Руханият • 06 Қыркүйек, 2019

Қарқаралыдағы Абай жолы

3967 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Киелі Қарқаралы топырағы көрсе көз сүйсінер әсем табиғаты, тамырын тереңге тартқан тағылымды тарихымен ғана емес, талай ғұлама ғалымдардың табанының ізі қалған сырға толы шежіресімен де қастерлі. Мұны кезінде қазақтың біртуар перезенті Қаныш Сәтбаев: «Алтайдан Карпатқа дейінгі ұлан-байтақ далада дәл Қарқаралы топырағындай қасиетті жер жоқ» деп дөп басып бағалаған болатын. Міне, осы бір киелі мекеннің қасиетіне қасиет, тарихына тағылым үстейтін есімдердің бірегейі – Құнанбай қажы мен хәкім Абай тұлғасы.

Қарқаралыдағы Абай жолы

Тағылым тұнған топырақ

Иә, тарихы қос ғасырға жуықтайтын Қарқаралыны айтсақ, ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы салдырған мешітті айтпай кетуге болмайды. Мешіт сөз болғанда, әсте Құнанбай қажы қай­рат­керлігінен аттап өте алмаймыз. Ал текті Құнанбай тілге тиек етілген жерде ке­меңгер Абай есімінің де қатар айтылуы заңдылық. Әке мен бала арасындағы ғұ­мырлық ұлағаттың үздік үлгісін танытатын қос қайраткер тағылымы бүгінде тек Семей, Шыңғыстау өңірі ғана емес, қа­сиетті Қарқаралы топырағында да сай­рап жатыр.

Ұлттық руханият әлеміне сілкініс әкел­ген кемеңгер тұлғалар ныспысын Қар­қа­ралымен тығыз байланыстырып тұрған Құнанбай қажы мешітінен бө­лек, мұндағы тағы бір құнды жәдігер – Абай дәм татқан атақты татар көпесі Халиолла Бекметовтің «Көктөбел үйі». Қа­тар жа­рас­қан қос ескерткіш бүгінде өз дәс­тү­рі мен дағдысын қалыптастырған тарих, мәдениет, сәулет өнерінің біртұтас кеше­ніне айналған. Мешітке соғып, Абай үйіне кірмей кетуге болмайды. Сол секілді Абай үйінің табалдырығын мешіт­тен бұрын аттамайтын киелі өлке­нің жазылмаған өз тәртіп-заңы бар.

Бала күнімізден құлағымызға құйып өскен осы бір қағидадан туған жерге қай уақыт, қай мезгілде жол түссе де, ат­тап көрген емеспіз. Бұл жолы да сол әде­­тімізден танбадық. Екінтіге таяу Қар­қаралыға кірген көлігімізді қала кі­ре­­­берісінен күтіп алған әкем Рымбек Шай­­­мұратұлы өзі бастап Құнанбай қажы ме­­шіті, одан әрі Абай түскен көктөбел үй­­дің қақпасына әкеп тіреді. Мешіттің сол жақ қапталынан орын тепкен ақын мен әкесіне арналып тұрғызылған ең­се­лі ескерткіш те тарихи кешеннің құн­ды­­лы­ғы мен мазмұндық мәнін байыта түс­­кендей.

Құнанбай қажы салдырған мешіт пен Абай тоқтаған үйдің табалдырығын талай мәрте аттап жүргенімізбен, мыстан құйылған биіктігі 4 метрлік мүсінді бой көтергелі бері тұңғыш көруіміз. Осы жылдың мамыр айында ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай дүниеге келген өнер туындысы салтанатымен көз бен көңілді қатар баурайды. Композиция авторы Сәкен Дәулетбаевтың айтуынша, ескерткіш медреседен үйге оралған жас Абайды әкесінің қарсы алып тұрған сәтін суреттейді. Бір-біріне іргелес орна­лас­қан Құнанбай қажы мешіті мен Абай тоқ­таған үйді үйлесімді үндестірген мү­сін шын мәнінде Қарқаралыдағы Құнан­бай мен Абай дәуірі атмосферасын бе­дер­­лі бейнелеп тұр.

Қарқаралы... Құнанбай қолтаңбасы

Құнанбай қажы дегенде, біздің ойы­мыз­ға бірден Мұхтар Әуезов қаламына арқау еткен «Абай жолы» роман-эпопея­сын­дағы қатал да мейірімсіз әке бейнесі оралады. Алайда, осы бір тұлғаны көр­кем әдебиетте суреттелген кейіпкер бей­не­сінен алшақ әкетіп, өзі өмір сүрген заман­дағы халқы үшін жасаған жарқын істері мен шынайы өмірдегі болмысына үңі­летін болсақ, қатыгез Құнанбай емес, қай­раткер Құнанбайдың мәрт тұлғасын тани­мыз.

Қасиетті Қарқаралы шаһарындағы шежі­релі һәм қасиетті мекен, 170 жылға жуық­тайтын тарихы бар еңселі мешіт тікелей Құнанбай қажы есімімен байланысты. Қазақтың бас ақыны Абайдай ұлы кемеңгерді өмірге келтірген Құнанбай баба­мыз ел билеген әділетті де беделді әкім ғана емес, мұсылманның бес пары­зын мүлтіксіз атқарған мүмін кісі болған. Бұған дәлел – ол кісінің қажылық жолмен қасиетті Меккеге барып, онда мұ­сылман елдерінен барған адамдар түсе­тін «Үй-Тақия» («Тәкие») қонақүйін сал­ғызуы және Қарқаралы қаласында мешіт қабырғасы қалануына тікелей мұ­рындық болуы. Кейінгі деректерде мә­лім болғанындай, «Тәкие» қонақүйі 12 бөлмеден тұрып, оған шамамен 60 адам сыйған көрінеді. Бірақ өкінішке қарай, Меккедегі қазақтардың салған жалғыз ғимараты: мешіт пен қонақүй орны сақталмаған. Есесіне, қайраткер тұлға­ның Қарқаралы қаласында тұр­ғыз­ған құлшылық мекені бүгінге дейін жетіп, жергілікті тұрғындар мен қалаға қыды­рып келуші қонақтардың көз қуаны­шы­на айналған.

Мұрағат деректеріне үңілер болсақ, мешіт салу жөніндегі алғашқы бастама сол кезде Қарқаралыда аға сұлтан болып тұрған Құспек Тәукиннің басшы­лығымен қолға алынғанымен, құры­лыс­ты қашан бастап, қай жерге салу, жұмыс күшін қайдан алу сияқты мәсе­ле­лер­де Құнанбай қажы есімінің көбірек атала­тындығына куә боламыз. Ұлы жазу­шы Мұхтар Әуезовтің жазбасы бо­йынша, Құнанбай 1849 жылға дейін Кішік-Тобықты болысының болыс упра­вителі қызметінде болып, одан ке­йін

1849-1852 жылдары Қарқаралы ок­ругіне аға сұлтандыққа сайланған ке­зін­­де мешіт тұрғызылған. Бұл жөнінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген аягөз­дік қазақ тарихшысы Құрбанғали Халид өзінің «Тарауих Хамса» деген кітабында: «Қарқаралыда Құспек алын­ған соң, орнына Тобықты Құнанбай мырза Өскенбайұлы 1849 жылы сайла­на­ды. Мұнан бұрын аға сұлтандар болар-кетер болып өткен болса, бұл сайланысымен сол жылы-ақ мешіт салды­рып, құрбандық шалдырып, рәсімін ашты. Оның тәуір-ақ әділеттілігі мен жо­март­тығы бар еді. Осы мешітке бі­рін­ші болып имам Хасан Сейфоллаұлы тағайын­дал­ған еді», деп жазады.

Мешіт 1851 жылы ашылғаннан бас­тап, Кеңес өкіметі орнағанға дейін ха­лық­қа қызмет көрсетіп, тарихи орын­дар­дың бірі ретінде мұсылман қауымның уағыз-насихат айтып, әдептілік, әдет-ғұрып пен дінді қатар жетектеп келген қасиетті орны болған. 80 жылға жуық қасиетті Құдай үйі аталып, имандылық пен адамгершіліктің ұйытқысына айнал­ған. Тек 1924 жылы тәркілеудің алғашқы кездерінде Қарқаралыға келген бел­сен­ді­лер: «Мұның мұнарасын құлату керек, кеңсе қыламыз» деп, мешітті кеңсеге лайық­тауға тырысады.

