– Кезінде тіпті Мұхтар Әуезов ҚазМУ-дің студенттеріне «Абайтану» пәнінен дәріс оқыды. Бұл Абайды насихаттаудың тамаша үлгісі еді. Абайтану ілімін паш етуді қазір қалай жалғастырып отырмыз? Мерейтой қарсаңында осындай тұстар екшеленіп, насихат барынша күшейтілсе екен. Абайды жаңа көзқарас тұрғысынан дәріптеу дәуірі енді басталды, – дейді ақын шығармаларын әлем оқырмандары назарына заманауи тұрпатта ұсынуды басты парызы санайтын әдеби агент Бақтыгүл Маханбетова. Осыған орай ол ұлы Абайдың 175 жылдығына дайындық барысы туралы баяндап берді.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын 2020 жылы жоғары деңгейде мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейін кешенді жаңғырту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Жарлыққа сәйкес Абай шығармаларының кең таралған негізгі шет тілдеріндегі сапалы аудармасын баспадан шығарып, халықаралық деңгейде насихаттау көзделуде. Ұлы ақынның торқалы тойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында мерекелеуді ұйымдастыру мәселесі көтерілді.
Біз Абай мұрасын әлемдік деңгейде ұлықтау мақсатында осынау іс-шараға өз ұсынысымызды қосуды жөн көрдік. Әлемнің отыздан астам тіліне шығармалары аударылған қазақтың бас ақынын, оның «Толық адам» ілімін алты құрлыққа таныту миссиясы алдымызда тұр. Оны жүзеге асыру үшін Абайдың 175 жылдығын 10 елде насихаттау мақсатында «Абайдың дара жолымен» атты мега-фестиваль турне жобасын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Абайтанушы ғалымдар, әдебиеттанушылар, ақын-жазушылар, суретшілер, өнертанушылар, мәдениеттанушылар, музыканттардың атсалысуымен жүзеге асырылатын халықаралық деңгейдегі іс-шараны қолға алу мемлекеттік маңызы бар мәселе екені анық. Жоба аясында 2019 жылдың қазан айынан 2020 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта он мемлекетке, атап айтар болсақ,Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Мысыр, Қытай, Армения, Мажарстан, Жапония, Ресей, АҚШ, Грузия елдеріне сапарлар қамтылған. Жалпы бағдарламаға қысқаша шолу жасайтын болсақ, әдебиетшілер үшін эссе жанры бойынша бір байқау, сондай-ақ ақындардың Абайға арнауы өз алдына бөлек бәйге ретінде өтпек. Абайтанушылар үшін дөңгелек үстелдер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, форумдар өткізу жоспарлануда. Абай ауданының зиялы қауымы ақынның отандастары атынан сәлемін жолдап, Абай мұражайынан тікелей эфирге шығып тұрады.
«Абай оқуларының» 20 жылдығына орай, көркемсөз оқу шеберлеріне жақсы бір мүмкіндік туып тұр. Абай поэзиясын жатқа білетін, «Қара сөздерін» жүрегімен сезінген жандар үшін де арнайы бәйге ұйымдастырылады. Қолөнер шеберлері өз көрмелерін ұсынса, суретшілерге Абай поэзиясы бойынша тақырыптық иллюстрациялар, портреттер байқауы жарияланады. Мәдениет бөлімі бойынша «Абай әндерінің тарихы» және «Бірге ән салайық» атты Қазақстан өнер шеберлерінің және танымал композитор Марат Омаровтың концерттері, Абай әндерінен флэшмобтар ұйымдастырылады. 2020 жылдың тамыз айында еліміздің бас қалаларында, сонымен қатар ақынның туған жерінде қорытынды форум, фестиваль өтеді деп күтілуде. Әділқазылар алқасы жоба барысындағы бәйгелердің жеңімпаздарын анықтайтын болады. Он ай бойы өткен шаралардан деректі фильм, ақындар арнауынан жинақ, абайтанушы ғалымдардың зерттеулері шет тілдеріне аударылып басылады деген ниеттеміз.
Ұлы Абайдың Конфуций, Нострадамус, Гете, Шекспир, Пушкинмен тең дәрежедегі даналығын, ағартушылығын, ойшылдығын, көрегендігін, кемеңгерлігін әлем халқына кеңінен насихаттау осындай ауқымды жобалардан тұрады. Ұйымдастыру комитетінің құрамында менен басқа тағы да Диляра Линдсей, Марат Омаров, Ксандра Силантье сынды белсенді тұлғалар бар.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемнің 114 тіліне аударылса, ұлы ақынды насихаттау ісі мұнан былайғы уақытта да үздіксіз жалғаса беретін болады. Осы миссиямызға орай қазақ ұлттық құндылықтарын әлемге таныстыру үшін серіктестік байланыс орнатуға ниетті екенімізді айтқымыз келеді. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарынан ақпараттық қолдау күтеміз. Осы ойларымызды жүзеге асыруға отандастарымыз да барынша атсалысады деген үміттеміз. Атқарылатын іс-шаралар, бірлескен ісіміз бен ынтымақтастығымыз жемісті болады деп сенеміз! «Абайдың дара жолымен» қоғамды ізгілендіруге бір кісінің баласындай жұмыла үлес қосайық!
Жазып алған
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