Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2019

Евгений Хисметов: Отандастарымның басына іс түс­кенде үйде жата алмадым

263 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыста болған апат кезінде ерлік танытып, елге көмектескен және сол апаттың салдарын жою жұмыстарына белсене атсалысқан бір топ азаматтарды өткен жұма күні Ақордада қабылдап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Шын мәнінде бейбіт күннің батырлары деп айтуға тұратын сол қазақстандықтардың ішінде Арыстың өз тұрғындары, әскерилер мен өрт сөндірушілер, құрылысшылар, сондай-ақ алыстағы ағайынның қабырғасы қайысқанда қарап отыра алмай, арнайы барып айрықша көмек көрсеткен еріктілер де бар. Солардың бірі – қарағандылық Евгений Хисметов. Өз ықтиярымен Арысқа барып, екі ай бойы сондағы жұмыстарға жанын сала атсалысқан Евгенийдің бұл ісін жүректе жанған ізгілік алауының көрінісі десек те жарасады. «Ер – елдің ық жағының қалқасы, жел жағының панасы» деген осы. Біз Ақордадағы марапаттаудан кейін Евгений Хисметовке арнайы жолығып алған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Евгений Хисметов: Отандастарымның басына іс түс­кенде үйде жата алмадым

«Менің бұл ісімді бағалап, қол­дап-қолпаштап жатқан қазақстан­дық­тардың баршасына айтар алғысым зор. Отандастарымның басына іс түс­кенде үйде тыныш жата алмай, бір күннің ішінде жиналып, Арысқа аттанып кеткенім рас. Әлбетте, мұны жүрек қалауымен ерікті түрде істедім. Дегенмен, бұл турасында айтылып, жазы­лып жатқан дүниелер менің көңі­лімді марқайтады, мен үшін ол үлкен мәртебе», деп бастады әңгімесін дәл қазіргі уақытта есімі ел аузында жүрген қарағандылық Евгений Хис­метов.

– Евгений, ел есіміңіз бен ерлік ісіңізді естіп білгенімен, өзіңіз туралы толыққанды ақпаратпен әлі таныса қойған жоқ...

– Мен Саран қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Кезінде бокспен айналысқанмын, спорт шеберімін. Бастығымыз Райымбек Сыздықов құдай бере салған жақсы адам, үнемі қолдап, көмектесіп жүреді. Арысқа барам деп шешім қабылдағанда да ол кісінің қолдауы маған ерекше әсер етті. Айтпақшы, ол кісі Рио-2016 олимпиадасының жүлдегері, балуан қызымыз Эльмира Сыздықованың немере ағасы.
Жалпы, мен күнделікті өмірде қоғамдық істермен айналысамын. Мысалы, ішімдік пен нашақорлыққа тәуелді жандарға дерттен арылу үшін қолдан келген көмегімді көрсетемін. Темір тордың ар жағынан келген жандарға да қолұшын беріп, бүгінгі өмірге бейімделуіне көмектесемін.

– Өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Оқырман қауым сіздей бейбіт күннің батыры жайында кеңірек білгісі келеді.

– Отбасым өте қарапайым: келін­ше­гім мен үш балам бар. Зайыбым Екатерина Ақтас кентіндегі «Арман» аула клубында әлеуметтік педагог және педагог-ұйымдастырушы болып жұ­мыс істейді. Балаларымның үлкені – қызым Ангелина 15 жаста, жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатының жүл­дегері. Екінші қызым Алиса биыл жеті жасқа толды, ол да әпкесінің ізін басып, жеңіл атлетикамен айналысам деп жүр. Ал кенжеміз Леонид алты айдан кейін екі жасқа келеді.
Осы жерде мынаны айта кеткім келеді: отбасында көп нәрсе әйел затына байланысты. Мысалы, зайы­бым мені әрбір істе үнемі қолдап жүре­ді. Арысқа аяқастынан кетем деген­де ол кісінің шошып кеткені рас. Де­ген­мен, менің алған бетімнен қайт­пай­тынымды білетіндіктен, келісімін бе­ріп, вокзалға дейін шығарып салды.

– Арыс қаласындағы ерлік ісі­ңіз­ден бүкіл ел құлағдар. Де­ген­мен, есте қалған қызықты оқи­ға­ла­ры­ңыз болса, ықыласпен тың­дау­ға әзірміз...

– Арыста Шымкенттен келген жұмысшылармен тіл табысып кеттім. Біз негізінен апатты жағдайлардағы үйлерді бұзып, оның орнына жаңасын салумен айналыстық. Көп ұзамай жаңа жолдастарым маған үлкен сенім артып, құрылыс материалдары сақталатын қойманың кілтін тапсырды.

Арыстағы жұмысшыларға күн-түн демей еңбек етуге тура келді. Менің өзім жұмысты таңғы сағат 8-ден бас­тап, түнгі 11-ге дейін құрылыс басында жүрдім. Бұдан бөлек, түн ішінде келген көліктерден жүк түсіру де біздің мой­нымызда болды.

Есте қалар оқиға дегенде, мынаны айтуға болады: еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қа­ласына келгенде менің қарауымдағы қоймаға бас сұққаны бар. Қолымды қысып, ісіме сәттілік тіледі.

Одан кейін мынадай да оқиға болды: бір күні аяқастынан снаряд жарылсын. Жұрттың бәрі жан-жаққа безіп кеткенде мен жұмысымды істей бердім. Біраз уақыттан кейін бәрі қайтып келді. Өмір деген осы ғой, бәріне сабырмен, шыдаммен қарау керек.

Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» тақырыбына арналған мақаласын оқығаным бар еді. Ол кісі «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген пат­риот­­тық сезімге ұласады», деп жазды ғой. Мен Арыс қаласында бар бол­ға­ны өзімнің патриоттық борышымды өтедім.

– Арыстың қарға миын қай­нат­қан ыстығына қалай шыда­ды­ңыз?

– Рас, Арыстың ыстығы алапат болды. Бірнеше апта бойы ауа температурасы 60 градус ыстықтан түспей тұрып алды. Басынан күн өтіп, құлаған адамдарды да көрдім. Менің өзімнің де басым айналып, есімді әрең жиған кездерім болды. Жергілікті тұрғындардың мұздатқышына суды қатырып, сол мұзбен жан сақтадық.

– Арыста атап өткен туған күн мерекеңіз туралы айтып берсеңіз...

– Иә, тағдырдың жазуымен өзімнің 41-ші туған күнімді Арыстағы жұмысшы ағайынның арасында атап өттім. Негізі, туған күн дегенге бұрын онша мән бермейтінмін. Ал Арыста жекеменшік мерекемді қиын жағдайда басымыз тоқайласқан жолдастар арасында «тойлағым» келді. Ортаға екі қарбыз, консервіленген ет және қант пен шайды қойып, туған күнімді атап өттік. Есте қалатындай-ақ күн болды.

– Сіз кезінде көше кезіп жүрген талай баланы қанатыңыздың астына алып, оларды спортқа баулыған екенсіз. Әлі де бұл істі жалғастырып келесіз. Мұндай іске сізді не нәрсе итермелейді?

– Қарағандыдағы Әлия Молда­ғұ­лова атындағы спорттық мектеп-интернатты бітіргеннен кейін жекпе-жек түрлерімен айналыстым, дос­тарымды жаттықтырып жүрдім. Бірде көшеде келе жатқанымда киімі жұпыны, кір-қожалақ екі баланы көрдім. Сөйлесе келсем, екеуінің де әке-шешесі ішкілікке салынған екен. Әлгі балаларды үйге әкеліп, жуын­дырып, тамақтандырып, ұйқыға жатқыздым. Содан бастап көшеде қаңғып жүрген бала көрсем болды, оларға қолұшын беруге тырысамын. Бала шіркін тегіннен-тегін көше кезіп кетпейді ғой, берекеті кеткен ұясынан безеді де.

Өткен ғасырдың 90-жылдары әлеуметтік-тұрақсыз отбасы­лар үшін ерекше қиын болды. Маған жат­ты­ғу­ға келген балалар то­йып тамақ ішпегендіктен әлі құрып құлап жататын. Сол кездерде қытай кеспесінің 10 будағын легенге салып, үстіне екі шәйнек қайнаған су құйып, балаларға тамақ әзірлеп беретінмін...

– Сіздің кезінде «Арыстан» жекеменшік қайырымдылық қорын құрғаныңызды білеміз. Осы ұйым туралы мағлұмат бере кет­сеңіз.

– Мен жаттықтырған балалардың саны күн өткен сайын көбейе түс­ті. Олардың көбінің әлеуметтік жа­ғы­нан аз қамтылған отбасылардан екенін есепке алсақ, спорттық киім-кешекке, жарыстарға баруға еде­уір көлемде қаражат керек болды. Бір сөзбен айтқанда, басқа тартсаң аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпейтін күй кештік. Міне, осы тығырықтан шығу үшін, 2010 жылы «Арыстан» қайырымдылық қорын құруға тура келді. Қор аз ғана уақыттың ішінде әлеуметтік-тұрақсыз отбасылармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың материалдық және идеологиялық қолдауына ие болды. Ал арада екі жылдай уақыт өткенде «Арыстан» облыстағы үздік қайырымдылық қор ретінде танылды.

– Ұзақ жылдардан бері бала тәрбиесімен айналысып ке­ле­сіз. Олардың ішінде «қиын» жет­кін­шек­тер де аз емес көрінеді. Тәрбие мәселесінде сіз қандай ұстанымды құп көресіз?

– Балалармен жұмыс істегенде оңды-солды ақыл айта бергеннен гөрі іспен үлгі көрсеткен жөн. Ең бас­тысы, бала тәрбиелеген адам шыдамды болуы керек. Уақыт өте келе олар өздеріне «Мен жақсы адаммын ба? Жақсылық жасағым келе ме, жасауға қабілетім жете ме?», деген сұрақтарды қоя бастайды. Мұның өзі үлкен жетістік.

Бүгінде менің қарамағымда жат­ты­­ғатын балалар жалғызбасты зей­нет­керлерді қамқорлыққа алып, оларға қолдан келген көмектің бәрін жасайды. Үйінің ауласын жинап береді, көктем шыға тал егеді. Баланы қайырымдылықпен тәрбиелеу – «Арыстан» қорының негізгі ұста­ны­мы­ның бірі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»