Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2019

Сүлесоқ пендені дүниеге әкелетін...

778 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақты ұлт ретінде жоюды кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде жүргізген патша билігі мемлекетіміздің белгісі хандықты, ұлттың өзін өзі билеуінің көрінісі ақсақал, билер билігін жойып болған тұста революция әлемді төңкерді. Төңкеріспен билікке қолы жеткендер қазақты құртып, жеріне ие болып қалу саясатын ұмытқан жоқ. Тек әдісін өзгертті. Орыстандыру саясаты жүйелі түрде жүргізілді.

Сүлесоқ пендені дүниеге әкелетін...

Әуелгі кезекте әр отбасын қа­зақы тірліктен, қазақы дүние танымнан, отбасының бірлігінен, қазақы тәрбиеден айыру керек еді. Біреудің екінші әйелін сол әйелдің еркінен тыс жылатып еңіретіп, күйеуінен зорлап айыру жаппай өрістеді. Әр отбасына «цивилизация» осылай әкелінді. Елді бүлдіргіш бірен-саран құтырған жаулықты да табылды. Олар ел-елді аралап «әйел теңдігін» жырлап бақты. Ер мен әйел тең. Еркек не істесе әйел соны істеуге болады деген ұғым әйел санасына сіңірілді.

Бұл саясат елді дүрліктірген бай атаулыны жаппай кәмпес­келеумен, одан әрі «көтеріліс жасады» деп 1930-1931 жылдары азаматтарды топ-тобымен атумен, 1932 жылғы халықты жап­пай қырып салған аштықпен, одан тірі қалғанды «халық жауы» деп көзін құртумен, енді ғана өсіп келе жатқан жастарды фашизмнің оғына байлаумен жалғасты. Қазақ халқы есеңгіреп қалды. Осы тұста «Целина» деген опасыз айқай басталып, әр ауылға түрме-түрмені мекен еткен неше алуан бұзықтар қотарыла төгілді де, қазақ саны өз жерінде 30%-ға жетпей қалды. Есеңгіреген қазақ жаппай орысша шүлдірлей бастады. Біздің ауылдың басқармасы Тәйім ақсақал картобын жинау үшін Рудниктегі орыстан «картошка там ли, машина нам ли» деп көмек сұрап барыпты.

Қазақ тілі отбасылық тіл, тіп­ті одан да төменгі жағдайға тү­сіп қалды. Қазақ мектептері сол­түстік облыстарда жаппай жабылса, басқа аймақтарда «шықпа жанымның» жағдайында еді. Мек­­тептерде қазақ тілі «керексіз пән» ретінде қаралды. Тіпті қа­зақ балабақшалары да жоқ еді. Бетбақдаланың шетіндегі бала­бақ­шаның аты «Чебурашка» еді. «Қай қазақ тілін бұрап мұны айтып жатады, «Шұбарешкі» дейді ғой» дегенімізге сол совхоз парткомы аттай тулап ашуланды. Бір партком «Итазу» деген жерді «Бұл не сұмдық? Енді бұл жерді «Новая заря» деу керек» деп өзеуреді.

Шаладүрсін парторгтар ақ­са­­­қал­дардың көненің сөзін ай­туына, жыраулардың есімін атау­­­ға тыйым салды, тіпті қатты қа­­дағалады. Өткен ғасырдың жиыр­­­масыншы, отызыншы жыл­дар­дағы қазақ оқығандары, зия­лылар қазақтың ұлттық болмысы, болашағы үшін жанталаса кү­рескен. Ендігінің қазақ болмысынан алыстап оқығаны, шала оқығаны, институттың «заочники», «заочно» бітіргені, өзін «зия­лы» деп санайтыны партияның айтқанын бұлжытпай орындаушы, партия саясатын жүргізуші ғана. Сол партияның негізгі көздегені қазақты ұлт ретінде жою екенін түсінгісі де келген жоқ. Сөйтіп басына осыншама ауыртпалық түскен, есеңгіреген халық бала-шағасын жаппай орысша оқуға беріп, қазақтың ұлттық бейнесінен бірауыз сөз айтпай өзі білетін, іштей ұғатын жағдайдан баласын «әйтеуір тірі жүрсін» деп ау­­лақтатты. Қазақ отбасынан шық­­қан балалар орыстың қазақы көшірмесі болып шыға келді. Кеңес­­тік отбасылық саясат, сол сис­тема дегеніне жетіп қалды. Сөй­тіп отбасы орысша ойлайтын, сөйлейтін адамдарды шығаратын конвейерлік машинаға айналған. Бір көршінің қызы «я русская» дегенінің куәсіміз. Соны естіген әкесі өзінше мәз.

Сөйткен кеңестік жүйе де кел­меске кетті. Осы тәуелсіздік ал­ған ширек ғасырдан асатын уақыт ішінде қазақ жерінде туып-өскен қазақтың баласы не таза орысша, не екі сөздің біріне «русскийін» қосып сөйлеп жүр. Орамалына шашын жасыру түгілі, шолақ дамбал киген талай әйел баласын «Иванушка» демесе де «Иманжан» деуге тілі келмей жүр. Өткен сұмдықтан ары­лу­дың бірден-бір жолы отарсыздану, яғни қазаққа жат пиғыл­дан, жаулық әрекеттерден, соны жүргізушілерден құтылу бізде іске аспады. Қандай режім болса да жабыса салатындар үшін «Отан», «ұлт», «мәдениет» деген ұғымдар жат, өздерінің қарақан бастары аман болса, кенедей жабысып ші­реніп жатса болғаны.

Солардың ықпалымен қазақ елінің рухани дамуы, тіл мен дін­нің өрістеуі мәдениеттің өсуі өз өзінен біртіндеп орын алады деген енжарлық ұғым пайда болды. Тіл шұбарланса, түрлі діндер, секталар араға кіріп, қотыр ешкідей болып шыға келдік.

Жастарға балалық шағынан ұлттық құндылықтарды, ұлттық болмысты, тіл, дін, мәдениет туралы ұғымдарды жүйелі түрде сіңірмеудің салдарынан кешегі жаппай кітап, газет оқитын отбасын ештеңе оқымайтын отба­сыға айналдыру салдарынан ен­ді ештеңеге қызық­пайтын, ынталанбайтын сүлесоқ жандар шығып жатыр.

Шетелдердің рухани экспансиясы отбасылық бірлікті іріте тү­суде. Мұсылман елдерінде ажы­расу 1 не 2% болса, бізде 30%-дан асып кетті. «Суицид» деген пәледен әлемнің алдындамыз. Те­­ле­­дидардан әркімнің кө­ретіні отбасындағы ұрыс-керіс. Осыдан «үлгі» алған соң... Қазақ «әйелдің үндемегені – билік айт­қаны» деп ұғынатын, қыздарға осыны ұғындыратын, ері де осы ережені білетін, соған сүйе­нетін. Қазақы тәрбиені жү­йелі түрде ұғындыратын теледидар бар ма? Бүлінгенді көріп ішің ашиды да.

Салмақты, жұртты ілгері сүй­рер идеологияның болмауы салдарынан кешегі партияшылдар енді рушылдықты қоздырып әлек. Бір бабасын «күн көсем», әйтеуір шоқпар ұстағанын «Алпамыс» жасап, бұрынғы ұлтты ұйытқан тұлғалардың арда ісін жасырып, тіпті есімін өшіруге әуес. Кейбір шенеуніктер аудандық музейден Шортанбай жыраудың есімін алып тастаса, енді біреулері оны қалпына келтіруге қарсылық көр­сетіп, кедергі жасауға тырысуда.

