Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2019

Жамбыл облысында Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі өтті

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы іске қосылды. Көрме аясында әуелі Қордай ауданы, Әлжан ана ауылының Мәдениет үйінде Елбасы кітапханасының көшпелі экскурсиясы өтті. Салтанатты шараны Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов сөз сөйлеп ашып, жергілікті тұрғындарды «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрме жобасымен таныстырды.

Жамбыл облысында Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі өтті

– Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясының аясында сіздерге арнап «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасына тақырыптық экскурсиялар дайындады. Сіздерге арнайы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен тәуелсіз Қазақстанның даму тарихынан сыр шертетін деректі фильмдердің көрсетілімі өтеді. Аудан тұрғындарының назарына Елбасы кітапханасының музей қоры мен Елбасының жеке архивінен жасақталған «Елбасы және жаңарған Жамбыл өлкесі» фотосуреттер көрмесі де ұсынылып отыр, – деді Әмірхан Рахымжанов.

Өз сөзінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова бұл бастаманың жергілікті халыққа деген құрмет екенін, сондықтан әрбір азамат Мәңгілік Елдің дамуына үлес қосуды өзіне парыз санау керектігін айта келіп, Елбасы кітапханасының ұжымына алғыс білдірді. Бұдан кейін Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзовке Алғыс хат пен «Н.Назарбаев. Өмірбаян», «Назарбаев моделі» кітаптарын табыстап, Мәдениет үйінің кітапханасына құнды басылымдардың жинағын тарту етті.

Әлжан ана ауылында «Тарихи таңдау. Бастау», «Тарихи таңдау. Өрлеу», «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсиялары ұйымдастырылды. Экскурсия барысында Қордай ауданының тұрғындары Елбасы өміріне қатысты сирек кездесетін бейнематериалдардың, фотосуреттер мен архив құжаттарының және жәдігерлердің бірегей кешенін тамашалады. Сонымен қатар, көрмеге келушілер отандық және шетелдік әйгілі спортшылардың Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту еткен сыйлықтары және марапаттарымен танысты. Экскурсияны тамашалаған мектеп мұғалімі Арайлым Қасымова ел тәуелсіздігінің негізін қалаған тұлғаның дара жолы барлық қырынан маңызды оқиғалар мен парасатты шешімдерге толы екенін, сонымен қатар бүгінгі көрме тарихи құнды деректерді көпшілікке ұсынуымен де бағалы екенін жеткізді.

«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы Шу ауданында жалғасын тапты. Шу қаласындағы  Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте көшпелі көрме жобасының аясында айтулы шара ұйымдастырылды. Аталған көрме шеңберінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясының негізінде келушілер «Тарихи таңдау Бастамасы» және «Тарихи таңдау. Ұмтылыс», «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсияларын тамашалады.

Шара барысында Елбасы кітапханасының  директоры  Әмірхан Рахымжанов, орынбасары Күлайша Ақтаева, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, аудан әкімі Жарылқасын Айтақов жиналғандар алдында сөз сөйлеп, Елбасының тәуелсіз ел тарихындағы қайраткерлік қабілетіне тоқталды. Өз кезегінде Әмірхан Рахымжанов жоба авторы, саясаттанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтың  сәлемін жеткізіп, аудан әкімі Жарылқасын Айтақов пен аталған мектеп директоры Жазира Шалбаеваға Алғыс хат тапсырып, Елбасы туралы құнды еңбектерді сыйға тартты. Бұдан кейін аудан әкімі Жарылқасын Айтақов та өңірге келген меймандарға ризашылығын білдіріп, Елбасы кітапханасына естелік сыйлық табыстады. Сонымен қатар, көрмеге келушілер Елбасы өмірінен сыр шертетін тың деректермен танысып, тәжірибелі нұсқаушылардың баяндамасын тыңдады. Аудан тұрғындарына сирек кездесетін бейнематериалдардың, фотосуреттер мен архивтік құжаттардың және жәдігерлердің бірегей кешені ұсынылды.  

Қордай ауданының Әлжан ана ауылынан бастау алған көшпелі көрме Тараз қаласында жалғасын тапты. Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Достық» үйінде кітапхана, архив, музей салаларының мамандары мен мемлекеттік қызметшілерге арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты аймақтық кәсіби сессия өтті. Іс-шараның мақсаты – қоғамдық сананы жаңғырту тұрғысынан мәдени мұраны зерттеу, насихаттау тәжірибелерін ортаға салу, сондай-ақ, кітапхана, архив, музей салаларындағы ақпараттық технологияларды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылау болып табылады.

Сессия қатысушыларының назарына «Бір жәдігердің тарихы», «Музей коллекциялары» жобасын қамтитын «Музей жинақтары» ғылыми-қор музейтану бағдарламасы бойынша Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің зерттеу жұмыстары ұсынылды.

Сонымен қатар, Тараз қаласындағы «Достық» алаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Әуелі жиналған жұртшылық Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының өнерін тамашалады. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекет тарихындағы ерен еңбегіне тоқталды. Бұдан кейін Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов көне Әулиеата өңірінде көшпелі көрменің өтуінің өзі ел тұрғындарына көрсетілген ерекше құрмет екенін атап өтті. Елбасының да Жамбыл өңіріне құрметпен қарайтынын жеткізді. Бұдан кейін Асқар Мырзахметов пен Әмірхан Рахымжанов салтанатты жағдайда «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрменің лентасын қиды. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіріп, Елбасының өмірі мен қызмет жолынан сыр шертетін деректермен танысты.

Айта кетейік, 2017 жылғы қараша айынан бастау алған «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесінің жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерген болатын. Ал, Жамбыл облысында жалғасын тапқан жоба ағымдағы жылғы қазан айының соңына дейін жалғасады.

 

Жамбыл облысы