Қоғам • 05 Қыркүйек, 2019

Тәуелсіздік генералы

997 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Сәт Тоқпақбаев! Генерал-полковник, қоғам және мемлекет қайраткері!
Желмая уақыт зымырап өтіп жатыр. Бірақ Сәт аға дегенде жүрегім ерекше толқиды. Мүмкін бұл Сәкеңді жас кезімнен білетіндігімнен бе екен? Әлде Парламент Мәжілісіндегі депутаттық қыз­метімде ол кісі министр кезінде қорғаныс, қауіпсіздік мәселелері бойынша қабылданатын заң­дар­ды талқылау барысындағы сыйластық пен сырластықтың қалыптасуы, кейінірек Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде бірге халық аманатын арқалап қызметтес болғандықтан ба, Сәкеңмен ағалы-інілі бір құрметтестік алтын желі қалыптасты.

Тәуелсіздік генералы

Бір отбасының жалғыз ұлы! Сәт деп азан шақы­ры­лып атының қойылуы тегін емес. Шу бойынан Алматы түбіне, яғни Жамбыл ауданының Фаб­рич­ный елдімекеніне қоныс аударған Бесімбай жұбайы­мен қасиетті өлкені паналайды. Өйткені өткен ға­сырдың 20-жылдары кәмпеске басталар алдын­да ауқатты Тоқпақбай ұрпағы деп итжеккенге ай­далу қаупі туады. Сондықтан да бас сауғалап, Бесім­бай туған інісі Досымбайды алып, Қарғалыға келіп тұ­рады. Осы жерде, 1939 жылы 6 қыркүйекте маң­дайы торсықтай ұл дүниеге келеді. Дүниеге шырыл­дап келген жас сәбиге ат қою керек. Мұндайда ха­лыққа танымал, аты шыққан адамдардың есімі ірікте­леді. Ал құт қонған Қарғалыда ұлы жүздің дулат руы, жа­ныс тармағынан шыққан Сәт болыстың есімі зор құр­метке ие еді.

«Қай елдің суын ішсең, сол елдің арын арла» деген. Бесімбай:

– Жас нәрестенің есімін Сәт қоямын. Өмір жолы сәтті болсын! Сәт болыс­тай халқының ұлы болсын, – деп азан шақырды. Осылай әу бастан ырымдап қойылған ат Сәт Тоқпақбаевты өмір сынынан аман-есен алып келе жатыр. 

 

Әке тілегі

Сәт Бесімбайұлы Мәскеуде қызмет істеп жүр­ген­де үйлі-баранды болып, екі бала сүйіп үлгерген еді. Әкесінің сырқаттанып, қиналып жатқанын естігенде Алматыға ұшып келеді. Бұл әке мен бала­ның соңғы кездесуі де, қоштасуы да еді. Сол сәт­терді ұғыну, түйсіну үшін мына бір оқиғаны жүрек елегінен өткізелік:

– Әй, Сәт, о дүниеде өмір бар екенін білесің. Егер о дүние жаман болса, сол адамдардың ең болмаса біреуі қайтып келмес пе еді. Сен менің жалғыз ұлым маған сол өмірді қимай, сораңды ағызып, жылап отырғаның мынау. Сәт не күлерін, не жыларын білмеді. ...Әке жүрегі тоқтар соңғы сағатта да Сәт баласына өмір заңы беріктікті талап ететінін ұғындыруға тырысты. Боркемік адамның өмірде де жолы болмайды. Сын сағатта әке аманатын Сәт Тоқпақбаев осылай жүрегіне тоқыған еді.

Әке тілегін арқалаған Сәт Тоқпақбаев Тәуелсіз­дік туын көтерген Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сенімді серігі болды.

 

Ана жүрегі

Қазақ Құдайдан баланы не үшін тілейді? Иә, не үшін?! Асырап-бағу үшін емес. Ұлт азаматы болып, ұрпақ жалғастыру үшін тілесе керек.

...Мағрипа Жақыпқызы – Сәт Бесімбайұлының асыл анасы. Ол ауқатты кісінің қызы еді. Өйткені Жа­қаң жұрт сыйлайтын, сөзіне ұйытатын, біреудің ала жібін аттамайтын молда болатын. Медеу шат­қалы жанында тұрды. Бірақ кеңестік жүйе оған мол­далық істетпейтін. Өлім-жітім, ата-бабаға құран бағыштау қажет болса түнде, не таң алагеуімде барып атқарып қайтатын. Ал негізгі жұмысы – ұстаз­дық. Ол математика пәнінен сабақ беретін.

Мағрипа ана ретінде бақытты еді. Ал әже атан­ған соң тіпті бақытқа ке­нелді. «Анам аузын ашса, жүрегі кө­рінетін ақкөңіл, жүрген жеріне гүл біті­ретін аса мейірімді, жанары жылы, дас­тарқанға қолы өте берекелі жан болатын, жарықтық», деп еске алады Сәкең анасын.

Асыл ана 1985 жылы дүние салды. Әке балаға сыншы болса, ана балаға қамқоршы. Жақында ғана Сәт Бесімбайұлы Алматыда ата-бабасына, әке-ше­ше­сіне арнап Құран оқытты. Ортасында болдық, қол жайдық. Өзі де сексенге келген Секеңді желеп-жебеп жүрген әке тілегі, ана жүрегі. «Құдайдан баланы адам не үшін сұрайды» деген сауалдың жауабы осы.

 

Желтоқсан желі

1986 жыл! Желтоқсан ызғары. Сол кезде кім қайда болды? Мен Кеңес Ода­­ғы Мемлекеттік қауіп­сіздік коми­теті төрағасының бірінші орынбасары, генерал-полковник Бобковтың есте­лік кітабымен таныспын. Ол бойынша жастардың желтоқсан көтері­лісін жан­шу операциясы толық Мәскеу ше­неуніктерінің жетекшілігімен және ұйым­­дастыруымен жүргізілгендігі айты­лады. Дегенмен, сол кезде «кім қайда болды, кім не істеді?» деген сауал әлі күнге қоғамды мазалайды. Жауабы жоқ сұрақтар мол. Осыған орай реті келгенде Сәт Бесімбайұлымен сөйлескенім бар еді.

– Сәке, сіз желтоқсан көтерілісі бол­ған кезде қайда болдыңыз, қандай қыз­мет атқардыңыз?

– Жаралы күндердің жарасын тыр­надың... Мен ол кезде Алматы қаласы және Алматы облысы бо­йынша Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасы бастығының орынбасары едім.

Бобковтың айтқаны рас. Мәскеулік Мемлекеттік қауіпсіздік құрылымдар жергілікті ұйымдарға сенбеді. Бізге де. Ол ауыр күндер әлі күнге ұйқым­нан шошытып оятады. Өзіміздің республикамызда өз азаматтарымызды қорғай алмадық. Ал қыз-жігіттердің талабы орынды еді. Сондықтан да оларды «басбұзарлар», «нашақорлар» деп айыптау шындыққа мүлдем жанаспайды. Бізді кабинеттен шығармай ұстады. «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деп, күйзелістің күйігіне күйдік.

– Сәт Бесімбайұлы! Сіз қазақ ұлт­шыл­дығы деп бүкіл ұлтқа сенімсіздік танытқан КОКП Орталық ко­митетінің аты­шулы қаулысына қатысыңыз бар ма? Мұны сұрап отырғаным, депутат болып жүрген кезі­мізде Англияда бол­дық. Бір кешті Кеңес Ода­ғы­ның соңғы президенті М.Горбачевпен бірге өткіздік. Сон­да Горбачевқа да осы сұрақты қойған едім. Ол «Мұны дайындап ұсынған Қазақ­станның өз бас­шы­лары» деп еді. Осыған сіз анықтама бере аласыз ба?

– Жоқ, інім. М.Горбачев айтса біл­гені де. Бірақ ол қаулыны дайындауға біздің қатысымыз болған жоқ. «Иә», «жоқ» деп те айта алмаймын. Мүмкін, Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­ми­тетінің идео­логия бөлімі мен Мем­ле­кеттік Қауіпсіздік Коми­теті аппараты тарапынан дайындалған шы­ғар. Оған қала мен облыс қызметкерлері қатыс­тырыл­май­ды. Бұл – шындық.

– Желтоқсан «көтерілісі» сол кезде «оқиға» деп айдар тағылған жастар ереуілі Алматыда өтті. Сонда Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қауіпсіздік комитеті істің ақ-қарасын тексеруден мүлдем шеттетілген бе?

– Жоқ, мен саяси шешімдер туралы айтып тұрмын. Бір оқиға еске түсіп отыр. Ұмытпасам, желтоқсанның 21-23-і аралығында таңертеңгісін телефоным безектей жөнелді. Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комите­тінің төрағасы, генерал-лейтенант В.Мирошник екен. Бірден дүрсе қоя берді. «Кеше Алматыда медицина институтында жиналыс өтіпті. Сол мәжілісте профессор Камал Ормантаев алаңға шыққан жастарды қорғап сөйлепті. Тағы да алаңға шығуға үгіттеген кө­рінеді. Сендер неге біл­меген болып, бұғып отырсыңдар», деп жер теп­кі­леп, мәселенің анық-қанығын білуге бұйрық берді. Бұйрықтың аты – бұйрық. Арнайы адам жіберіп, мәселенің анық-қанығын білуді тапсырдым. Бір профессор, екі ғылым кандидаты өздерімен қыз­мет­тес болған Камал Ормантаевты жамандап, оны «ұлтшыл», «жастарды арандатуға ұмтылды» деп жауап беріпті. Не істеу керек? Медицина институтына басқа қызметкерді тексеруге жібердім. Әрі атақ­ты профессорды мүмкіндігінше күйелемейтін жол ізде дегендей меңзеу жасадым. Кешке тағы да ол адам 4 профессордан жазбаша түсініктеме алып келді. Осы екі ортада В.Мирошник «неге созба­лақ­татып жатырсыңдар» деп тепсіне тағы да телефон шалды. Соңғы төрт профессордың жазбаларын қарап шықтым. Олардың екеуі «Алып бара жатқан дәнеңе жоқ. Камал ағамыз жастардың келешегі ту­ра­лы тебіреніп сөйлегені рас. Бірақ билікке қар­сы көтерілейік, көшеге шығайық деген сөзін есті­ге­ні­міз жоқ», деп жазып беріпті. Жиналыстың хаттамасы да оңтайлы екен. «Онда ауылдан келген жас­тар орыс тіліне шорқақ, Алматы ел астанасы, тек оңтүстіктің балалары оқиды деген жалған. Әрине, жақын облыстардың балалары Алматыға көптеу келеді. Басқа өңірлерде 5 медицина институты бар. Шәкірттерді жер-жерге бөліп, алалауды доғарайық. Жақсы маман дайындап, білгенімізді үйретейік» деген екен.

Осы құжаттарды алып В.Мирош­никке апарып бердім. Көңілінен шық­пағанын сезіп тұрмын. «Бара бері­ңіз, қазақтар бір-біріңе шаң жуыт­пайсыңдар», деп қоштаспады да. Бір жылда 1056 ақпарат ке­ліп түсті. Бар­лығына да «ұлтшылдық жоқ» деп бұрыш­тама соғып, тергеу амалдары жүргізілген жоқ.

– Желтоқсан көтерілісі сіздің тағ­дырыңызға қалай әсер етті? Өстіңіз бе, болмаса «өштіңіз бе?» Тікелей сұрағыма нақты жауап бере аласыз ба?

