Руханият • 10 Қыркүйек, 2019

Мемлекетшіл

378 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміздің бүгінгі Парламентінің құрамында өмірі мен еңбегі тікелей мемлекет құрылысымен, мемлекетке адал қызмет етумен байланысты тұлғалар баршылық. Солардың бірі де, бірегейі де, көрнектісі де біздің әріптесіміз – Қабиболла Қабенұлы Жақыпов. Қабекеңнің өмір жолы – тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланып, шаңырағы көтерілген алғашқы жылдармен астасып жатқан елеулі кезеңдерге толы өсу жолы.

Мемлекетшіл

Бала кезінен еңбектің қадірін біліп, мектептегі оқуын ұқыптылықпен тәмам­дап, болашағын өндіріс саласынан іздеп, техника жағалап, еңбек жолын жергілікті ауданның электр байланыс жүйесінде үш-төрт жыл жұмысшы-электрмонтаждаушы болып бастаған. Орта мектепті бітірген соң дүниеге аппақ мөлдір сезіммен, ашық сеніммен қараған бала жігіт нағыз өмір еңбек ұжымында екенін, адамдармен қарым-қатынаста болудың, араластықтың, сыйластықтың, адалдықтың қасиетінде жатқанын терең­нен түсініп, өмірге құштарлығы арта түскен. Ақыры жоғары оқу орнында арнайы білім алып, құрылысшы-инженер мамандығын игеріп, он жылдан астам аудан, облыстық құрылыс трестерінің бас инженері қызметтерін абыроймен атқарып жүргенде, өңір басшылары облыс орталығы атқару комитеті төра­ға­сының орынбасарлығы қызметіне ша­қыр­ғанда, өзінің құрылысшылар ортасынан кеткісі келмеп еді.

Сол кездегі облыс басшысы Мұста­қым Біләлұлы Иқсановтың: «Қарағым, жақ­сы маман екенсің, елдің қамын ойлай­тын басшылық қызметтерге сендей – шаруаны білетін, ұйымдастыру қабілеті озық, адам тұрмысына жанашырлық көрсе­тетін, құрылысты ұйымдастыру мекте­бінен өткен адал адамдар керек. Кезін­де мен де құрылысшы болғанмын. Трес­тің қызметі үлкен болғанымен, ол бір сала. Енді бүкіл қаланың барлық тұр­мысына жауап беретін боласың. Сен­дер­дің білек сыбанып жұмыс істей­тін кез­дерің. Кел», деген ағалық, ақылгөй – қам­қор­лық сөзінен аттай алмады.

Тәжірибелі, іскер ұйымдастырушы, ұзақ жыл­дар республика, облыстар басшысы болған көрнекті мемлекет қай­рат­кері Мұстахым Біләлұлының тікелей қамқорлығын, тәрбиесін көріп, көп жаңалықты үйренді. Ысылды. Кемел­денді. Өсті. Өрісі кеңіді.

«Жас келсе – іске» демекші, ол кезде 280 мың­нан астам тұрғыны бар Батыс Қазақ­стан облысының орталығы – Орал қала­сы басшысының орынбасары, басшысының өзі болып он бір жыл қызмет істеген жылдарын Қабекең ерекше жылылықпен, қимастықпен еске алады. Шынында да, «отызында орда бұзар, қырқында қамал алар» шағында күн-түн демей, қала тұрмысын қалай жақсартамын деп қажымай-талмай ел үшін аянбай еңбек еткен жылдары ерекше жанына жақын екенін де айтады.

Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің ең қи­ын алғашқы жылдары облыстық қала­да­­­ғы ерен еңбегі жоғары бағаланып, Қа­зақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Қабиболла Қабен­ұлы­на зор сенім көрсетіп, оны Батыс Қазақстан облысының әкімі етіп та­ғай­­ындады. Біз­дің мемлекетіміздің тәуелсіздігі жария­ла­нып, бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, бүкіл экономикалық, саяси жүйе күйреп, өндіріс орындары өнім­дерін тоқ­татып, жұмыссыздық жайлап, елдің тұр­мысы мейлінше төмендеп, бү­кіл қо­ғам дағдарысқа ұшырап тұрған, сұ­рағы, күмәні көп, жауабы жоқ кезең еді сол жылдар.