Шортанбайдың кітабы­ның профессор Виннердің ауда­руымен, зерттеуімен ХІХ ғасырда ағылшын тілінде Амери­када шыққаны олар үшін керек емес. Көз бар, көңіл сөнген, сана соқыр. Ұлы жы­рау­дың кітабының аты «Зар заман». «Зар заман» деген жасырын ұйымға Әлихан Бөкейханұлының 20 жасында мүше болғаны санасына сәуле түспегендерге қажеті жоқ.

Санамыздың тұмшалануына ұлттық әуеннің, ұлттық музыка­ның бүгінгі халі де қатты әсер етуде. Ұлттық әуеннің сарқыл­мас қайнар бұлағы, өзіңді қа­зақ екеніңді сез­діретін, Ұлы дала­ның ұлы еке­ніңді жүрегіңе құйдыратын Бір­жан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Абайдың әндерін теледидардан соңғы рет қай жылы естігенімізді ұмытып қалдық. Осы елге қазақ керек пе, керек емес пе деп жүр едік, Елбасы ұлттық мереке – Домбыра күнін жария етті. Қуа­нышта шек жоқ. Әрі қарай... «Әрі қарай қалай болар екен?» деп жүрек күпті. Аудандарда домбырамен ән айтқызбай қойғалы қашан? Осы шара ілгерілеп кету үшін де Үкіметтің арнаулы шеші­мі керек екені айдан анық. Әр концертте Біржан, Ақан, Ыбырай, Мұхит, т.б әндерінің орындалуы бағдарламаның жартысына жетуі керек екені ашық айтылған шешім болмаса, Домбыра күні де аяқсыз шараның бірі болып қала ма деседі жұрт.

Тәуелсіздік алғанымызға ши­­­рек ғасырдан асып кетсе де бү­гінде жиырмадан асқан жас­тар орысша сөйлесіп, не қаза­ғы қо­йыртпақ тілде ұғысып жат­қа­ны әркімге аян. «Қазақтар өз тіл­деріңді өздерің біліп алыңдар, бізде нелерің бар» деген бөтен жұрттың келемежін сан естідік. Өз тіліне ие болмаған біздей елді таба қояр ма екенсіз. Орысы жоқ жерде, ауданда, орыс класын ашып жүрген де біз. Өркениетті елдер тілін таза сақтау үшін тіл полициясын енгізген. Бізде өзге жұрт үшін зорлық жоқ, қазақ бола тұра қасақана тілді бұзған қазақты жөнге салуы үшін тіл полициясы ауадай қажет жағдайда тұрмыз.

Марқұм биші Майя Плисец­кая­ның интернет парақшасына «қа­зақтың орысқа құлай бе­ріл­гендігі, орысша акцентсіз сөй­леуге тырысып құбылуы қан­дай жиіркенішті, қандай өкінішті опа­­­сыздық» деп жазғаны айдай шын­дық. Би­шінің осы сөзін әр ме­кеменің маң­дай­шасына іліп қой­са болар еді.

Япыр-ай! Ендігінің баласы да қыста жабағыға мінуді қойыпты. «Жабағыңыз бар ма?» деп тізіліп тұрушы еді.

Енді ол да көрген түстей. Бала біткен үй күшік. Компьютерге не қалтафонға тел­мірген. Әкесі мен шешесінің жұм­сағанына қыр­сыға үн қатып, тыржиған хал. Жабағы дегеннен қасқырды көр­ген­дей шошиды. Ұлы даланы дүбірлеткен жауынгер халықтың ендігі ұрпағы осы. Атқа мініп Ұлы даланы кезбек түгілі айфонынан бас көтермеген мыналар кісімен кісіше сөйлесе алар ма екен? Осылардан ұлттық намыс­ты қорғайтын азамат шы­ғады деу бекершілік болар. Ба­лалар жабағыға емес, айфонға «мініп» шапқылап келеді. Сү­рі­неді-ау. Беймәлім асауды қалай ауыз­дық­таймыз?

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы,
«Құрмет» орденінің иегері