– Мәселенің ішек-қарнын ақтармай-ақ қояйын. Желтоқсаннан кейін В.Ми­рошниктің қаһарына іліктім. Өсірген болып төменгі деңгейдегі басқар­ма­ға басшы етіп жібермекші болды. Келіс­педім. Отба­сылық жағдайым бар әрі анамның жасы ұлғай­ған. Ол кісіні тастап кете ал­майтынымды айт­тым. Әртүрлі тә­жі­келесумен үш-төрт ай өтті. Бір күні бастығым Болат Әбдірахманұлы Баекенов ша­қырып алып:

– Сен зейнетке кетесің, – деді.

– Заңсыз ғой. Маған кемінде екі ай уақыт керек. Ке­ңес Одағы Мемле­кеттік қауіпсіздік кеңесінің келісімі қажет.

Болат Әбдірахманұлы сәлден кейін шынын айтты:

– ...Мен не айтайын. Адам ретінде, менің орынбасарым ретінде, төтенше өкіл ретінде сіз менің көңілімнен шыға­сыз. Қызметке беріліп кірісесіз. Амалым болмай тұр, – деді.

В.Мирошниктің қабылдауына жа­зылдым. Кешкі 8-де қабылдады. Қа­сында Б.Баекенов отыр екен. Мен өз уәжімді айтып, зейнетке «кетірудің» себебін сұрадым. Әрі КСР Жоғарғы Кеңесінің аппаратында бірінші бөлім бар екенін, ол жер бос екен, соған ауы­су үшін арыз бергенімді айттым. В.Ми­рошник басын шайқады.

– Сен бәрібір жұмыстан кетесің, – деді. Бұл менің шымбайыма батты.

– Видимо я в физиологическом плане отличаюсь от тех людей, которые пе­реводятся из западной час­ти СССР. Это главная причина... так на пенсию не от­правляют. Разве это партийный подход, – дедім.

Бұл сөз В.Мирошникке оқтай қа­далды. Басшы кадр­ларды Қазақстан­нан тыс жерлерден әкелу про­цесі басталған-ды. Ол содан сескенді ғой дей­мін. Кенет пікірін өзгертіп мақтай жөнелді. Және өз қызметімде қала беретінімді айтты. Кейін Б.Бае­кенов Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік коми­те­ті­нің төрағасы болып келді де, мен Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қауіп­сіз­дік басқармасының бастығы болып та­ғайындалдым.

Тәуелсіздік туы желбірейтін күн алыс емес еді...

 

Тосын тағайындау

Заман, қоғам өзгеріп, билік басына Н.Назарбаев келген. Сәт Бесімбайұлы күнделікті жұмыс бары­сымен жедел ақпараттарды қарастырып отыр­ған. Сосын коллегия уақытында Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетіне келді. Ойында ештеңе жоқ. Бәрі­мен амандасып орнына отырды.

– Сәт Бесімбайұлы, сізді құттықтауға рұқсат етіңіз, – деді Б.Баекенов.

Коллегия мүшелері де, Сәт Бесім­байұлы да аң-таң.

– Сіз Мемлекеттік қауіпсіздік коми­теті төрағасының орынбасары болып тағайындалдыңыз! Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімі, – деп Б.Баекенов бұйрықты көрсетті. Жай орынбасар емес, бірінші орынбасар.

Әдетте, тағайындау алдында адамды шақырып пікірлеседі. Ал мына тағайындау рәсімі бөлек. «Барасың ба, келісесің бе?» деген сұрақ та жоқ.

Одан кейін Н.Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік қызметі болып қайта құрылды. Жаңа ереже дайындалды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылысына реформа жүр­гі­зіліп, оның қызметі Ата Заңға сәйкес­тендірілді. Сәт Бесімбайұлы «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің агентуралық оперативтік жұмысының орындалу нұсқаулығын» жасады. Бұл нұсқаулық күні бүгінге дейін өз күшін жойған жоқ.

Жұмысқа әбден пісіп, реформалар орныққан кезде Сәт Тоқпақбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Жаңа кадрлар даярлау қажет болды. Сондықтан да қауіпсіздік комитетінің Академиясы құрылды. Тәуелсіздіктің әлі буыны бекімеген кез. Оны қорғау басты міндет болды. Соған сай кадрлар даярланып, аз жылдар ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті аяғынан нық тұрды. Мемлекет мүддесін, ұлттық қауіпсіздікті қорғау сынды мәселелер сын сағатта іргелі ұйым­ның жұмысына абырой әкелді.

Осылай Ұлттық қауіпсіздік комитеті орнықты жұмыс істеген шақта Елбасы, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Президенттің Күзет қызметін құру міндетін жүктеді. Осылайша Еуропа мен Батыстың тәжі­рибесін екшеп, сараптап, Президенттің Күзет қызметінің архитектоникасын жасап, оны жолға қояды.

 

Гвардия қолбасшысы

Кейіпкерімнің қызметін, рефор­ма­торлық тұлғасын ашу үшін журналистік әдіспен сұрақ-жауап алуға тырыстым.

– Сәт Бесімбайұлы, сіз Президенттің Күзет қызметін басқарып қана қоймай, жаңа құрылым «Ұлан» гвардиясының да қолбасшысы болған жоқсыз ба?

– Иә, 1992 жылы 16 наурызда Президенттің Жарлығымен «Ұлан» әскери жасағы құрылды. Алғаш­қы кезде екі қызметті қатар алып жүруге тура келді. Президенттің Күзет қызметі орныққан соң 1997 жылы толықтай Гвардия қолбасшысы деген лауазым­ды иелендім. Ұлттық гвардия ТМД елдерінде бірінші болып Қазақстанда құрыл­ды. Көптеген шетелдік тәжіри­бе жинақталды. Гвар­дияның жалпы ережесін өзім жаздым. Ұланның киімі, қару-жарағы бөлек болуға тиіс. Сар­баз­дардың бойы, дене-бітіміне дейін ескерілді. Өйткені шетелдік ресми делегациялар басшылары, президенттер, корольдер келгенде ойқы-шой­қы тұруға болмайды. Бұл да мемлекетке сын, Президентке сын екенін ескердік. Ұлан сарбаздары мемлекеттік тілді жетік білуі тиіс. Осыған қол жеткізілді.

 

Күтпеген шешім

1999 жылдың тамыз айы. Аптап ыстық. Сәт Бесімбайұлы 60-қа толар шақтың алдында тұр. Зейнеткерлік жас. Президент Н.Ә.Назарбаевтың қабылдау күні белгіленгені туралы хабар келіп түсті. Екеуара әңгіме өрбиді.

С.Тоқпақбаев: – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, зейнетке шығатын жас тақады. Сізге көп-көп рахмет. Қан­дай қызметке қойсаңыз да адал атқаруға тырыстым. Енді абыроймен зейнеткерлікке бет бұр­сам деймін. Бұл – бір. Екіншісі – мерейтойыма орай жолдастарға, достарға, ағайынға шай бермек ойым бар.

Н.Ә.Назарбаев: – 60 жас оңай жас емес. Шай бергенің дұрыс та шығар. Шақырсаң, әрине, барамын. Ал әлгі зей­нетке шығу жағын ойлану керек екен. Неге сонша асықтың? Тәжірибелі адамдардың бар­лығы демалысқа шығып кете беретін болса, елі­міз­де кім жұмыс істейді? Өзің айтшы. Бұл мәсе­лені саған да, маған да асықпай ойланып қарау керек. Жақсы ма?

Қазан айында Президент Н.Ә.Назар­баев Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевты Қорғаныс министрі етіп бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Кейін осы қызметтен зейнеткерлікке шықты.

Иә, бүгінде 80 жасқа толып отыр­ған Сәт Бесім­байұлы Тоқпақбаев өз бақытын Қазақстан тәуелсіз, егемен ел болғанда тапты. Тәуелсіздік гене­рал-полковнигі өмірге құштар. Әке тілегі мен ана жүрегінен дарыған ұлтжан­дылық қасиеттер оны үлкен өмір жолында адастырмай алып келеді.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері