Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Тері илеп, жүн түтудің шебері едік

1029 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ежелден малсақ халқымыз төрт түліктің өнімдерін кәдеге жаратып, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен пайдалана білген. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда тері мен жүн сияқты шикізаттың қадірі кетіп, қотанда шіруге айналды. Қазір ауылдарда тері тұздап, өңдеуге өткізетін ер-азамат, жүн түтіп, жіп иіретін әйел жоқтың қасы. Олардың маңдайтердің табысынан қағылуының себебі көп. Кейбіріне тоқталып көрейік.

Тері илеп, жүн түтудің шебері едік

Елімізде жүн және тері өңдеу өндірісін өнеркәсіптік, кәсіптік негізде дамыту тоқырап тұр де­се де болады. Тек делдалдар­ ға­на жекелеген адамдар мен шаруа қожалықтарынан малдың өнім­дерін арзанға сатып алып, негі­зінен Қытай еліне саудалап жүр. Осылайша ел тұрғындарының есіл еңбегінің пайдасын өзгелер көруде. Осыдан-ақ қолдағыны құнттай алмай, барды ұқсата алмай отырғанымыз анық көрінеді.

Соңғы жылдары бұл мәселеге ептеп болса да Үкімет пен тиіс­­ті ведомстволардың назар­ бұ­руы үміттендіреді. Пар­­ла­мент­ Мәжілісінің депутаты­ Вла­­­дислав Косарев елдегі ши­­­кі­­зат өндірісіндегі кейбір кемшіліктерді атап, бірқатар деректер келтірген еді. Ол тілге тиек еткен мәліметтерге сүйенсек, мы­нандай келеңсіз картина көз алдымызға елестейді. 2017 жылы жиналған мақтаның 89 пайызы (60 мың тонна) экспортқа шы­ға­рылып, жүннің үштен бір бөлігі ғана елде қалған. Сол жылы 2 мил­лион 846 мың бас ірі қара мал сойылыпты. Ал отандық зауыттарға тек 305 мың тері (10,7 пайыз) түсіп, 102,6 мың тері ғана (3,6 пайыз) экспортталған. Қал­ған 2 миллионға жуық өң­дел­меген тері мемлекеттік орган­дардың бақылауынан тыс қалған. Олар­дың негізгі бөлігі көлеңкелі жолдармен шекара асқаны жасырын емес.

Ауылдың құм-топырағында аунап өскендіктен, бұл жайт бәр­імізге жақсы таныс. Бала кезімізде ата­ларымыздың мал­дың терісін бүл­діріп алмай сылатынын талай көрдік. Сосын оны жайып, тұз сеуіп орап тас­тайтын. Оның да өзіндік әдіс-тәсілі болатын. Со­сын әбден иін қандырып илеп, қайыс тілетін. Нешеме өрімді қам­шы жасайтын. Әжелеріміз қой жүнін таза күйінде қапқа са­лып қоятын. Жіп иіріп, киіз ба­сатын. Өткізетін, болмаса та­уар­ға айырбастайтын. Тіпті мал­дың тұяғы, сүйегіне дейін кә­деге жарататын. Қалдықсыз тех­нология деп осыны айт. Күз­гі салым алыпсатарлар ауыл­ды жиі жағалап, көліктеріне ен байлықты тиеп әкететін. Шы­­ны сол, қазір тері мен жүн бұ­рын­ғыдай бағаланбайды. Ауыл­­дарды делдалдар аралауды доғарған.

Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тумасы Орал Жақып­бекұлы 10 бас сиыр мен жиырма шақты қой өсіреді. Малдың терісі мен жүнінен пайда көріп, табыс тапқысы келгенімен, кім­ге қайрыларын білмей дал. Бұ­рынғыдай дайындау конторы болса ғой шіркін де­ген арман құшағында жүр. «Хал­қымыз төрт түлік малдың етін бала-шағасына нәпақа етсе, тері­сінен киім тігіп, сүтінен небір ұлт­тық тағам жасаған. Жүннен киіз басып, киім тоқыған. Қазір бұл бұйымдар көзден бұл-бұл ұшқалы қашан. Атадан балаға мұра болған қолөнер бұдан соң қайтып дамымақ? Біле білгенге, қойдың биязы жүні, жылқы мен ірі қараның терісі – жеңіл өнеркәсіп үшін таптырмас ши­кізат. Қойларды көктемгі жа­йылымға шығарарда қаншама күніміз қырқым бейнетімен өтеді. Есіл еңбек-ай десеңші. Қазір жүн қораның бір бұрышында үюлі тұр. Ел ішінде екі қолын қалтасына салып, жұмыссыз әрлі-берлі сенделген, тепсе темір үзетін жігіттерге «ал да сат, кә­деңе жарат» десең теріс айналады. Осыншама құнсызданып кеткені қатты қынжылтады. Жер­гілікті билік бұл мәселені қаперге алмай келе жатқаны өкінішті. Бір амалын ойластырмай болмайды», дейді Орекең налыған үнмен.

Оның айтуынша, ірі қара терісінің бір килограмы әрі кетсе 100 теңгеге бағаланатын көрінеді. Сонда бар-жоғы 2 мың теңгеден де аспайды. Оның өзінде әгәраки сатып алушылар табыла қойса игі. Әйтпесе, күн, жел тиіп шіріді дей бер. Петропавл қаласының жетпісті алқымдаған тұрғыны Сақыпжамал апай қорасындағы бір-екі қойын өзі қырқып, жүнін иіріп, немерелеріне шұлық тоқып беруді әдетке айналдырған. Оның ісмер қолынан шыққан жүн шұлық бір тартсаң сөгіліп са­­ла беретін қытайлық тауардан әлдеқайда мықты әрі жылы.

Жеңіл өнеркәсіп саласында өз ісін дөңгелетіп жүрген жер­гілікті кәсіпкерлер де шикізат мә­­селесінің оңтайлы шешімін тап­қанын қалайды. Солардың бірі «Тигран» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Виктор Петросян тері өңдеу кәсіпорындарының толық қуатында жұмыс істемейтіндігіне налиды. Ол аяқкиім тігуге ар­налған былғарыны Ресейден әке­луге мәжбүр. Әрлі-берлі тасымал шығынын есептесе, өзіндік құны аспандап кетеді. Айына 500 жұп аяқ киім шығаратын кәсіпкер өнім өтімді болу үшін сапалы былғары қажет екенін алға тартады.

Статистика комитетінің мәлі­меті бойынша, бұрындары елі­мізде жылына 100-105 мың тонна жүн өндіріліпті. Тері өңдеуден де табыс мол болған. Ал қазір ше? Олай айту қиын. Өңірімізде жы­лына орта есеппен 21460 ірі қара, 6091 қой-ешкі, 2519 жылқы сойылады екен. Қаншама тері мен жүн ысырап болып жатыр десеңші. Қып-қызыл шығын!

 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы