03 Қаңтар, 2013

Биағаңның інісі

390 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Биағаңның інісі

Бейсенбі, 3 қаңтар 2013 0:05

Алпысыншы жылдардың аяғы. “Мәдениет және тұрмыс” журналының редакциясы. Жұмыстың бір саябыр тапқан кезінде Жекен Жұмаханов ағамыз төмендегі әңгімені бастады.

* * *

…Қамыт-доғаны тастап, керуен бала деген аттан құтылып, рабфактың дайындық курсында оқып жүргеніме біраз уақыт өткен. Семей мен Верныйдың арасында қу тамақ үшін ат айдап, керуеншілердің әңгімесін естіп, қисса, дастандарды жаттап алғанымның септігі тиіп, зерек оқушы атанып, атым да дүркіреп тұр.

Бейсенбі, 3 қаңтар 2013 0:05

Алпысыншы жылдардың аяғы. “Мәдениет және тұрмыс” журналының редакциясы. Жұмыстың бір саябыр тапқан кезінде Жекен Жұмаханов ағамыз төмендегі әңгімені бастады.

* * *

…Қамыт-доғаны тастап, керуен бала деген аттан құтылып, рабфактың дайындық курсында оқып жүргеніме біраз уақыт өткен. Семей мен Верныйдың арасында қу тамақ үшін ат айдап, керуеншілердің әңгімесін естіп, қисса, дастандарды жаттап алғанымның септігі тиіп, зерек оқушы атанып, атым да дүркіреп тұр. Шөлде қалып, айдалада құдықты кездестіріп, бас алмай қомағайлана су жұтқан жандай, білім деген қасиетті бұлаққа тояр емеспін. Ұмытпасам, айшылық алыс жерден оқитын жалғыз оқушы мен ғана болсам керек. Қалғандары осы қала маңынан, әке-шешелерінің демеуімен сүйретіліп оқып жүргендер. Қыз деген некен-саяқ. Аты алты алашқа жайылған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің қылшылдаған жігіт шағы. Көрген де, көрмеген де бар. Сәкен ағамыз біз оқыған оқу ордасына жиі келетін қонақтардың бірі.

Жазғы күннің кешкі шағы. Ойда-жоқта “Сәкен Сейфуллин шақырып жатыр” деген хабар жетті. Дегбірім қашып, ой түбіне жете алмай, оқу үйіне қарай ұштым. Жүрегімді  тоқтатып, батылсыздау  ішке кірсем, бөлмеде үш адам отыр екен. Ілияс пен Сәкенді көріп жүрмін ғой, ал жылы жүзді, қараторы кісіні тани алмадым.

Жекен аға елдің айтқан әңгімесіне қызығушылығын байқағысы келді ме, сөзін үзіп, сәл үнсіз қалды. Бұл қаламгердің әдеттегідей тыңдарманның пікірін күтетін сәті. Бөлме іші тыныштық.

Иә, Сәкен ағамыз қазақ табиғатына берген ер пішінді, аса сұлу болса,  Ілияс  тау қыранындай сұсты адам еді.

– Иә, Жекен бала, кел, – деді сәлемімді алған Сәкен аға қара мұртын сипап. Шеттеу орындыққа жақындай бергенім сол еді:

– Ана отырған ағаңа дұрыстап сәлем бер, – деді ол күлімсірей. Құлағыма дейін қызарып кеткен шығармын. Кешірім өтінген кейіппен кері бұрылдым.

–       Ту, Сәке-ай! Жігітті  ұялттың-ау, – деді орнынан лып етіп көтерілген бейтаныс адам ұсынған  қолымды алып.

– Ағаңды таныдың ба? – деді осы  сәт Ілияс қабағын керіп. – Бейімбет ағаң бұл… қазақтың қара сөзінің жорғасы…

Ол кезде Биағаңның атақты әңгімелерінің жарық көріп, оқырман қауым тік көтеріп әкеткен шағы. Жүзім ду-ду етіп, басымды изей беріппін.

– Ал, Жекен бала, оң-солыңды аңғарып қалған жігітсің. Оның үстіне сол жақтансың. Сені Биағаңа қосшы қып жіберейік деп отырмыз. Ертіске, паромға дейін шығарып сап, оқуыңа ораласың, – деді Сәкен сөзден іске көшіп.

Бұдан артық бақыт бар ма? Қазақтың атақты жазушысының жанына еріп жүру әркімнің еншісіне тие бермейді.

– Ал, бала, жолға қамдан! Директорыңа айттым. Екі сағаттан соң жолға шығасыңдар, – деді ол тағы. Басымды изей-изей есіктен қалай шыққанымды білмеймін. Қуаныштан жүрегім  дүрс-дүрс соғады.

Пойызға мініп, асау Ертіс қайдасың деп тарта жөнелгенімізге үшінші күн дегенде таң бозында бір стансаға түстік. Пәнерден әшекейлеп жасалған кішкене қара сандықты көтеріп ала жөнелдім. Үстіне ақ китель киген Биағаң бір қалыпты мінезінен танған жоқ, жылы күлімсіреп басын изейді. Жасымнан жалаңаяқ өскен пысықтығыма сүйсінетін сияқты.

Әлгінде ғана станса басы тым-тырыс еді, кенет у-шу болды да кетті. Өзекшеге қос дөңгелекті арбалар тізіле қалыпты.

– Паромға кім барады? – деп дауыстап, ары-бері қайшыласқан өңшең мұртты жігіттер. Содан кейін ат-арбасын мақтай жөнеледі. Бір кезде жанымызға қою мұртты, еңгезердей адам жақындап келді де, гүр етті:

– Ана арбаға отырыңдар, – деді бірден әмірлі үнмен. –Паромға баратындарың көрініп тұр.

Биағаң еріксіз жымың етті де, маған басын изеп “солай  жүрейік” дегендей ым қақты.

Аспан айналып жерге түскендей аптап. Биағаң әдеттегідей  үнсіз. Жан-жағына көз тігіп қойып, әлдене деп күбірлейтін сияқты. Осы бір үнсіз тірлігіміз арбакеш жігітке ұнамаса керек, атын шықпыртып айдап келеді. Қимылы  оспадор. Қабағы қатулы. Құдды бір бізге әлденесін өткізіп қойғандай бұлданады. Даукес, ұрдажық адамның кейпін танытады. Әлсін-әлсін қатты желіске түсіп, құйындатып жөнелетін торы ат жақсы күтімде екенін байқатады. Иесінің бұрқ-сарқ мінезіне үйреніп алған-ау, жылмаң қағады. Биағаңнан сөз тартып, әңгімелесуге жасықтығым жар берер емес. Вагон ішінде де ауызекі сөзден аспадық. Менің жайыма қанық сияқты.

Бір сәт оң беттен топ ағаш қылаң берді. Биағаң арбаны  тоқтатып:

– Бой жазып алайық, жігіттер, – деп ұсыныс жасады.

Арбакеш те кет әрі емес екен. Шамасы, оның да шекесі шылқып отырмаса керек. Биағаң кеудесін кере демалып, боз жусанның екі-үш талын жұлып алып, иіскеді. Сонан соң кер даланың ауасын сіміре алдыға қарай жай басып жүріп кетті. Биағаң ұзай  бере арбасын бір айналып шыққан қара мұртты екі-үш аттап жаныма жетті.

– Әй, жігіт, мына дөкейің кім-ей? Өзі сыздап сөйлеспейді ғой. Қайдан келе жатырсыңдар? – деп үсті-үстіне сұрақты қойсын кеп.

Арбакештің тірлігін енді түсіндім. Биағаңды тұйықтығы үшін даттап, қаракүйе жаққанына шыдай алмадым.

– Байқап сөйлеңіз, аға. Ол қазақтың белгілі жазушысы Бейімбет Майлин, – дедім дауысымды қатқыл шығарып.

– Не дейсің? – Қарамұрттың дауысы қатты шығып кетті. – О, қызталақ, аузыңа құм құйылып қалды ма? Сыбырлай салмадың ба? – Қара мұртты арбакешім енді елпектеді де қалды.

– Әй, бала, сен қоспасыз шын айтып тұрсың ба? Биағаң дейсің, ә? – деді арбакеш менің жүзіме тағы да сынай қарап.

– Иә, Бейімбет Майлин, – деймін енді үстемдігімді танытып.

– Не істесем екен екен, ә? — Қара мұрт ары-бері теңселе басып жүрген менен бір елі қалар емес.

– Қайдан келе жатырсыңдар? Бағыттарың қалай?– деп әлсін-әлсін сұрақты жаудырып әлек. – Қап, әттеген-ай! Қарабет болдым-ау…

Сөйткенше Биағаңның да қарасы көрініп қалды. Қара мұртты бір аттап алдыға жылжыды.

– Ассалаумағалейкум, Биаға. “Алдына келсе, атаңның құнын кеш” деген. Айып менен. Албасты басып, танымадым. Кешіре көріңіз, – деді ол кішірейе сөйлеп.

– Уағалейкумассалам! Аман  барсың ба, шырақ, – деді ол.

– Есенбіз. Қалың жұртыңыздың біріміз, кешіріңіз.

– Уақасы жоқ.

Ол Биағаңды қолтығынан демеп, арбаға қондыра салды да “шу” деп жөнелді. Қимылы адуын. Жан-жағына масаттана қарайды. Ауық-ауық артына бұрылып, Биағаға қарап, мұртын едірейте, ебедейсіз жымиып қояды.

Анадайдан паром қарасы көріне арбакеш атты қузай айдап, топталып тұрған көп көліктің жанына жақындай бере:

– Қане, қақ жарылыңдар! – деп дауыстайды.

Алғашқыда ығысқанымен, кезекте тұрған жұрт сәлден соң қарсылық білдіре бастады.

– Мынау қайтеді-ей? – деді шуласып. Бір еңгезердей дөй қара аттың тізгініне жабысты да: – Әй, басбұзар, сенікі қай бассыздық, – деп гүжілдеп те үлгерді. Қара мұртты божыны қағып-қағып жіберіп, жолдағы “бөгетті” бұзып өтпек еді, дөйқара да оңай шағылатын жаңғақ емес екен, міз бақпады. Екпінінен тайып, жеңіліске ұшыраған қара мұртты лып етіп жерге түсіп, дөй қараға ұмтылғанда, Биағаң:

– Ойпыр-ай, мынау бүлдірмесе етті, – деп күңк етті.

Арбакеш екі аттап, даукес жігітке жетті де:

– Түк білмейтін торсылдақ. Мен кімді алып келе жатқанымды білесің бе? Былай тұр жолдан! – деп ақырып қалды. Анау да көкбет екен, алған беттен қайтпады:

– Ұлық болса өзіне, – деді гүр етіп. – Мені асырап жүрген жоқ.

– Әй, Биағаң, Бейімбет Майлин сенің ұлығың емес. Қазақтың белгілі жазушысы, – деді екпінінен қайтпаған қара мұртты. Осы сәт жұрт күптеген тосын жай болды. Дөй қара тізгінді қоя беріп, Биағаңа қарай ұмтылды. Өзі де бір таудай жігіт екен, сәлем соңынан-ақ гүрілдей жөнелсін:

– Әу, халайық, мына жерге қазақтың атақты жазушысы  Бейімбет Майлин келді. Әлеумет, бері жиналыңдар! – деп дауыстады ол.

Сол-ақ екен, қарақұрым ел біздің арбаны басты да қалды. Сәлем беріп, жөн сұрасқан үлкенді-кіші. Биағаңның томаға-тұйық қалпы. Тек күлімсіреген жүзінен адамдарға деген үлкен алғысы аңғарылады. Бә­рінен беделі асып тұрған бізді әкелген арбакеш. Мұртын ши­ратып, қаумалап алған көпке әңгімесін айтып тауысар емес. Сәлден соң жан-жағынан қошеметтеп, ел соңынан ерген біздің арба паром тақ­тайына  бірінші болып ілінді. Артынша қой айдағандай у-шу бас­талып, лезде паром қарсы жағаға жылжыды. Биағаны қарсы алу­ға келген топ арғы жағада қол бұлғасып күтіп тұр екен. Осы бір сәтте, ойда-жоқта “қызметімнен” айырылып қалдым. Қара сан­дықты қара мұртты иеленді. Паром тоқтаған соң, уақыт таршылық етер деп ойлады ма. Биағаң арбадан түскен соң маған бұрылды.

– Ал, Жекен қарағым, көмегіңе рахмет! Қоштасатын кез келді. Аз да болса көптей көріп, мына ағаңның қарапайым сыйлығын қабыл ал, – деді ол қоңыр дауыспен елжірей сөйлеп, төс қалтасынан оралған бір бума қағазды суырып алып.

– Өзіңе арнап алып шығып ем. Жолай бермегенге ренжіме…

Мен де қызықпын, әлдекімнен ұрлап алғандай, әлгі буманы қолтығыма сүңгітіп жіберіп, асып-сасып, ағаға алғыс айтуды да ұмытып кетіппін.

Сәлден соң қара мұртты ай астынан шыға келген қарақшыдай қарсы алдымнан тап болсын.

– Бала, ауылға қайтасың ғой, – дейді гүл-гүл жайнап. – Биағам сені маған тапсырды. Өзім стансаға апарып, пойызға салып жіберемін.

Байқап қарасам, Биағаңның арқасында қызметшіге де жарыппын. Дәл осы минутқа дейін қалаға ораламын-ау деген ой мен шіркіннің ойына кіріп шықпапты ғой. Долданған Ертістің қылта жерінен ары-бері жүріп, тыным таппайтын паром жағаға жақындап келгенде, арбакеш атын жетектей жөнелді. Шындығында қым-қиғаш кезекке таласқан осыншама халықтың бір сәтке Биағаңды құдірет тұтып, көкке көтеріп, жол беріп, жоралғы тілегеніне тіпті сенгім келер емес. Бұл қалың елдің жазушысына деген ұлы махаббаты екен.

– Ал, жолаушы бала, жолақың төленген. Отыр, – деді паромнан сәл ұзаған соң мұртты қара. – Шын айтып тұрмын. Биағаңның қосшысын мына тұрған стансаға жеткізіп салғанға ақы сұрап, мені құдай атып па?

Тал түс. Айнала мүлгіп тұр.

– Әй, қосшы бала, – деді қара мұртты. – Қай жұртсың?

Мен Семей маңайынан екенімді айттым. Қарамұрт арқамнан көсіп қалсын.

– Өзіміздің бала екенсің ғой. Бәсе, жүзің жылы, сөзің ширақ екен, – деген ол сөзін  одан әрі жалғады. – Дүниенің кілті оқуда ғой. Алған жолыңнан тайма. Біздің маңдайымызға оқуды жазбапты.

Осы бір даңғой, тіпті аңқау жігіттің ішінде жатқан мұңы барын мына  түріне қарап ажырату мүмкін емес.

– Қосшы бала, сен менен бірнәрсені жасырып отырмысың, – деді кенет арбакеш. Еті өскен қоңыр көздерінің түкпірінен от жылтырайды. – Мәселен, ағаның сыйлығы… “Мәселе түсінікті” дедім ішімнен. Бағанадан бері оң-солымды бақылап, тамырымды ұстап, арбакеш-мерген мені нысанаға алып отыр екен ғой. Бәсе, неғып асты-үстіме түсіп, өбектей қалды десем…

– Өзім де ашып көрген жоқпын, – дедім ағымнан жарылып.

– Солай де. Кәне, – деді ол маған сеніңкіремей.

Арбакеш мен төс қалтамдағы бума қағазды суырып алып, ішін ашып үлгергенше, сабырсызданып тағат таппады.

– “Шұғаның белгісі”. Хикая “Бейімбет Майлин” – деген тақырыпты оқып шыққан сәтте қара  мұртты:

– Әй, қосшы бала. Мынау бір тамаша ғой. Не жазыпты? – Кәне, оқып жібер, бауырым… – деді.

Қызғылықты жазылған хикая әп-сәтте бізді өзінің ғажап әлеміне сүйреп алып кетті. Ауық-ауық: “Әдемі-ақ екен. Қап, әттеген-ай. Мынау нағыз жігіт екен ғой”, – деген қара мұрттының дауысы естіледі…

– Әбіштей азаматты жер соқтырып, Шұғадай аруды аямаған адам жер бетінде тірі жүрмей-ақ қойсын.

Әлгіндегі ақжарқын, ындыны құрып әңгімеге берілген арбакеш әп-сәтте назаланып, терең ойдың құшағына беріліп кетті. Дөңес мұрнының астындағы қою мұрты жыбырлап, әлдене деп міңгірлейді. Хикая біте “уһ” деп орнынан көңілсіз көтерілген ол сүлесоқ күйі атына беттеген. Бір кезде екі аттап менің жаныма жетті.

– Әу, бауырым, бұйымтай кезегі сенікі екенін түсінемін. Бірақ бұл ретте жолды ағаңа бер, – деп тізерлей отыра кетті.

– Айтыңыз, – дедім. Көкейімде күдік те жоқ емес. Бұйымтай етіп, Биағаңның сыйлығын сұрар. Бермесем, бас салып…

– Бір бес-алты күн аялдарсың,  – деді ол. – Ел ішіне келдің, ау­нап-қунап қайт. Биағаңның інісі-ау, әрі  “Шұғаның белгісі” хи­кая­сын оқып беріп, мынау елді бір қуанышқа бөлеп тастамайсың ба?

Мына сөзден кейін мен де кергуді жөн көрмедім.

* * *

Қарамұрт екеуміз стансаға жетер-жетпестен бұрылып, жыландай ирелеңдеген қара жолмен шай қайнатым уақытта отыз шақты қазақ үйлі ауылдың төбесінен түстік. Қоңыр тіршілікті жатақтар мекені. Азан-қазан болып шулаған малы, көгені көрінбейді.

– Әй, мына жұрт түгел қырылып қалған ба? – деді қара мұрт торы атты шықпырта айдап, шеттеу үйге бет бұрғанда.

– Осы ауылдың үлкен үйі осы. Бәрі осында шығар. Қарттарға сәлеміңді дұрыстап бер.

Шындығында қара мұрт қателеспепті.

– Ассалаумағалейкум, – деп кіріп барса, төр толы сақалы сапсиған өңшең қария. Алдарында жайылған дастархан. Қызылқоңыр бауырсақ. Сапырған қымыз.

– Уағалейкумассалам. Сәлемші болсаң, жоғары шық! – Сәлем соңынан шеттеу барып жайғасқаным сол еді, мұртты қара сүйреп ала жөнелді. – Ау, Биағаңның інісі. Төр сенікі. Аға орнында іні бар. Былай таман ығысыңыз, – дейді гүр-гүр етіп. – Қымызды сапыр, жеңеше. Шақырып сапыр, жеңеше. Шақырып келтіре алмайтын қонақ бұл.

– Әй, Бақтияр! Арсы-гүрсі мінезің бар. Қонақ ерттім деп қоқаңдап барасың. Алдымен жөніңді айтсаңшы. Биағаң дегенің кім? – деді шамданған қарттардың бірі.

– Биағаңды білмегендерің бе? Бейімбет Майлыұлы, қазақтың атақты жазушысы. Мына жігіт соның інісі, – деді мұртты қара кеудемсоқтанып.

– Солай де. Кәдімгі Бейімбет пе?

– Енді кім деп едіңдер. Таңертең паромға апарып салдым,  – деді Бақтияр масаттанып. – Біздің ауылға бұрылыңыз деп қиылып едім, уақыты жоқ екен. Әйтеуір, інісін қалап алдым.

Арбакеш тым артық сөйлеп жібергенін де байқамайтын сияқты.

– Әй, қайдам, Бақтиярдың сөзі  бірде рас, бірде өтірік болушы еді, – деп жақтырмаған біреу күңк етіп еді, арбакеш орнынан өршелене көтерілді.

– Сен қу жақ жезде, тоқтай тұр. Әй, бауырым, оқышы, мыналарға Биағаңның хикаясын, – деді маған бұрылып.

Қолжазбаның алғашқы парағын ашып жібердім де, оқып бердім. Жұрт сілтідей тынды.

– Енді де сенбейсің бе? – деп кіжіңдеп жатқан Бақтиярдың дауысы естіледі.

Қойшы, сонымен жағалай қонған көп ауылдың қалың жұрты бізді көтеріп әкетті. Бақтияр жұмысын ысырып тастап, менің жаныма ерді. Ертеңгісін оянғанда: “Бауырым, бүгін пәленшенің ауылына барамыз. Әлгінде шақырып кетті”, – дейді ол.

Бақтияр уәдесінде тұрды. Жетінші күні кешкілік мені пойызға әкеп салды. Арқалаған қомақты жүгім бар. Алмасыма қоймай қалтама тығындаған тиын-тебені бір бөлек.

– Аға, алыңыз, – дедім Бақтиярға кетерімде Биағаң берген қолжазбаны ұсынып.

– Маған Биағаң сыйласа, ол елге сыйлағаны. Мен де солардың бірімін. Алыңыз.

Бақтиярдың қуанғаны сонша, қос бетімнен шөлпілдетіп сүйе бастады.

* * *

Жекен аға әңгімесін аяқтағанда, бәріміз тым-тырыс қалдық.

– Қазір, – деді ол бір сәт, — “Шұғаның белгісін” көрсем, сол бір аяулы да, қызықты күндер есіме түседі. Ғажап, еді-ау, Биағаң!

Осыны бізге жеткізген Жекен аға Жұмаханов та ғажап әңгімеші еді…


Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ,

жазушы.

АЛМАТЫ.

29 қыркүйек, 2004 жыл.