Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Жаңа бағытқа бастаған Жолдау

397 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Парламент палата­ларының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялап, еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді атады. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы мен білім алушы жастары Президент Жолдауын үлкен ықыласпен қабылдады.

Жаңа бағытқа  бастаған Жолдау

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақы­ры­бындағы тұңғыш Жолдауында ел Президенті қоғамның барлық саласын қамтып, ашық азаматтық қоғамды дамыту, білім, ғылымды өркендету мен әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздің әлемдегі беделді әрі орнықты  мемлекетке ай­налуы Тұңғыш Президент – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың  жүр­гізген көреген саясатының жемі­сі мен жеңісі екенін айрықша атап өттті. Жолдауда «Заманауи тиім­ді мемлекет», «Құқықтық қамта­масыз ету және азаматтардың қауіп­сіздігі», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеу­меттік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты аймақтар – қуат­ты мемлекет» деген бес маңыз­ды сала қамтылып, аталған бағыт­тар­да қордаланып қалған мәсе­лелерді шешу жолдары нақты белгіленген.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды жаңа бағытта дамыту үшін қолға алынатын ре­фор­малардың барлығы Елбасы  сая­сатының сабақтастығын сақ­тау арқылы жүзеге асырылаты­нын айтты. «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі», деп атап көрсеткен Президент, бү­гінгі микробизнестің еліміздің әлеу­меттік-экономикалық және сая­си өмірінде маңызды рөл атқарып отырғанын айтты. Кәсіпкерлікті дамыту жұмыссыздықты азайтып, мемлекетке деген масылдық пси­хологиядан арылуға мүмкіндік береді. Осы орайда бизнесті қол­дау мақсатында Ұлттық қор­дан 100 млрд теңгеге жуық қар­жы бөлініп отырғанын айтып, соны­мен қатар микро және ша­ғын бизнес компанияларын табыс­қа салынатын салықтан үш жыл­ға босату туралы Үкіметке заңды негіз құруды тапсырды. Жол­дауда атап көрсетілгендей, эконо­ми­каны әртараптандыру мақ­сатында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қосымша 250 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл өз кезегінде отандық агро­өнеркәсіптік кешенінің дамуына да оң ықпалын тигізбек.

Мемлекет басшысының айтуынша, бірқатар құрылымдық мін­деттер тиімді іске асырылатын болса, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұ­рақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге  жеткізуге бо­лады. Сондай-ақ шикізатқа бай­ланған менталитеттен бас тар­тып, бар күшті өндіруші елге ай­налу міндетіне жұмсау, еңбек өнім­ді­лігінің нақты өсімін кемінде 1,7 есеге арттыру керектігі баса ай­тылды. Халықты қатты тол­ған­дырып жүрген ең негізгі мәселеге арнайы тоқталып, жердің бір те­лімі де шетелдіктерге сатылмайты­нын және оған заң жүзінде тыйым салынатынына кепілдік берді. Жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, ауыл инфрақұрылымын жақ­сар­туға байланысты «Ауыл – ел бесі­гі» бағдарламасына биыл бөлін­ген 30 млрд теңгеге қосымша алда­ғы үш жылға қосымша  90 млрд теңге бөлуді тапсырды. Ауыл­дың заманауи талаптарға жауап беруі – елдің азық-түлік қауіпсіз­дігін және өнеркәсіпке қажетті ши­кізатпен қамтамасыз етуге қабілет­тілігіне байланысты. Осы тұр­ғыдан алғанда ауылды көркейту ұзақ мерзімді стратегиялық мін­деттердің қатарында қала береді. Осы мәселеге баса назар ау­дарған Президент «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа дең­гейде жалғастыру қажеттігін айтты. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржы­ландыруды 20 млрд теңгеге жеткі­зуді тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе – ел бюджетін екі негізгі мақсатқа бағыттау. Яғни, экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік саладағы басты мақсаттың бірі – білім беру сапасын жақсарту, сонымен қатар мамандар даярлаудың отандық жүйесін қалыптастырып, оның нақты еңбек нарығымен байланысын күшейту. Жолдау міндеттеген тапсырмаларды орындау үшін елімізде білім мен ғылымға барынша көңіл бөлінуде. Бұл жолда жастарға патриоттық тәрбие мен заманға сай білім беретін жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жауапкершілік арта түспек. Сол себепті де мемлекет та­ра­­пынан білім-ғылым саласын қар­жыландыру өсуде. Мұ­­ның бәрі ең алдымен ел бола­шағы үшін атқарылып жат­қан игі бас­тамалар.  Жолдау – осы бас­та­ма­лардың негізгі кілті, қозғаушы күші.

90 жылдық даму тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­си­тетінің бүгінгі ұстанымы – мемлекетке жүк артпай, автономиялық басқару негізінде халықаралық байланыстарды күшейте отырып, елдің агроөнеркәсіптік кешенінде сұранысқа ие жаңа буын мамандарын даярлау. Бұл бағытта  университет ғалымдары тиімді менедж­мент қолдану арқылы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнына трансформациялануда.

Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситетінің ұжымы елімізді рефор­малаудың жаңа кезеңіне бас­таған нақты қадам болып отырған Қазақстан Президентінің тұңғыш Жолдауына айрықша назар аударып, жүктелген жаңа міндеттерді тиімді іске асыруға белсене қаты­сады деп толық сеніммен айта аламыз.

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі