Дөңгелек үстел барысында сарапшылар Жолдаудың Қазақстан халқының мұң-мұқтажын, сұранысы мен өзекті мәселелерін ескеріп, нақты шешім жолдары мен арнайы шараларды қарастырғанын атап өтті. Жиын модераторы-саясаттанушы Ерлан Саировтың айтуынша, Жолдаудың тарихи маңызы зор. «Ең алдымен, бұл заңды сайланған екінші Президентіміздің алғашқы халыққа Жолдауы, яғни, біз қоғамдық-саяси дамудың белгілі бір белесін бағындырдық. Екіншіден, Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуы жан-жақты қозғалған. Ал Қазақстанның экономикалық дамуы қоғамдық-саяси саланың жаңғыруынсыз мүмкін емес», деді саясаттанушы.
Дөңгелек үстел қатысушысы, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған «Жолдаудың маңыздылығы – халықтың сауалына жауап бергені» деп атап өтті. «Жолдауда айтылған сыбайлас жемқорлықпен күрес пен Қазақстанның экономикалық дамуы, шикізаттың шетке кетуі мәселелерін ерекше атап өткім келеді», деді Б.Аяған. «Жолдауда жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге нақты қадамдар ұсынылған. 90-жылдары Қазақстан алдына қойылған саяси-экономикалық мәселелер басқа болса, қазір еліміздің алдында әлемдегі озық мемлекеттерден қалмай, дамыған елдердің қатарына қосылу мақсаты тұр», деді ол.
Ресейлік сарапшы, Мәскеу қаласы Еуразиялық коммуникация орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Алексей Пилько Жолдауда көтерілген төрт басым бағытқа тоқталды. «Біріншіден, қоғамдық диалогтың механизмдерін жетілдіру туралы көп айтылды. Билік пен қоғам бір-бірін түсіне білуі керек, кері байланыстың болуы маңызды. Бұл ретте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі елде туындаған түйткілді мәселелерді анықтап, оларды алғашқы сатыларда шешеді», деді сарапшы. Жолдауда айтылған көппартиялы саяси жүйе бәсекелік ортаның пайда болып, қабілетті және үздік басшылардың іріктелуіне алып келетінін айтты. «Посткеңестік елдер арасында Қазақстан бірінші болып саяси транзитті бастады. Қазақстаннан кейін бұл жолды жүріп өтетін Ресей, Беларусь және өзге де елдер үшін жеңілірек болмақ», деді Алексей Пилько.
Жиын қатысушысы саяси ғылымдардың кандидаты Елена Нечаева биылғы Жолдауда қоғамда талқыланып жатқан ең өзекті мәселелерге басымдық беріліп, шешу жолдары қарастырылғанын баса айтты. Оның айтуынша, бұл – билік қоғамда туындаған сауалдар мен әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптарды және халықты мазалаған мәселелерді мұқият саралап отыр деген сөз. Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, зейнетақы секілді әлеуметтік-экономикалық мәселелердің жан-жақты қарастырылғанын атап өтті. «Ең бастысы, биылғы Жолдау бір-бірімізді тыңдап үйрену керек екенімізді көрсетті», деді Елена Нечаева.
Шара барысында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина елімізде азаматтармен кері байланыс қалай жүретініне тоқталды. Сарапшы жергілікті әкімдіктердің жұмысын бағалауда халықтың пікіріне жүгіну өте маңызды екенін айтты. Алайда тұрғындар көп жағдайда шағым немесе өзге де сауалмен өз аймақтарындағы тиісті мекемелерге барудың орнына, бірден орталық органға жүгінеді екен. «Бұл – өңірлерде халықпен кері байланыс орнатуды қолға алу керек екенін білдіреді», деді маман. Деректерге сәйкес, соңғы бес жылда азаматтардың сұрауы мен шағымдар саны едәуір көбейген және бұл тенденция алдағы уақытта да жалғаса бермек. Әлі күнге дейін жазбаша сұраулардың көрсеткіші жоғары екен. Сондықтан сарапшы Жолдауда көрсетілген басты бағыттардың бірі – халықпен байланыс орнатуда электронды сұрау салу деңгейін ұлғайту керек екенін атап өтті. Әсіресе аймақтарда билік пен халық арасындағы диалогты одан әрі нығайту үшін электронды үкіметті пайдалануды дамыту керек деп есептейді.
Сонымен қатар жиынға қатысқан бірқатар сарапшы білім беру жүйесіндегі реформалар мен олардың маңыздылығына тоқталды. Тарих ғылымдарының кандидаты Жасұлан Нұрбаев саладағы оң өзгерістерді айта келе, шалғай ауылдардағы талапқа сай келмейтін мектептердің жабылуы үлкен қалаларға халықтың жаппай көшуі, урбанизация мәселелерінің ушығуы мен қалаларда мектептердің жетіспеуі секілді қиындықтарға алып келетінін алға тартты. Ал Еуразия ұлттық университетінің «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі Индира Рыстина «Білім саласындағы реформаларды іске асырудың барлық күші оқытушылар мен мұғалімдерге түседі. Сол себепті оларға көрсетілген қолдау өте маңызды деп есептеймін», деді.
Жиын соңында қатысушылар Президент Жолдауы уақыт талабы мен қоғам сұранысына толықтай жауап береді деген қорытындыға келді.