Руханият • 10 Қыркүйек, 2019

Халықтың Шерағасы туралы естелік

819 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықтың Шерағасына айналған халық жазушысы Шерхан Мұртаза бұл күндері арамызда жүрсе ғой, алдағы 28 қыркүйекте 87 жасқа толар еді...

Халықтың Шерағасы туралы естелік

Даңқты қаламгердің жуалылық жерлесі, қаламдас інісі, жазушы-режиссер Доқтырхан Тұрлыбек жақында оқырмандарға жып-жылы естелік кітабын ұсынды. Небәрі 125 па­рақтан тұратын алақандай ғана кітап­ша «Шераға» деп аталады, «Шер­хан­ның Түркібасы», «Шерағаның бір кем дүниесі», «Жуалының «Павлик Морозовы», «Мына диюды қалай ноқталап жүрсің?», «Жақсы адамның ашуы» атты тағы да бірнеше естелік әңгімелерден құралған. Әдебиеттің әзіл-сықақ жанрында да ерекше өз үлесі бар белгілі қаламгер Доқтырхан Тұрлыбектің естелік жазбасы Шерхан Мұртазаның бір заманда ұлттық телеарнаны басқарып жүргендегі, елдегі, ел арасындағы, ұлттық басылымдарда басшылық қызметтегі басынан кешкен үздік те үзік естеліктеріне ар­налған. Кітапта әрдайым қабағы түюлі, кейбір сәттерде күндей күркіреп қоятын Шерхан Мұртазаның адами болмысын шуақты әзілмен жуып-шайып, ойнақы, жеңіл, уытты тілмен суреттеген тарау-тұстар баршылық.

...«Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына кіре берісте Шерағаммен кездесіп қалдым.Түрі суық, сәлемімді әрең алды.

– Сен бала, мен жайында не былжырап жазып жүрсің? – деді мұрты едірейіп. Шерхан Мұртазадан мұндай қат­қыл сөзді өз құлағымен естіген жан бар ма екен?! Доқтырхандай ба­лаң жазушының сондағы көкжал алдын­дағы бүріскен көжектей кейпін көз алдыңызға елестетіп көре беріңіз.

– Ел аузында... айтылып жүрген... Ғабең екеуіңіз туралы әдемі... әзілді «Айналайын» деп ат қойып жазып ем...

– Қай басылымда жарияланды? Бірдеңені шатып-бұтсаң, менен жақсылық күтпе!

– «Жалынға» шыққан... 1997 жыл 8-ші саны...

– Бір жаққа сандалып кетпе. Үйіңде бол! Үш сағаттан соң телефон соғамын. Айтпақшы, телефон нөмірің қандай еді?

Бұл үш сағаттың Доқтырханның тағдырында қандай рөл ойна­ғанын оқырманның іші сезіп те отыр­ған шығар. Содан... «Шерхан Мұр­таза тұп-тура үш сағаттан соң теле­фон қоңыраулатты» деп жазады сас­қалақтап, жанын қоярға жер таппай отырған Доқтырхан.

«Доқа, оқып шықтым, все нормально, – деп, телефон тұтқасын қоя салды. «Уф...» дер-деместен сылқ етіп отыра кеттім» деп аяқталады әңгі­ме. Қызықты естеліктің арқауына қазақ­тың ғажайып қаламгерлері Ғабит Мүсі­репов пен Шерхан Мұртазаның ара­сында өткен қандай оқиға сеп болғанын осы «Шераға» атты кітапшаны қолыңызға алғанда қанығасыз!..

Шерхан Мұртазаның қасиетті қаламынан өрілген шындық шығар­малары, оның буырқанған бояуы, елім-жерім, ұлтым-тілім деген уытты ұстанымдары, әрбір азаматтың көкейіндегісін дөп басатын ой-та­нымдары бүгінге дейін де талай-талай әдебиет зерттеушілерінің еңбе­гіне азық болғаны рас, бола беретіні және ақиқат. Белгілі жазушы Доқ­тырхан Тұрлыбектің бұл сүйінші данасы – «Шерағасы» сондай толымды дүниенің бірі. Шераға туралы естелік – Алматыдағы «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрді.

АЛМАТЫ