңберінде халықаралық сарапшылармен және өңірлермен бірлесіп ауылдардың әлеуетін анықтаудың жаңа әдістемесі әзірленгенін жеткізді. Соның нәтижесінде даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктелді. Бұл ауылдарда 6,6 млн адам немесе еліміздегі ауыл халқының 85%-ы тұрады. Ағымдағы жылы 30 млрд теңге бөлінді, олар 700 мыңға жуық адам тұратын 53 ауылдың бірінші кезектегі инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталған.
Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, Президент тапсырмасы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 2020-2022 жылдары қосымша 90 млрд теңге бөлінетін болады.
Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруды толығымен қаржылай қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін айтты.
«Президент тапсырмаларын орындауға барлық бірінші басшылар дербес жауапты екенін есептеріңізге саламын. Әрбір тапсырманың орындалуы қатаң бақылауға алынып, нақты орындалатын мерзімі белгіленуі қажет. Біз қойылған міндеттерді тиімді атқару үшін үйлесімді жұмыс жүргізуіміз керек», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы 7 қыркүйекке дейін Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлеуді тапсырды.
Орақ науқанына екпін берілді
Сондай-ақ Үкімет отырысында күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу барысы қаралды. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.
Жалпы, көктемгі егіс жұмыстары мен орақ науқанын қаржыландыруға 60 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие, 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген, жанар-жағармай бағасы нарықтағыдан 15 теңгеге арзан. 3,1 млн гектар аумақта ауылшаруашылық дақылдарын өңдеуді қолдау үшін 2169 АӨК субъектісі қаржыландырылды. С.Омаров атап өткендей, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 1 млн тоннаға дейін астық сатып алуды жоспарлап отыр. Министрліктің мәліметінше, биыл сапасына қарай астықтың бағасы бір тоннасына – 62 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін барады.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша егін жинау жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. 2019 жылы ауылшаруашылық дақылдары егілген аумақ көлемі – 22,2 млн гектар (2018 жылғыдан 206 мың гектарға артық). Дәнді дақылдар – 15,4 млн гектар (оның 11,4 млн гектары – бидай), майлы дақылдар 2,9 млн гектар алаңға, мақта – 131,1 мың гектарға, қант қызылшасы – 19,6 мың гектарға, бақша дақылдары – 452,4 мың гектарға, жем-шөп дақылдары – 3,3 млн гектарға егілген. Жамбыл, Түркістан облыстарында дәнді дақылдарды жинау аяқталуға жақын. Бұл өңірлерде астық түсімі орта есеппен гектарына 19 центнерден айналды. Жалпы, еліміз бойынша 4,5 млн гектар аумақтан дәнді дақыл жиналды. Орташа түсім 11,5 центнерден айналып, 5,2 млн тонна астық бастырылды.
Премьер-Министр Асқар Мамин егін орағын сапалы және уақытында өткізу, бірінші кезекте ауылшаруашылық өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
«Егінді жинап бітуге уақыт аз қалды. Негізгі астықты өңірлерде ауа райы тұрақсыз болып тұр. Сондықтан егінді уақытында жинаумен қатар, жұмысты барынша шығынсыз орындау өте маңызды. Жалпы, егін орағы науқанының барысы жаман емес. Үкімет тарапынан қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешім қабылданды» деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы астық сақтау кәсіпорындарының өнімді қоймаға уақтылы қабылдауы қажеттігіне және жиналған астықты сақтаудың тиісті шараларын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.