Қасиетті мекеннің одан кейінгі тағ­­­­­дыры төңірегінде Қарқаралыдағы Құ­нан­бай қажы мешітінің бұрынғы бас има­­мы Әміржан Әшімұлы төмендегіше ой өрбітті: «Біздің үлкендерден есті­ге­ні­­мізді айтсам, әлгі белсенділер Алла үйінің мұнарасын кім құлатады деп тұр­ғанда, араларынан Имаш деген кісі: «Мен құлатамын, онда тұрған не бар?» – деп, ағаш мешіттің үстіне жүгіріп шық­қан кезде, қолынан балтасы ұшып кетіп, аяғы тайып құлап, сол жерде мерт болыпты. Бұл құдіретке түсіне алма­ған белсенділер: «Мынау жансыз үй қа­раптан қарап біздің бір кісімізді өлтір­ді» деп, мешітті өртеп жібермекші де болған. Қасиетті үйдің есігінің алды түгелдей қоршалған тал шарбақ болған екен, соның бәрін үйіп, кіл ағаштан салынған мешіттің шығыс жақ шетінен өрт қойыпты. Сол уақытта талдың өзі ғана жанып, ал мешіттің іргесіне от дарымапты. Жай ғана сыртын қара күйе шалып, сырлап қойғандай болып қалған екен. Ызаланған белсенділер отты енді батыс жақ шетінен қойып, өртемекші бол­ғанда, сол жерде жүрген адамдардың біреуі­нің көзіне жағымсыз елестер көрінсе, енді біреуінің жанарына шоқ түсіп әбден титықтатыпты».

Сонымен қатар дінге қарсы болған Кеңес өкіметі кезінде «Құнанбай қажы мешітінің айшығын атып түсіріңдер» деген бұйрық та болады. Біраз кісілер айшықты нысанаға алып атқанымен, оқтары дарымайды. Содан бір кісінің оғы мешіт мұнарасына дөп тиіп, айшық жерге құлап түседі. Ал атқан кісі сол жерде доп секілді домалап, белгісіз жағ­дайда жан тапсырыпты. Естері шық­қан белсенділер бастапқы ойларынан бас тартып, мешітті жауып қойып, өзде­рі кетіп қалыпты. Ешкімді жолатпай, есік-терезесінің барлығын тарс бекіт­ті­ріп тас­тапты. Содан 1941 жылға дейін жабық тұрған. Кейін Екінші дүниежүзілік со­ғы­сы басталған кезде соғыс зардабын тартқан бауырларымыз Украина, Бе­­лоруссия, Закавказьеден келіп, осы жер­­ді жатақхана ретінде тұрақ етіпті. Бірақ олар бұл жерде көп тұрақтай алмаған. Бас-аяғы екі түнеп, үшінші күні мазалары қаша бастайды. Қолдарына қоржындарын ұстап алып, есіктің алдында үрпиісіп отырғандарын көріп:

– Неге ішіне кірмейсіңдер, жатпайсыңдар? – деп сұраса: – Бұл бір мазасыз нашар үй екен, ішіне кіріп жатуға болмайды, маза бермейді, тыныштық жоқ! – деп реніштерін білдіріпті.

Кеңес заманында мешітті тек жатақ­ха­на ретінде ғана пайдаланып қоймай, басқа да мақсаттарда қолданған. 1991 жылға дейін бұл жер әртүрлі қоймалар қызметін де атқарыпты. Одан соң кітап­ха­на, кейін Пионерлер үйі болады. Үлкен­дердің айтуынша, мешіт қойма болып тұрған кездің өзінде тұрғындар талай тылсымның куәсі болған екен. Кеш­кі­лік күллі қойманың ішін тап-тұй­нақ­тай етіп жинап, таңертеңгісін келсе, рет­теп кеткен күріш, қарақұмық сияқты дәнді-дақылдар бір-біріне араласып, қаптардың орындары қозғалып, бейберекет шашылып жататын жайттар жиі қайталанады. Алғашында бұған кү­зет­ші­лерді кінәлайды. Содан қаншама се­німді адамдар келіп, түнімен күзетеді. Алайда, ешкім ештеңені ұрламайды, тек таңертең барлығы бір-бірімен араласып, қойманың іші ыбырсып шашылып жатады. Кейіннен мұндай жағдай мешіт кітапхана болып тұрған уақытта да қайталанады. Іргедегі сөрелерге рет­тестіріп жинап кеткен кітаптар таңер­тең келсе, ортада үйіліп жататын көрі­неді. Қа­сиетті орын бертініректе Пио­нер­лер үйіне айналғанда да, кешкісін қалдырып кеткен барабан, горн сияқты саз аспаптары түнімен дыбыс шығарып, күзет­ші­лердің зәрелерін алыпты. Ақырында билік басындағылар мешітті жауып ты­на­ды.

Жатақхана болып, атқора мен қойма қызметін де атқарып, қараусыз қалып келген жәдігердің бүгінге дейін жету жо­лындағы өткерген қиыншылықтары кейін ұмыт болды. Егемендік алған тұс­та­ры алғаш рет «Жібек жолы» жобасы не­гізінде мемлекеттен қаржы бөлініп, «Абай­дың мұражайы» деген бағдарлама аясын­да қайта ашылды.

Абай тоқтаған үй

Жазба деректерде кеңінен сөз болатындай, болашақ ұлы ақын Қарқаралыға жиі атбасын бұрып тұрған. Қасиетті өлкені Шыңғыстаудан кейінгі екінші атамекені санаған. Қарқаралының Абай жү­ре­гіне айрықша жақын болуының үлкен бір себебі – ақынның анасы Ұл­жан Қара­кесек руының қызы болса, алған жары Ділдә да әріде Қаздауысты Қазы­бек би, беріде Тіленші бидің ұрпағы Алшын­­байдың нәсілі екені белгілі. Бұл жайт әлбетте болашақ ақынның қызығы мол қалаға жиі келіп-кетіп жүруіне ық­пал еткені сөзсіз.

Абайдың Қарқаралыға алғашқы са­па­­ры негі­зінен мешіттің құрылыс жұ­мыс­тары бас­талған кезеңмен тұспа-тұс келе­ді. Оны ақын жиі түсіп, қонақ болатын татар көпесі Халиолла Бекметовтің көктөбел ағаш үйінің маңдайшасында жазылған: «Бұл үйде 1850 жылы ұлы ақын-ағартушы Абай Құнанбаев болған» деген дерек растай түседі. Егер ақынның 1845 жылы өмірге келгенін ескерсек, онда Абайдың Қарқаралыға алғаш 5 жа­сын­да табан тигізгеніне көз жеткізуге болады. Ал бұл уақыт әкесі Құнанбай қажы­ның Қарқаралыға болыс болып сайланып, мешіт құрылысымен қызу айналысып жатқан уақытын көрсетеді. Оны Мұхтар Әуезов те «Абай жолы» роман-эпопеясында жақсы суреттейді: «Абай әкесімен бірге Қарқаралыда тұрғалы көп күндер болды. Қазірде қыс әбден түсіп, қар бекіп алған-ды. Құнанбай кішкене қаланың тап ортасындағы көк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен. Қазағуар, қонақ­шыл татар саудагерінің үйі...» деп жазады қаламгер. Жазушы айтып отыр­ған қонақжай шаңырақ біз сөз еткен татар саудагері Халиолла Бекметовтің көктөбел үйі екендігі анық.

«Құнанбай Абаймен бірге Халиол­ла­ның үйіне бірнеше рет келген. Өйткені Қарқаралы дуан орталығы болғандықтан жиі келіп тұратын. Бірнеше күн бұрын өзінің келетіндігін арнайы кісі жіберіп хабарлап отырады екен. Сыйлы қонақ­тар­ды күту үшін Халиолланың үйі ал­дын ала дайындалып, Құнанбайға ар­на­­йы тай сойғызады екен» деп жаза­ды қарқаралылық ақсақал Ахметбек Әрінұлы өз еңбегінде. Ал академик Ақжан Машановтың естелігінде мынадай дерек сақталған: «Абай әр келген сайын Халиолла байдың «Көк үйіне» атбасын тіреп, қадірлі қонақ ретінде қабыл­данған. Жиһаз-жабдығы мол, бай кітап­ханасы бар осынау еңселі ағаш үйде демалып жатып, өлең жазған. Абай­ды Қарқаралы жастары қошеметтеп қарсы алып, оның келуін үлкен өлең-жыр­дың мерекесіне айналдырған. Оны Бекметовтер әулеті мен қаланың белді азаматтары кезек-кезек қонаққа шақы­рып, құрмет көрсеткен. Ол сонымен бірге қансонарда аңға шығып, құс салып, тазы қосып, түлкі аулаған».

Кезінде бұл көктөбел үйдің алдында қонақ қабылдайтын арнайы жай болған деседі. Үйдің қорасы үлкен. Қораның таба­нына қыш тас төселген. Ол кезде аулада үлкен үш қора орналасыпты. Біріншісінде келген қонақтардың көлігі, екіншісіне малдың жем-шөбі, үшін­ші­сінде сауын сиырлардың қорасы мен қасапхана болған. Бірнеше жыл бойы баптап, арнайы кептірілген үлкен бөренелерден қиюластырып салынған тарихи жәдігердің тағы бір ерекшелігі – үйді салу барысында шеге атаулы мүлдем пайдаланылмаған. Білетін адамдар Халиолланың қора-жайы қандай үлкен болса, дастарқаны да сондай мол, ел-жұртқа аса сыйлы болғандығын жиі сөз етеді өз зерттеулері мен жазба есте­лік­терінде. Адамгершілігі мен қайрат­кер­лігі де өз алдына бір төбе. Тіпті, Құнан­бай қажы мешіт құрылысын қолға алған­да Халиолла Бекметов тарапынан руха­­ни һәм қаржылай көмек күшіне ие болған.

Татар көпесінің ағайынға бергісіз бауыр­малдығы мен мәрттігін аса жоға­ры бағалаған Құнанбай қажы кейін Халиоллаға Тобықты руынан шық­қан өзінің жақын қарындасы Ғайни Шоң­байқызын алып беріп, арала­рын­дағы дос­тықты жүзжылдық туыстыққа ұлас­ты­рады. Ғайниға дейін Ләтифа, Хадиша, Фатима есімді үш әйелі болған саудагер, әрқайсысына жеке-жеке ағаш үй тұр­ғы­зып, өзі өмірінің соңына дейін Ғайни­мен бірге осы көктөбел үйді тұрақ еткен.

Осы тұста тағы бір маңызды дерек – Халиолланың үшінші әйелі Фатимадан туған Гүлбаһар (Күлбіш) – қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі, белгілі қоғам қайраткері Жақып Ақбаевтың жары. 1922 жылы Жақып Ақбаев Алаш өкіметі мүшесі болғандығы үшін айыпталып, өз қаражатына салған бас­па­насы заңсыз тәркіленіп, арыстай басы абақтыға қамалған қиын-қыстау шақта заңгердің далада қалған отбасы мен бала-шағасы осы көктөбел үйді пана­ла­ған.

Құнанбай мешітімен салыстырғанда Абай үйінің ғимараты біздің заманға толық жетіп отыр. Ақын аралап көрген бөлмелер мен саусақ табы қалған дің­гек­тер жақсы сақталып, қаз-қалпында келер ұрпақ қолына табысталды. Бүгінде бұл ғимаратта дарынды жастарды өнер нәрі­мен сусындататын «Саз мектебі» орна­ласқан. Оқу ордасынан түлеп ұшқан талай қарлығаштар өнер әлеміне қанат қағып, өрелі биіктерге қол жеткізуде.

Түйін

Қазақтың қаншама тұлғасы босаға­сын аттап, мол дастарқанынан дәм тат­қан киелі шаңырақ күні бүгінге дейін Қар­қаралыдағы әдемі әрі әшекейленіп са­лынған еңселі һәм тарихи құнды жәді­герлердің қатарында. Талай-талай қысыл­таяң шақтарды басынан өткерсе де, өзінің қасиетінің арқасында екі ғасырға жуық сақталып келген таза ағаш­тан қиып салынған шежірелі қос мекен: Құнанбай қажы мешіті мен Абай түс­кен үйдің тарихтың тағылымды бет­те­рінен алар орны айрықша. Қазіргі таңда жәдігерлер Қарқаралының мақтан тұта­тын орындарының бірі саналып, ұлы Абай жолының тағылымды тармағына ай­налған. Табалдырығында қажы Құнанбай мен дана Абайдан бастап, Алаш арыстары мен ұлтымыздың небір қайраткер тұлғаларының ізі сайрап жатқан киелі мекен осы бір қасиетімен құнды.

Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы