Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2019

Дала жыры аңқыған дидарласу

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Санкт-Петербургте шығатын «Невский альманах» журналын бұрынғы одақ құрамында болған елдердің әдебиетсүйер қауымда білмейтін адам кемде-кем. 1828 жылы жарық көрген журналда Александр Пушкин де өлеңдерін жариялап тұрған көрінеді. Бүгінде журнал кемеңгер ақынның: «Примите «Невский альманах», он мил и в прозе, и в стихах» деген екі жол лебізін өзіне эпиграф етіп алған.

Дала жыры аңқыған дидарласу

Жақында журнал редакциясында редактор Вла­димир Скворцовтың шақы­руымен қостанайлық ақын Александра Суслованың питерлік оқырмандарымен шығармашылық кездесуі болды. Кеш автор үшін де, Санкт-Петербургтегі орыс әдебиетінің белгілі тұлғалары үшін де әсерлі өтті.

– Кештегі әңгімемді де, өлеңімді де өзімнің қос отаным туралы бастадым. Мен негізі Ленинградта туған екенмін, бірақ  Қазақстанда тудым деп айтамын. Себебі 60 жыл тұрып жатқан, бүкіл балалық шағым өткен, адам болып, ақын болып қалыптасқан, өскен-өнген жерім болған соң, Қазақстанда тумай, қайда тудым деп айтамын?!. Кеште тарихи шаһардың «сен тұр, мен атайын» қаламгерлері отырды. Бұл мені одан сайын толқытты. Мен олардың алдында қазақтың селеулі даласы, бәйге, жусан иісі туралы өлеңдерімді оқыдым. Менің өлеңдерімнің бояуы даланың самал желін, жусан иісін, қазақ тұлпары тұяғының дүбірін жүректерге жеткізе алса керек, көзінің жасын сүрткендерді де байқадым, өзім де көңілімнің еркіне, көз жасыма ие бола алмадым,  дейді Александра Ильинична. Питерліктер қостанайлық ақынның шығармашылығы туралы жылы лебіз білдіріп, әсерлі кешін жас авторларға шеберлік сыныбы болды деп бағалапты. Ол Санкт-Петербургке құрқол барған жоқ еді, «Солнце на ресничках» атты балаларға арналған өлеңдер мен ертегілер жинағын тарту етті. Қостанайлық с­у­рет­шілер Александра Ильи­­ничнаның балаларға ар­нал­ған шығармаларының ани­ма­циялық нұсқасын да жасаған болатын. Ол Қостанайдағы балабақ­шаларда пайдаланылып та жүр.

– Баланың Отанға, ата-анаға, туған жерге деген адам­гершілік таны­мы кіш­кен­­тайынан құлағына сің­ген өлеңдермен қалып­таса­ды. Сон­дықтан балаларға ар­налған шығармаларға өте жауап­кер­шілікпен қарауымыз қажет. Әрбір шумақ ба­ланы «Жақсы деген немене? Жаман деген немене?» деген сұрақтарға жауап із­деп, ойландыратын болуы тиіс ғой, дейді Александра Ильи­нична. Ақынның балалар әде­биетіне жақындығы тегін емес. Александра Суслова – об­лыстағы айтулы педагог. Не­ше жылдан бері педагогика ко­лледжінде  бастауыш сынып  мұғалімін дайындап келеді.

– Өлеңдерім қазақ тіліне аударылса екен деп армандаймын. Менің патриоттық сезімге суарылған өлеңдерім қазақ тілді оқырман көңілінен де өз орнын табарына сене­мін,  дейді Александра Ильинична.

 

ҚОСТАНАЙ