Қабекең Орал қаласының, одан облыс әкімі болған 1989-2001 аралығында 13 жыл сол кездегі Одақ, республика көле­мінде дендеген экономикалық және сая­си күйзелістің ең ауыр шағында елді ізденіске ұйымдастырып, жаппай жұмыссыздыққа жол бермеуге жұ­мыс­танып, кәсіпорындарды модерниза­ция­лаумен күн демей, түн демей шұ­ғыл­дан­ды. Өндіріс болмаған соң, әрине өнім жоқ. Өнім болмаған соң – қаржы жоқ. Қаржы жоқ жерде салық төлеу, аяғы – бюджет жоқ. Бюджет болмаған соң жалақы, зейнетақы жоқ – бір-бірі­мен ұштасып, туындап, жалғасып жат­қан дүние. Сондай ауыр жағдайларда елдің, қоғамның жауапкершілігін өз мой­нына алып, елдің тұрмыс әлеуетін ұйым­дас­ты­рып, мемлекет мүддесін қорғай білу де әркімнің қолынан келе беретін іс емес екендігі көпке белгілі.

Қабиболла Қабенұлы жоғарыдағыдай сындарлы кезеңдерде жұртпен бірге қоғам­ның қиын түйіндерін шешуге батыл әрі біліктілікпен араласа алған қайрат­кер бола алды. Қандай қиын жағдай­лар­да елмен ашық әңгімелесіп, тек қиын­дық­тар­ды түсіндірумен шектелмей – сол қиындықтар мен қайшылықтарды еңсеру жолдарын ұсынып, оған қоғамның қол­дауын, адамдардың белсенді түр­де қатынасуын қамтамасыз етуге айрық­ша күш салды. Халықты еліміздің Тұң­ғыш Президентінің реформаларын жү­зе­ге асыруға жұмылдырып, жаңа эко­­но­ми­ка­лық жүйе қалыптастыруда то­лас­сыз әрі нәтижелі еңбек еткенінің ай­ға­ғы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қабе­кең­нің еңбегіне баға берген мына сөз­деріне назар аударсақ та жеткілікті: «Сіз еңбек жолыңызды қарапайым құры­лысшы-инженерден бастап, ел Үкі­меті құрамында жауапты қызметтер ат­қардыңыз. Мемлекеттік басқару орган­да­рында ұзақ уақыт еңбек етіп, оның ішінде сегіз жыл бойы облыс әкімі қыз­ме­тінде Батыс өңірдің экономикасы мен әлеу­меттік саласын дамытуға елеулі үлес қостыңыз», деп бағалапты Елбасы.

Сол жылдары өндіріс орындарын, сауда салаларын жекешелендіру де қа­тар жүргізілді. Бұл – біздің тұрмы­сы­мызда бұрын болмаған беймәлім жаңа­лық болғаны да рас. Алайда жеке­ше­лендіру науқанына, әсіресе мәдениет үйлері, кітапхана, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандардың құн­сыз шарпылып, ел тұрмысын төмен­деткені де белгілі. Міне, осы сапы­ры­­­лысқан тұста облыс басшысы Қабиболла Қабенұлының пәрменімен Батыс Қазақстан облысында балабақша­лар, кітапханалар, мәдениет үйлерінің жаппай үлеске таралуына жол берілмеді. Әсіресе жұмысшы-мамандар да­­йындайтын бірде-бір кәсіптік-тех­никалық училище өз жұмысын тоқ­тат­қан жоқ. Экономика оңалып, ре­фор­­­малар алғашқы оң нәтижелерін бере бастаған тұста көптеген өңірде жо­ғары­дағы әлеуметтік нысандарға қайта­дан сұраныс көтерілгенде Батыс Қа­зақстан өңірінде бұл әлеуметтік сала жүрісінен жаңылмай, жұмысын жал­ғас­ты­ра берді.

Көптеген кәсіпорынға шетелдік ин­вес­­торлар келіп, жаңа технология жаб­ды­қталып, жұмыссыздық жойыла бастады. Жұрт Назарбаев реформаларының мәнісін түсініп, жаңа өмірге бейімделіп, эко­номиканың жаңа талаптарына сай ең­бек етуге жұмылды.

Қабекең сол дағдарысты жылдары облыстың үш ауданының елді мекен­де­ріне 900 шақырымнан астам газ құбыр­ларының өткізілуін, 11 мектеп, 5 аурухана, 6 балабақшаның, 4 ауыл­дық клуб салынуын ұйымдастырып, қамта­масыз етті.

Әрине қандай да экономикалық, тұр­мыстық оң нәтижелер адамдардың өзара түсіністігі қалыптасып, бір мақсат, бір мүддеге жұмыла алғанда ғана болары анық. Сондықтан да Қабекең өзінің бар тәжірибесі мен мүмкіндігін қоғам­ның тыныштығы мен бейбіт өмір сү­руін қамтамасыз етуге арнағаны анық. Әкімшілік қызметкерлері, жергі­лік­ті мем­­лекеттік институттардың бі­лік­т­­­ілік­пен әрі әділдікпен ел арасында жұмыс ұйым­дастыра білуі кезек күт­тір­мес ма­ңыз­ға ие болды.

Кезінде Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы күйзеліс қиын­шы­лық­тар­ды сипаттаған зама­нымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев Қабекеңнің қайраткерлігі туралы: «Ондай кезде ел басқару екінің бірінің қолынан келмейді. Жұрт басына түскен қиындыққа қинала жүріп шыдайтын айрықша төзім керек еді. Қабиболла бойынан сондай таусылмас төзім табылды. Күйзеле жүріп, күлді. Күңірене жүріп, төзді. Жұрт­шы­лық­ты келешек күнге сендіре білді. Жаңа істерді қолға ала жүріп, бәрінің де бір күнгідей болмай, оңалып кетеріне көзі жетті. Ең қиын заманда да халықтың көңіл күйін аулады...» деп ой қорытқан екен.

Қабекеңнің басшылығымен облыс орта­лығының сән-салтанатын жарас­тырып, өңірде ұлтымыздың рухани құн­­ды­лықтарын ұлағаттап, тарихи ес­керт­­­кіштерді қалпына келтіру, ұлты­мыз­­­дың ұлы тұлғаларының ұмы­тылған есім­дерін ұлықтау, ескерткіштерін орнату, көршілес Ресей облыстарындағы отандастарымыздың біздің елге келуіне қамқорлық жасау сияқты көптеген тың шаралар жүзеге асты.

Мемле­кеттік қызметтің жауап­кер­ші­­­лігі туралы әңгіме біздің қоғамда жет­­­кілікті. Алайда мемлекеттік қыз­мет­­керлер, олардың еңбегі туралы пікірлер көбіне біржақты айтылады. Олар­дың барлығы да өз ортамыздан, өз қоға­мы­мыз­дан шыққан азаматтар.

Әрине, мемлекеттік қызметкердің мемлекетшіл болуы басты талап болса керек. Сонымен бірге адамның ар, ұят, жауапкершілік сияқты толып жатқан қырларымен қатар, өз еліне деген ерекше құрметі, патриоттық санасының орны ерекше. Бұрынғы Одақ кезінде кімге болса да Мәскеуде лауазымды қызметке шақырылу жоғары мәртебе, бедел болатын. Кезінде ондай таңдау Қабекеңе де түскен. КСРО Көлік-құрылыс министрі И.Д.Соснов жас маманға ықыласы ауып, оны министрлікке тең келер алып трест басшысы қызметіне шақырғанда рахметін айтып, өз елімде еңбек етуім керек деп шешкен.

Қабекең облыс әкімі болған тұста ел шетіне көрші елдерден қоғамдық ықпал күшейіп, тіпті кейбір біздің ұлттық мүд­демізге қарсы топтар құрылып, жік­шілдікке күш салған жағдайлар аз бол­мады. Елдің бірлігін, тыныштығын, ынтымағын қалыптастырып, мемлекет конституциясының орындалуын қам­тамасыз етуде облыс басшысы сабырлы, салиқалы әрі нәтижелі жұмыс жүргізуді жолға қойды. Демократияны желеу етіп қоғамды әртүрлі топтарға бөліп, өзінше «көсем» болғысы келгендер де аз болмады. Сондайлармен сөйлесу, олардың қоғам тыныштығына қайшы әрекеттеріне жол бермеу тікелей жергілікті билікке жүктеледі. Қабекең оның бәрін сауаттылықпен, заң аясында ұйымдастыра алды.

Қабиболла Қабенұлының ұзақ жыл­дарғы жемісті еңбегі бағаланып, Аста­на­ға жоғары лауазымды қызметке келді. Оның тәжірибесі орталық мемлекеттік бас­қару жүйесіне қажет болып, он жылға жуық еліміздің Көлік және ком­­муникация министрінің бірінші орын­басары, Премьер-Министр Кең­се­­сі басшысының орынбасары, Пре­зи­дент­тің Парламенттегі өкілдігінің басшысы сияқты жауапты мемлекеттік қыз­мет­тер­ді абыроймен атқарды.

Мемлекетіміздің билік тармағының ең маңызды саласы – заң шығарушы орган – Парламент екендігі тайға таңба басқандай Конституциямыздың арнайы бабында жазылғанын халық біледі. Сондықтан да Парламент мү­ше­сі болып сайланар адамның мем­ле­­­кетшіл болуының маңызы зор. Пар­­ламент депутаттарының әрқай­сы­­сы­ның өмір жолы, бейімі алуан түр­лі. Атқарушы билік, салалық минис­тр­­ліктер немесе сот билігінде негізінен, бел­гілі бір салалардың мамандары ғана еңбек ете алса – Парламентке сан алуан ма­ман­­дық иелері, қандай да салалар, ашық қоғам өкілдері сайлана алады. Сондықтан да Парламент құрамы азаматтық қоғамның айнасындай. Әри­не Парламентте ең алдымен білімді, білікті мамандар, тәжірибелі мемлекет қызметкерлері, өмірдің әртүрлі кезең­де­рінен өткен, халықтың жағдайын білетін, түсінетін, мемлекетшіл санасы қалыптасқан, қандай да бір қарама-қайшылықты тұстарда орынды пікір, салмақты сөз айта алатын тұлғалардың болуы – бастапқы қажеттілік. Бүгінгі Парламент депутаттарының қай-қайсысы да осы талапқа сай талқылаудағы заң жобаларының қажеттілігін әрі тиім­ді­лігін жақсартуға үн қоса алатын, д­а­йындығы жеткілікті саясаткерлер. Со­ны­мен бірге мейлінше әртүрлі әлеу­меттік топтардың, әсіресе жастар өкіл­дерінің сайлануы да сабақтастық дәс­тү­рін қалыптастырып, мемлекет іргесін күшейтуге септігін тигізері де хақ.

Қабекең Парламентке келмес бұрын жоғарыда айтылған жауапты кезеңдердің бәрінен үлкен тәжірибе жинақтап өтті.

2007, 2012 жылдары «Нұр Отан» партиясынан Мәжіліс депутаты болып сайланып, Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Төрағасы болды. Қабекең қай дәрежеде болса да халқына қалт­қы­сыз қызмет етумен жүрген ұлт тұлға­ла­ры­ның бірі екендігін адал әрі абыройлы еңбегімен көрсетіп келеді.
Тәуелсіздік жылдары қоғам түбегейлі өзгерді. Заман келбеті өзгерді.

Қазақстан Парламенті заң шығару жұ­мы­сында – біліктілігін, біздің қоғамның мәдениетін ел алдындағы жауапкершілік қызметін көрсетуге міндетті. Біздің хал­қымызда дауыс көтеріп, екпіндеп, қат­ты сөйлеу дәстүрі болғанымен, ешқа­шан әдептен тыс дөрекілікке жол беріл­меген. Керісінше, ерте заманнан бү­гінгі ұрпаққа мұра болып қалған – біліп, біліммен сөйлеу, қарсы жақтың жа­ны­на тигенімен, арына, намысына тимей, кемсітпей сөз қадірін көтере ойын жеткізу мәдениеті сақталған. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ше­шімімен депутаттардан құрылған Әдеп кеңесі де негізінен осы мақсатты көздейді. 90-шы жылдардың басында кеңінен өріс алған популизмнің уақыты өткен. Даңғаза айқайдан гөрі салиқалы ұсыныс, орынды пікір қосу маңыздырақ. Парламенттегі әріптестер жұмыс топтарында, комитеттерде пікір салыстыра жүріп, ел игілігіне ортақ шешім, ортақ мүддені көздейтін мемлекеттік әрі мем­ле­кетшілдік ұжым.

Қабиболла Қабенұлы парламенттік қызметте сондай жол, жөн көрсете алатын, биліктің заң шығарушы тармағы мен атқарушы салаларының қыр-сырын білетін салмақты, беделді тұлға. Оның елімізде парламенттік институттың, сондай-ақ қоғамда саяси мәдениеттің нығаюына қосып жүрген еңбегі орасан.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты