Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Эволюциялық даму жолы жалғаса береді

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа саяси маусымдағы көпшілік асыға күткен оқиға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы болды.

Эволюциялық даму жолы жалғаса береді

Құжатта назар салар бір­қа­тар маңызды бағытқа тоқ­тал­сақ, біріншіден, Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың алғашқы Жол­дауы Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев­тың мем­лекеттік курсының стра­те­гия­лық жолын жалғап, елімізді жаң­ғыртудағы басым бағыттар бо­­йынша сабақтастықты сақ­тай­ды. Бұл – қоғамдық күш­тер­ді ны­ғайту, мемлекеттік аппа­рат­тың тиімділігін арттыру, ша­ғын және орта бизнесті қол­дау, аза­маттардың әлеуметтік ахуалын көтеру, агроөнеркәсіп саласын да­мытуды ынталандыру және т.б.

Екіншіден, Жолдауда ха­лық­тың нақты сауалдарына жауап іздеу мен ұзақмерзімді сипат­тағы жүйелі шаралар ара­сын­да теңгерім көрініс тап­қан. Мәселен, бұл ретте бір жа­ғы­нан темір жолдағы жолау­шы­лар тасымалындағы билет тап­шылығы мәселесін, екінші жағынан салық және зейнетақы жүйесін оңтайландыру мәселесін айтуға болады.

Үшіншіден, экономикалық өсімді ынталандыруда мейлінше тиімді тетік ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға ба­сым­дық беру тағы да назарға алынып отыр. Отандық экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін дамыған елдердегі деңгейге, яғни 50-60%-ға жеткізу туралы біз бұрыннан айтып келеміз. Экономикалық өрлеуге келгенде шағын және орта бизнес жаңа қозғаушы күшке айналуы тиіс. Жолдауда шағын және орта бизнесті қолдау бо­йынша ең өзекті қадамдар жария болды. Шағын және орта бизнес субъектілерін 3 жылға салықтан босату, мемлекеттік тексерістерге үшжылдық мораторий енгізу, «Бизнестің жол картасы» аясында 250 млрд теңге бөлу туралы шаралар қарастырылмақ. Тұтастай алғанда, аталған қа­дамдар жекеменшік кәсіпкерлікті дамытуға оң әсер етіп, сапалы жағдай жасалуына сеп болмақ.

Төртіншіден, менің ойымша, қоғам мен билік арасындағы тікелей диалогты күшейтуге ба­ғыт­талған әрекеттер назар аударуды қажет етеді. Мемлекет басшылығы азаматтық сектормен берік байланыс орнатуға даяр екендіктерін аңғартумен қатар, өз ниетін нақты шаралар арқы­лы бекіте түспек. Мысал ретінде, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен бөлек, митинг туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі кешенді шараларды келтіруге болады. Ел басшылығы халықтың аза­маттық және саяси белсенділігін оң қабыл алып, тек заң шеберінен шығып кетпеуге шақырды.

Екінші жағынан, жергілікті органдар мен халық арасындағы байланыстың тиімділігін арт­ты­руға барынша көңіл бөлінген. Бұл ретте, меніңше, жергілікті би­лік жұмысының тиімділігін ба­ғалау жүйесі оң әсерін беруі тиіс.

Жалпы алғанда, бұған дейінгі жылдары оң нәтижесін берген ел дамуының негізгі үлгісі сақталып отыр. Біз Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының жолға қойған стратегиялық өрлеу бағы­тындағы эволюциялық даму жолын әрі қарай жалғай түсеміз.

 

Ержан САЛТЫБАЕВ,

Әлемдік экономика және саясат институтының директоры