Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2019

Президент Жолдауын жамбылдықтар да қолдайды

257 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру бойынша актив жиыны өтті. Актив жиналысына облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, облыс әкімдігінің басқарма, аумақтық департаменттер, құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындарының басшылары, саяси партиялар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен облыстық ақпараттық топ мүшелері қатысты.

Президент Жолдауын жамбылдықтар да қолдайды

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жолдауда қамтылған маңызды бағыттарды атап өтті. Әкім маңызды құжатта әлеуметтік саладағы отбасы институтын қолдау мен инклюзивті қоғам құру, білім беру,  медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапалы болуын қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік қолдау жүйесінің дамуы, отандық зейнетақы жүйесін дамыту сынды өзекті мәселелерді шешу көзделгенін жеткізді. Сонымен қатар, осы мақсаттағы тапсырмалардың жүзеге асырылуын орындауда жауапкершілікті күшейту және нақты шаралар қабылдау қажеттігін түсіндірді.

Жолдауды өңірде іске асыру бойынша облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова баяндама жасады. Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Президент Жолдауында айтылған заман талабына сай тиімді мемлекет, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі және қуатты өңірлер – қуатты ел бағыттары жөнінде әңгімеледі.

«Экономикалық өрлеу және әлеуметтік саланың барлық бағыттары бойынша саяси реформалар кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеті тұр. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату алдағы уақытта атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу аса маңызды. Елімізде белгілі қоғам өкілдерін қамтыған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Алдағы уақытта, өңірдегі Қоғамдық кеңестер де өзекті проблемалардың тиімді шешімдерін табу бағытында жұмыстар жүргізетін болады. 

Елбасы төрағалық ететін «Nur Otan» партиясы бүгінде халықтың шынайы сенімінен, үдесінен шыққан халық партиясына айналды. Өңір тұрғындарының мәселелерін шешуде облыстағы басқа да бес партияның филиалдары да белсенділік танытулары керек», деді Сұлушаш Құрманбекова.

  «Мемлекет басшысы «Ата заңымызға сәйкес азаматтардың өз ойын еркін айтуға құқығы бар» екендігін баса айтты. Сондықтан, Тараз қаласы мен аудан әкімдерімен бірлесе отырып, қолданыстағы заңнама аясында бейбіт акциялар және наразылық шараларын ұйымдастыру тәртібі мен өткізу орындарын қайта қарайтын боламыз.

«Ел бірлігі – оның әралуандығында!» принципі облыста тұратын 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері үшін басты ұстанымға айналуы тиіс. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру – маңызды міндет. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, Тараз қаласы мен аудан әкімдері ұлтаралық татулықты нығайтуда жүйелі жұмыстар жүргізетін болады. Жақын арада қабылданатын «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» үкіметтік емес ұйымдардың жауапкершіліктері артып, жаңа міндеттер жүктелмек. Сонымен бірге, алдағы жылы әл-Фарабидің  1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өту бойынша облыс деңгейінде тәрбиелік мәні бар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Ел өміріндегі маңызды мереке –Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты өткізілетін шаралар тәуелсіз мемлекетіміздің жетістіктері мен құндылықтарын жастарымыздың терең біліп, сезінулеріне  бағытталмақ», деді ол. Сонымен қатар, Сұлушаш Құрманбекова сыбайлас жемқорлықпен күресу – негізі міндеттеріміздің бірі екенін айта келіп, ағымдағы жылы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында тұрғындар тарапынан 140 шағым түсіп, оның 52 мәселесі шешілгенін, қалған 88 мәселе бақылауға алынғанын жеткізді. Мемлекеттік қызмет көрсетудің барынша ашық болуын қамтамасыз ету, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 6 сервистік әкімдіктер мен фронт-офистер ашылғаны, 7 мекеменің басшысы «оупен спейс» форматында жұмыс істеуге кіріссе, 133 мемлекеттік орган басшысы кабинеттерін бірінші қабатқа көшіргенін айтты.

«Мемлекет Басшысы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Бұл бағыттағы ең тиімді шаралардың бірі – индустриялық аймақтар құру. Шу ауданында «Тараз Химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым құрылысы аяқталуда. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы «Тараз Химиялық паркі» Басқарушы компаниясымен бірлесіп, жобаларды уақтылы іске асыру үшін, заңнамаға сәйкес барлық мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін болады. Тараз қаласының аумағында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құру жұмыстарын аяқтау міндеті тұр. Бүгінгі күнге тіркелген 84 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі жұмыс жасайтындарының үлесі 80,3 пайызға жетті. Ол, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020»  бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 8 айында 4,5 миллиард теңгеге 290 жаңа жоба іске асырылуда», деді Сұлушаш Құрманбекова өз сөзінде.

Сондай-ақ, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Еркебаев, «Жастар зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Парида Мамедова және өзге де азаматтар өз салалары бойынша Жолдаудың бағыттарына сәйкес тапсырмалардың жүзеге асырылуы туралы қабылданатын шаралар мен атқарылатын жұмыс жоспарларымен таныстырды.

Жиын соңында Асқар Мырзахметов Президент Жолдауын түсіндіру бойынша құрамында 102 мүшесі бар 11 облыстық ақпараттық топ құрамы жасақталғанын айтты. Бекітілген кестеге сәйкес, топ мүшелері жыл соңына дейін облыстың 50-ден астам елді мекендеріне шығып, мекемелерде, еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, кәсіпорындар мен мәдениет үйлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Сонымен қатар, Жолдауда айтылған міндеттерді орындау бойынша облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, қажетті шаралар қабылданады.

 

Жамбыл облысы