Руханият • 10 Қыркүйек, 2019

Даңқың дәуірлей берсін, Димаш!

1171 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өнердің бір асуынан соң екінші асуына көтеріліп, тыңдаушысының жүрегіне нұр құйып, жанына сәуле төгіп келе жатқан Димаш Құдайбергеновтің аты мен атағын естіген сәт-сағаттан бастап, оның әр қадамын, әр жүрісін, әр концертін қалт жібермеу әдетіме айналды. Тыңдап отырып, жаным бір рахат күйге бөленеді. Апыр-ай, қазақтың әні мен сазын осыншама құбылтып, тыңдаушысының тұла бойын кезіп кетер сиқырлы құдіретке қалай елтімеуге болады?

Даңқың  дәуірлей берсін, Димаш!

Бұл – даусыз анық!

Әрине жұмыр жердің кие­лі төсі сан түрлі дарындар мен таланттарды ашудай-ақ ашқан. Бірақ қазіргідей мә­дениеттер бірімен-бірі араласып, ұлттардың рухы мен рухани әлемі қиындықтардың та­лай үлгісін басынан өткізіп келе жатқан дәуірде тілді сақтау мен ұлттың рухани болмысын сақтау қиынның қиыны. Осы тұрғыдан алғанда, Димаш Құдай­бергеновтің ғажайып да­усына бір сүйсініп, оның туған ана тілінде соншама еркін сөйлеп, қазақтың халық әндерін өз мәнерінде нақышына келтіріп орындағанына екі сүйсінесің. Димашты тыңдап отырып, Ұлы даламыздың кереметтей әуендері мен құдіретті сарындарына қанат біткенін аңғарасың. Ондаған ғасырлар қойнауынан ұлы бабаларымыздың рухы өре тұрып, космостың шуағы мен нұрына шомылып жатқандай күйге түсесің.

Мұндай күйге түсірген Димаш­тың даусы мен қазақтың рухы!

Димашты тыңдау – мен үшін жұмақ үнін тыңдағанмен бірдей.

Димашты тыңдап отырып, әуелі көз алдыма қазақтың кең-байтақ даласын елестетемін. Елес­тетіп отырып, осындай ұл­ды тәрбиелеген ата-анасына, ата-әжелеріне іштей рахмет айтамын. Өйткені туған елінің өсіп-өркендеуіне, туған же­рінің көркейіп-гүлденуіне, ұлт абыройының асқақтауына үлесін қосар, парасатты, талантты азамат тәрбиелеу сөз жоқ кез келген адамның, ұлттың арман-тілегі. Бұл арман-тілектің оп-оңай жүзеге аса қоймайтыны бесенеден белгілі. Ол үшін әлгі айтқан табанды ізденіс, текті тәрбие, темірдей төзім керек! Өз басым осындай ізденіс пен тектіліктің, төзім мен дарынның жарқын мысалын Құдайберген ақсақалдың отбасылық өне­ге­сінен көргенімді айрықша айт­қым келеді. Ол кісінің ұлы Қанат пен келіні Светлананың өз өнерлерімен, жайдары, көпшіл мінездерімен айналасына шуақ шашып, көрші-қолаң, ағайын-туыс, дос-жаран, жегжат-жұ­рат арасында абыройға, сый-құр­метке бөленіп жүргенін б­ұ­рын да білуші едім. Енді міне, Құдайберген ақсақалдың немересі – Димаштың таңға­жайып әншілік құдіреті мил­лиондардың жүрегін қапысыз бау­рап алғаны бәрімізді тәнті етті. Көбімізді толғантып, ойлантып қана қоймай, сонымен қоса қанаттандырып жіберді!

«Халық айтса қалт айтпайды» деген бұрынғыдан жеткен тәмсіл бар. Бір ғана қазақ емес, бүгінде Димаш Құдайбергеновті нағыз өнерді бағалай білер әлем­нің төрт бұрышы тегіс танып, мойындап отыр. Үлкеніміз де, кішіміз де өнерге қатысы барымыз да, қатысы жоғымыз да шын қуанып жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, қара қазақ жұрты қуана қол соғып, қалпағын аспанға атқылауда. Ұлт болып қуанып, жұрт болып мақтануды үйренгендейміз. Тәубе!

Сондай ағынан жарылып, алаш жұртын қозғап жі­берген алғашқы ақ жүрек сұхбат­тардың бірі – Нұртілеу Иман­ғалиұлының Димаштың анасымен жүргізген әңгімесі. Бұл әңгіме барысынан аңғарған ең маңызды мәселеміз – ана аузымен айтылған ұлттың тамаша сипаттары, үлкенді – үл­­кендей, кішіні – кішідей сыйлаудың үлгілері. Журналист ән­шінің анасы – Светлана Ер­мекқызының ішкі жан әлемін ашуда үлкен шеберлік танытты. Соның нәтижесінде қазақ әйе­лінің ұлт, ұрпақ туралы ойлары көрермен жұртшылыққа жетті-ау деп ойлаймын.

Сөйлеген сөзі де, киген киімі де қазақы Светлана Ермекқызы журналист сұрақтарына қай­та­р­ған жауаптарында ата-ене­сімен жиырма бес жыл бірге тұрғанын, қазақ келіндеріне тән ибалы мінез шекарасынан шықпағанын әсерлі баяндады. «Ыдыс-аяғы сылдырламайтын үй бола ма?». Ара-тұра сондай жағдайларда ерлі-зайыпты екеуі бір-бірін көздерімен, қас-қа­бақтарымен түсініскендерін, үлкен кісілердің көзінше мі­нез танытып, әбестікке бармаған­дарын айтқанда еріксіз риза бол­дық. Бұл сайып келгенде, бүгінгі жастарға үлгі болар, ой саларлық өнеге. Мұны шығыс елдеріне тән қазақы тәрбие мен мұсылман мәдениетінің тамаша көрінісі деп бағалауға болады.

Светлана Ермекқызының: «Ата мен әже бар жерде қа­зақы тәрбие болады. Бала еркін өседі. Қазақы орта мен қазақы тәрбиенің құдіретін ұрпаққа дұрыс түсіндіру үшін аталар институты мен әжелер институты керек. Оны ел арасында міндетті түрде насихаттай білуіміз қажет. Солай еткенде ғана дәстүр жалғастығы үзіл­мейді», деген сөздері кім-кімді де терең ойға жетелері анық. Ақылды, көрікті, мінезі ұстамды Светлана Ермекқызының бұл ұс­танымдары бү­гінгі жас жұ­байларға үлгі болары күмәнсіз.

Димаштың аты шыққалы қоғамда бір өзгеріс байқалады. Қазір қазақтың көп жігіттері мен қыздары: «Біз неге өз тілімізді білмейміз? Бұл кешірілмейтін кемшілік екен-ау», деушілер қатары молайып келеді. Димаш­ты ұнататындар қазақ тілін бі­луге мойын бұра бастады. Бұл игі­лікті бетбұрыс.
Жақында менің Мәскеудегі бір танысым телефон соқты.

– Біз қазақ тілі үйірмесін ашып, қазақ тілін үйреніп жүр­міз, – деді.

– Иә...Оған не себеп болды? – дедім.

– Димаш Мәскеуге келгенде қазақ әнімен қарсы алуға дайындалып жатырмыз, – деді ол. Бұл сөз маған күш берді, бойымд­ы мақтаныш сезімі биледі. Әрі-беріден соң қолыма қалам алып, осы мақаланы жазуыма мұрындық болды.

Есімде қалған тағы бір ай­рықша жағдайды айтқым келеді.

Қытай елінің үлкен сахнасында Димаш Абай сөздерінен үзінді келтіріп сөйлегеннен кейін қытайлық жанкүйерлер: «Абай деген кім? Ол қандай ғұлама?» – деп сұрау салып, қы­зығушылық танытқан. Абайдың шығармаларымен танысып, баспадан миллиондаған данамен кітап етіп шығарған. Оны сол елдің жұрты таласып-тармасып сатып алған. Міне, данаңды дәріптеп, ұлтыңды насихаттаудың үлгісі! Осындай қасиет әрбір жеткіншектің бойынан көрініп жатса ғой... Осының өзі Димаш бойындағы ұлттық намыстың дәреже-деңгейін тасытып жатқан жоқ па? Ұлт болмысы осындай қасиеттерден құралса, шіркін?!

Тағы бір әсерлі тұс... Әншінің Лондонда өткен концертіне 47 елден фанат-жанкүйерлер қа­тысып, тілеулес болғаны. Кө­ріп отырып, рухани ләззат алдым. Араларында қол арбада отырған жандардың да болғаны бізді таңғалдырды. Димаш осылай дүние жүзі өнер жанкүйерлерінің деле­бесін қоздырып, өнерді, ұл­тымыздың рухын бағалауға орасан себеп­кер болып отыр. Сол Лон­дон сахнасында Димаш «Адай» күйін орындағанда қазылар алқасының орындарынан тұрып, ұзақ қол соққанын қалай ұмытуға болады?! Ереже бойын­ша қазылар орындарынан тұ­ру­ға, қол соғуға құқылары жоқ еді. Бірақ тұрды. Бұл да Димаштың ғажайып әншілік дарынының қуаты шығар?! Димаш Лондон сахнасында миллиардтаған жан­күйер­леріне қазақ дом­бы­ра­сының күмбірлеген дау­сының құ­діретін танытты. Шет­елде, тіпті өз ішімізде қазақ ті­лінде сөйлегісі келмей, оған мән бермей жүрген қазақтардың намысын оятып, жүректеріне жігер отын құйды.

Димаштың астанамыз Нұр-Сұлтандағы кон­цертінің қалай өткенін ел біледі. Жиналған жұрт үш жарым сағат бойы әрбір әнді орасан қуанышпен, асқақ сезіммен тыңдады. Оның қайталанбас, теңдесі жоқ өнерін атасы, әжелерімен қатар отырып мен де тамашаладым. Ол кісілердің ішкі мәдениетінің жо­ғары екенін байқадым. Өнер үз­дігінің әсем әнінен алған әсер-сезімімді сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес! Оның әрбір әніне таңдай қағып, тамсанумен болдық. Димаштың сахнадағы өзін еркін ұстауы, саз әуеніне беріліп, кейде тізерлеп, кейде шалқалай шал­қып ән шыр­қаған әр сәттері көз алдымда. Димаштың жүріс-тұ­ры­сынан, сөйлеген сөзінен, жан­күйерлеріне айтқан әдемі әзіл-қалжыңынан жасандылық сезілмейді.

Димаш сұрақтарға қазақ тілінде жауап берді. Осы мысал­дың өзі оның тілімізді, салт-дәс­түрімізді, ұлттық мәдениетімізді жоғары бағалайтынын, жан-тәнімен құрметтейтінін, ішкі дүниесі рухани бай екенін танытты. Сүйсіндік. Ол әсірелеп айтсақ, «бесіктегі баладан белі бүгілген қартқа» дейін жүрек­терді жаулады.

Оның әсем әнін, дүниеде сирек кездесетін сұлу даусы­н тыңдаған әлемнің бар түк­пі­ріндегі жұмырбас пенденің те­біренбей қалғаны жоқ...

Ұлы Қытайдың үлкен сахнасында Димаш ән шырқағанда залдағылар өздерін өздері ұмы­­тып, басын шайқап, ерін­де­рін жымқырып, айқайлап, қайсыбіреулері көздеріне жас алып, үстін-үстін қол соғып, қошемет көрсетті. Біз осындай ғажайып көріністің куәсі болдық. Ырымдап немересінің атын Димаш Ахметұлы Қонаев­тың атымен атаған Құдайберген ақсақал қандай арманшыл жан десеңізші?! Жас Димашты ұлы Абай мен Құрманғазы ата­ла­рының, кемеңгер Димаш Ах­метұлы Қонаев пен қазақ атын алғаш дүние жүзіне та­нытқан Әміре Қашаубаевтың аруақтары әрдайым қолдап, қорғай берсін!

Құдайға шүкір, қазақ мәде­ниеті, қазақ өнері таланттарға ешуақытта кенде болып көрген емес. Дүние жүзі өнер сүйгіш жанкүйерлерінің қошемет-құр­метіне бөленіп жүрген жұл­­дыздарымыз қаншама? Димаш – сол ондаған ғасырлық өлмес тарихы бар қазақтың ән-күйі­нің өзіне дейінгі ата-әже­лері­нің, аға-апаларының жолын жал­ғастырушы ұлт өнерінің ере­сен жүйрігі! Димаштай өнер құбылысының біздің қазақ жерінде дүниеге келгеніне рия­сыз көңілімнен шүкіршілік айтпақпын! Ақсақалдық жасқа келген адам ретінде берер батам: «Еліміз аман болсын! Дима­шымыз тіл-көзден аулақ болсын! Ұлт намысын өзінің туабітті талантымен, күш-қуа­тымен, ақыл-парасатымен қор­ғайтын ұл-қыздарымыздың қатары көбейсін! Даңқың дәуірлей берсін, Димаш» деп, мақаламды аяқтағым келеді.

Мүслім ДАЙЫРБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері