Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2019

Баянауылдың бір байлығы – орманы

996 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сібірдегі орман өрті ресейліктердің мазаларын кетіргенін теледидар арқылы көріп отырдық. Солтүстік өңірде де ыстық болғандықтан Павлодар өңіріндегі орманшылар, өрт сөндірушілер, төтенше жағдайлар басқармасы биыл күндіз-түні табиғат күзетінде болды.

Баянауылдың бір байлығы – орманы

– Біздің басты қызметіміз де, мақсатымыз да осы орманды, табиғатты қорғау. Өрттен сақ­тап, орманын, өсімдігін, жан-жануар­ларын көбейту. Баянауыл ұлттық паркі 1985 жылы құрылды. Жалпы аумағы 68452,8 гектарды құ­рай­ды, оның ішінде орманмен қам­тыл­ған аумағы – 14 890 гектар. Аума­ғы жағынан еліміздегі ең үл­кен табиғи парк. Жыл сайын парк аумағында ағаш, қарағай өс­кіндерін егеміз. Парк бойынша 37 гектар көлемде 2 жылдық ор­ман ағашының көшет­те­рі отырғызылды, 73 гектарға то­лықтыру, 255 гектарында кү­ту жұ­мыс­тары жүргізілді, – дейді парк басшысы Сүйіндік Ахмет­жа­нов.

Жалпы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Баянауыл, Жасыбай, Далба деп аталатын үш бөлімшеден тұрады. Табиғи парк аумағы 9079 гектар,­ экологиялық тұрақтандыру аймағы 4695 гектар, туристік және рекреациялық аймағы 11615 гектар, шектеулі шаруашылық қыз­мет аймағы 25304 гектар деп бөлінген.

С.Ахметжановтың айтуынша, ұлттық парктің жедел басқару құзырына аумағы 60 мың гектар болатын «Қызылтау» қорығы енген, ол жерде сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген жа­нуарлар мен өсімдіктер қорғалады.  Табиғи паркте қызмет ететін 111 адамның 102-сі мемлекеттік инс­пекторлар. Олар ерекше қорға­ла­тын аумақта орналасқан жануарлар және өсімдіктер әлемін қорғау жұмысымен айналысады.

Қазіргі кезде ұлттық паркте өсім­діктердің 552 және жануар­лар­дың 45 түрі бар. Оның ішінде Қызыл кітапқа 5 өсімдік, 12 жа­нуар түрі енген. Өртке қарсы шаралар және биотехникалық жұмыстарды жүргізу үнемі бақылауда. Парк бойынша 30 құстың ұялары орман ағаштарының зиянкестермен зақымдалған орындарына орнатылды.

– Өсімдіктер фаунасында таби­ғат құпиялары көп. Біздің орманда өте сирек кездесетін өсім­діктер бар, бұл зерттеуді қажет етеді, – дейді орманшылар.

Бұл күндері орман алқабын кеңейту, орманды өрттен қорғау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Далба» орман шаруа­шы­лығында егілген 18 гектар шыр­ша қазір орманға айналған. Қайың, терек бір-бірімен таласа өсіп келеді. Орман шаруашылығы Баян­ауылдың оңтүстік шығысына қарай орналасқан. Оған Күркелі, Жаңатілек ауылдық аумағының жер­лері қарайды. Қорғауға алын­ған жалпы аумағы 26 355 гектар жердің 12 пайызы орман жа­мылғы­лары. Бөлімшеде 21 тәжіри­белі орман инспекторы қызмет етеді.

– Шырша ағашы жылына 40-50 сантиметрге дейін өседі, – дейді шаруашылық басшысы Еламан Кендіров. – Ауылдан бөшкелеп су тасып, қолмен суардық. Жазда арамшөбін жұлып, топырағын қопсытып, баптадық. Орманға айнала бастаған өскіндерді көргенде орманшы болудың қасиетін түсі­несің. Жұмыс мұнымен де біт­пейді. Шырша алқаптарын кеңейту ойымызда бар.

Орманшылардың айтуынша, қазір заңсыз ағаш кесу тыйылған. Ауыл тұрғындары да, жастар да ор­маншылармен бірге барып, ағаш отырғызып, оны күтіп-баптайды екен.

– Жас егілген шыршаларға өрт, қар да зиян. Қар басып, бұтақтарын сындырады. Сондықтан қыста күтімсіз болмайды. Бұрындары Баян­ауылда қараағаш көп егілді. Шыршамен бірге қараағаш алқап­тарын көбейтсек, орманның енді ғана егілген алқаптарын қорғап қала аламыз, – дейді орманшы Мұрат Камали.

Ал байырғы орманшылардың бірі Құрман Ермекбаев қарамағын­да­ғы 4 инспектормен бірге орман алқаптарын күзетеді. Орман ал­қабында отырғызған 10 гектар шырша көшеттері қазір «бойжетіпті».

Өздерімен бірге Хамит Ибраев, Олжа Закриянов, Мереке Айханов, Ерсін Бакиров, Нұрлан Шекебаев, Талғат Закриянов, Сәкен Өмірбаев және басқа да байырғы орманшылар еңбек етуде.

Үкіметтің 2017 жылғы қаулы­сы­мен қазан айының үшінші жексенбісі «Орман шаруашылығы қыз­меткерлерінің күні» кәсіби мерекесі болып бекітілген. Бұл мереке еліміздің, жеріміздің байлығын қорғап, сақтап жүрген қарапайым орманшылар үшін үлкен мәртебе.

Орман шаруашылығында отбасыларымен бірге еңбек етіп жүрген Айнағұлов, Солтаналин, Теміров, Имановтар әулеттерін баян­ауылдықтар мақтан етеді. Мысалы, Құсайыновтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 79 жыл, Турбало әулетінің өтілі 43 жыл және Рахметовтердің еңбек өтілі 35 жылға жеткен.

– Бұл әулеттердің өнегесі орманшы кәсібін отбасылық мұра етуге, жастар арасында еңбекке құрмет, мамандыққа деген мақ­та­ныш сезіміне тәрбиелеуге ықпал етеді, – дейді С.Ахметжанов.

Бүгінде парк аумағында Орман шаруашылығы және жануар­­лар дүниесі комитеті бекіт­кен 13 ту­рис­­тік бағыт бар. Таби­ғат қорғау шаралары барысын­да мектеп оқушылары жыл сайын іс-шаралар өткізіп, орман алқа­бын­да құстарға ұялар орнатып, сенбіліктер жасайды.

Ал тосыннан болатын орман өртін қадағалау оңай емес. Сон­дықтан табиғатты қор­ғау­шылар дамыл тап­пайды. Қай уақытта болсын Ор­ман шаруа­шы­лықтарындағы мәселе – орман өрті­нің алдын алу.

Жалпы мәліметтер еліміздің мемлекеттік орман қоры 26,2 миллион гектарды алып жатқанын көрсетеді. Жеріміздің 4,6 пайызын орман алқаптары құрайды. Оның бір пайызы Павлодар облы­сының үлесіне тиесілі екен. 2010 жылы болған өңірдегі орман өртінің зар­дабын ауыл тұрғындары әлі ұмы­та қойған жоқ. Өрт салдарынан орманға жақын отырған осы ауыл­дағы бірнеше отбасының үйлері, қора-қопсылары тұтастай жанып кетті. 2005-2011 жылдары өңір­дегі Бесқарағай, Шалдай ормандарына от қойғандар да кездесті. Баянауыл орманы да сондай уақытты өткерді. Өңір тұрғындары, әсіресе орманға таяу орналасқан ауылдар алапат орман өрттерін бастан кешірді. Адам шығыны да болды.

Облыстық орман және аңшы­лық шаруашылығы аумақтық басқармасы 2004 жылдың 8 айын­да облыс аумағындағы бүкіл орман шаруашылығында 188 рет өрт оқиғасын тіркепті. Өрттің салдарынан жалпы аумағы 195 гектар орман алқабы күлге айналды. 2003 жылы 164 өрт болып, 5 мың гектардай жер өртенген. Орман өрттерінің шығу себебі табиғат құбылысынан емес, адам қолымен жасалған көрінеді. Кезінде өңір­дегі өрттен кейінгі ормандарды аралап көрген Шерхан Мұртаза аға «Ақындар мен әкімдер» деген кітабында осы жайды жазды да. Айтпақшы, Сібірдегі орман өр­тінің қасіретін Георгий Марков өзінің «Сібір» деген романында баяғыда жазып кеткенін қазіргі жас тілшілер оқып көрсе түсінер еді, жылар еді.

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Жуырда өңірлік Төтенше жағ­дай­лар департаментінің мәліме­тін­ше, аумағы шағын болса да, Баянауылдағы мемлекеттік Ұлт­тық табиғи паркінде шілде айында өрт шыққан. Өртті дер кезінде сөндіру үшін жергілікті төтенше жағ­дайлар бөлімдері, Өскемендегі «Қазавиаорманқорғау» меке­ме­сінің «Ми-8» тікұшағы, Көк­ше­тау қаласының «Құтқару» бөлі­мінен «Ми-26» тікұшағы жұ­мылдырылды. Бүгінде өрт қаупі жіті бақылануда. Өрттің шығу себебі мен салдары, келтірілген шы­ғынды анықтау мақсатында орман шаруашылығынан арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде.

– 2016-2018 жылдары алапат өрттер бола қойған жоқ. Дегенмен, бір жылда 16 рет шағын өрт тұтанғаны тіркелді. Оның аумағы 0,3 гектарды шарпыды. Біздің негізгі міндетіміз болғандықтан, орманды өрттен қорғауға ерекше назар аударамыз, – дейді парк басшылығы.

– Орманды сақтау – міндет. Орман – байлық. Орман ша­руа­шы­лықтарына үстіне су бөшкесі ор­натылған «Уаз» автокөліктері қажет. Техникаларды да, байланыс ра­цияларын да жаңартатын уақыт жет­ті. Заманға сай техникаларды игерсек, – дейді орманшылар.

2017 жылы Үкімет тарапынан Баянауыл ұлттық табиғи паркі мен Алакөл демалыс орталығына бір-бір 20 кісілік кішігірім ұшақ бе­рілген. Қазіргі уақытта 4 тікұшақ алаңы және 1200 метрлік ұшу жо­лағы бар әуежай құрылысы жал­ғасуда. Парк басшылығы су мұ­на­расын тұрғызып, кәріз жүйе­сін ор­талықтандырып, қоқыс өң­дей­тін шағын зауыт ашуды жос­парлауда.

Жалпы, Баянауыл орманда­ры сонау 1926 жылдан бастап қорғауға алынған екен. Қазақ ыры­мында ағашты кесуді, өртеу­ді жаманшылыққа балап жатады. Баянауыл орманы да жер үшін күресіп өткен ата-бабалар жолының ізі қалған шежіре. Қалмақ қосындарын қуған Абы­лай­дың жасақтары орманды олар­ға бекініс жасауға бермегені тарих­тан белгілі. Ұрпағына аманат етіп қалдырған қалың орманды аман сақтау – баршамызға міндет.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы