Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

«Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады

1397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шілде айында басталған республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы оқу жылы басталар тұста тіптен қарқын ала бастады. Бұрын қыркүйектің соңына дейін ғана жалғасатын акция биылдан бастап жыл бойы өтеді. Қазіргі таңда оқушыларды мектепке дайындауға қайырымды азаматтар мен компаниялар, кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар белсене қатысып жатыр.

«Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады

Былтыр «Мектепке жол» акциясы кезін­де еліміз бойынша 328 766 оқушыға 2 млрд 822 млн 846 мың теңгенің көмегі жасалған. Бұл көмек мектеп формасы, оқу құрал­дары түрінде, сонымен қатар қаржылай да беріліпті. Биылдан бастап акцияның жыл бойы жалғасатынын ескерсек, жиналатын қаржы көлемі бұдан да өсе түсуі мүмкін әрі қамтылатын оқушылар саны да артуы ғажап емес. Шілдеден бері қайырымдылық жасау үшін жылжымалы пункттер құрылып, мобильді топтар жұмыс істеуде. Оқу жылы басталар тұста акция тіптен қарқын алған жайы бар.

Жақында «Samruk-Kazyna Trust» Әлеу­меттік жобаларды дамыту қоры аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасынан 3 мыңнан астам оқушыны мектепке дайындады. Сөйтіп қор осынша оқушыға сөмкелер мен кеңсе тауарларын сатып алуға көмек көрсетті. Мұқтаж оқушылар тізімін қорға Нұр-Сұлтан  қаласының әкімдігі ұсынды. Қор оқушыларға қажет құрал-жабдықтарды сабақ басталғанға дейін үлестіріп берді. Қор қайырымдылық шарасының алғашқы кезеңінде «Жас шуақ» балалар лагерінің 360 демалушысына мектепке қажет заттар берген еді. Бұл лагерь 1 шілдеден 9 тамызға дейін аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларының балалары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін ұйымдастырылған болатын.  Жиынға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының бастығы Әнуар Жанғозин қалада қайырымдылық шаралары жалғасып жатқанын айта келе, жалпыға міндетті білім беру қоры шеңберінде былтыр 1700-дей балаға көмек көрсетілсе, биыл арнайы көмек алатын оқушылар саны 11 мыңнан асқанын тілге тиек етті. «Бұл тізімге кірмеген оқушылар «Мектепке жол» акциясы бойынша демеушілердің қолдауымен керек-жарақтармен қамтамасыз етіледі. Жаңа оқу жылында 14 мыңнан аса шәкіртке белгілі бір тараптардан осындай көмек беріледі», деді басқарма басшысы.