06 Қаңтар, 2013

Бақыт дегеніміз не?

11458 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Бақыт дегеніміз не?

Жексенбі, 6 қаңтар 2013 10:36

Жақында Бразилия жазу­шысы Пауло Коэльоның “Заһир” деген романы қазақ тілінде жа­рық көрді. Өз басым бұл ро­манды тым көкке көтеруге лай­ық­ты деп бағалаудан аулақпын және бұл роман туралы талдау жасауды өзіме міндет етіп отыр­ған жоқпын. Атышулы бразилия жазушысының бақыт туралы түсінік сезімі көңілімді аударды.

 

Жексенбі, 6 қаңтар 2013 10:36

Жақында Бразилия жазу­шысы Пауло Коэльоның “Заһир” деген романы қазақ тілінде жа­рық көрді. Өз басым бұл ро­манды тым көкке көтеруге лай­ық­ты деп бағалаудан аулақпын және бұл роман туралы талдау жасауды өзіме міндет етіп отыр­ған жоқпын. Атышулы бразилия жазушысының бақыт туралы түсінік сезімі көңілімді аударды.

Романның кейіпкері өз махаб­батынан ғайыптан айырылып қалады. Жары бір күні жым-жылас жоғалып кетеді. Жазушы жалғыз қалады. Өзін бақытсыз сезінеді. Сүйген жарына қайта қауышуға, оның бұдан неге қашып кеткенін өз аузынан естіп білуге асығады. “Ол өзінің не себепті бақытсыз екендігінің себебін” (90-б.) білгісі келеді. Кітаптың кейіпкері “Ма­хаб­бат сезі­мін қайта оралтуды” өз бақытының мазмұны деп түсінеді.

Кітаптың екінші бір кейіпкері Михаил есімді қазақ: үйіңізден өте алыс жерде не қылып жүрсіз? деген сұраққа: “бақыттың бұғып жатқан жерін іздеп жүрмін”, деп жауап береді (93-б.)

Сонда бразилия жазу­шысы кітабының кейіп­керлері бақыт деген ұғымның мәнін махаббат­пен, сүйгенімен қосылудан іздейді.

Өз бақытын махаббат күшін өзіне кері қайтарумен байланыс­тырады. Сол үшін Михаилға іле­сіп, сонау Парижден алыстағы қазақ даласына жоғалтқан жарын іздеп шығады. Қазақ жігіті жарын іздеген кісіге серік болып, туған даласына келеді. Өз жерінің қуа­тынан қорек алуды мұрат тұтады (166-б.) Бұрын-соңды тарихты күрес өзгертеді, күрестің иесі ха­лық деп келсек, бразилия жазу­шы­сы махаббаттың қуаты ғана тарихты өзгертеді деген қағиданы ұсынады. Оның ойынша, маха­ббаттың қуаты желдің, теңіздің, атомның қуатындай болады. Ол тарихты өзгертуші күш болып табылады (70-б.)

Сүйгенінен түсіністік таба алмаған Эстер (бұлар күйеуімен бірге отасқан он жыл ішінде бірде ұрысып, бірде табысып, бір-бірінің ұғынысуына жете алмады. Бітпей­тін ұрыс-керіске шыдамаған Эстер күйеуінен дем алу үшін, өз махаб­баттарын сынап көру үшін көз жетпес алысқа күйеуіне айтпастан тайып тұрады). Міне, енді, күйеуі мұны іздеп қияндағы шағыл құмға, тау-тасты өлкеге Михаилға еріп, сүйгеніне кездеспекке келеді. Эс­тер жаңа жерде, діні, тілі, ділі бас­қа елде өзіне өзі келгендей болады.

Бұрын өзіне беймәлім дала­ның бір қартынан сабақ алады. Махаб­бат сырын ұғуға жол ашып беріңіз деп сұрайды махаббаттың қасіретін шегіп, жан азабына ұшыраған Эстер. Бір күні ол жанары көзінен махаббат оты ұшқындаған адамға ұшырасады. Сөйтіп ол соған бері­леді. Енді сонау қиырдан күйеуі іздеп келіп, мұны қайта тапқанда, аяғы ауыр күйде қалады. Іздеп келген күйеуі еріксіз онымен келісіп, оған бақытты өмір тілеп, бата беруге мәжбүр болады.

Бразилия жазушысы махаб­баттан өз бақытын іздеп, сонау қазақ даласына келгенде арма­нына жете алмайды. Бақытын баянды ете алмайды…

Енді басты тақырыбымызға оралайық. Сонда бақыт дегеніміз не? Осы сауал мәңгілік сияқта­нады да тұрады.

Әр адам бақытқа ұмтылады. Мен де құдайдың құлымын, мен неге бақытсыз болуым керек, дейді. Бірақ өмірде басқаша. Бақытсыздар жетіп артылады. Сонда бақыт дегеніміз не? Біреу қарны тойып тамақ ішкенді бақыт санайды. Мол байлыққа ие болса, не биік мансапты иеленсе, өзін бақытты санайды. Мен де­путат болдым, өзімді бақыттылар санатына қосамын, дейді. Өзінен қырық жас үлкен бай кісіге тұр­мысқа шыққан дәрігер қыз өзін бақытты санайды. Қала әкімінің қолынан жаңа пәтердің кілтін алдым, бақыттымын деймін, біреулер Елбасының қабыл­дауын­да болып, оның қолын алдым, өзімді бақытты санаймын, дейді зейнеткер ұстаз. Неме­ремнің үйленген тойын көрдім, менен бақытты жан жоқ шығар, дейді бір майдангер. Жиенімнің министр, не банкир болғанын көрдім. Менен бақытты адам жоқ, дейді бір қария. Көптен шығара алмай жүрген кітабымды шығардым, мұнан артық маған бақыт жоқ, дейді жас жазушы. Сонда бақыт деген ұғым кең мағы­налы болды ғой. Бақыттың сонда қандай ортақ мағынасы, негізгі арқауы бар?

Әлде мансап алу да бақыт па? Байлыққа ие болу бақыт па? Шын бақыт неде? Бақыттың өлшемі, критерийі не? Бақыттың мәні, өзегі неде? Байлардың бәрі бақытты ма? Онда біз неге “Байлар да қасірет шегеді” деп кино шығарып жатырмыз.

Адамның салмағын өлшеп біле­міз. Кісінің дене қызуын градусник­пен өлшеп, оның сау немесе науқас екенін айырамыз. 360  мен 400 ара­сында айырма бар ғой. Термо­метрдің көрсеткіші адамның ауру-сырқаулығын бірден көрсетеді.

Қан қысымын да тонометрмен біле аламыз. Қалыптан жоғары қан қысымы гипертоникті дәл анық­тайды.

Ал адамның бақытын өлшейтін аспап жоқ. Бірден-бір нақты өлшем де жоқ. Бақытты, жоғарыда  көрсе­тілгеніндей, әркім әртүрлі түсінеді. Атақты орыс жазушысы Лев Толстой өзінің “Анна Каренина” атты романына “Бақытты отба­сының бәрі бір-біріне ұқсас, ал бақытсыз отба­сы­лардың әрқайсысы өзінше бақытсыз” деген сөйлемді эпиграф етіп алуы (кейін оны мәтінге қосып жіберген-ді) тегін емес. Бақыт пен бақытсыздық қосарласа жүретін, адам бала­сы қашып құтыла алмай­тын құбылыс. Оны қолмен ұстап көруге де болмайды, тек жүрек­пен сезінуге жаратылған құбылыс екені сөзсіз.

Бақыт құдайдың адамға еншілеп жіберген сыйы ма, әлде бақытты әркім өзі тер төгіп ала ма? Бақытты құрайтын элементтер қандай? Бақыт­ты немен бағалай­мыз?

Әр адам өз бақыты үшін өзі күресуге міндетті. Бақыттың не екенін анық сезінбесе, адам не үшін күресетінін қайдан біледі.

Бақыт күреспен келе ме? Әлде жазмыш сыйлайтын несібе ме?

Бақытты Жасаған жібереді деп, қол қусырып жатсақ, бақытқа ие бола аламыз ба? Адамға бақытты еңбек сыйлай ма, әлде жаратқан өзі күнілгері маңдайыңа өлшеп-пішіп қоя ма? Немесе бақытты әке-ше­шең, лауазымды туысқаның сыйлай ма? Әлде әр адам өз бақытын өзі қамтамасыз ете ме? “Әр адам өз бақытының ұстасы” деп айтпаймыз ба?

Бақытсыз адам деп кімді айта­мыз? Кедей-кепшікті ме, ауру-сырқауды ма, өмірге қабілетсіз, да­рын­сыз жанды ма, жарыққа кемтар болып келген (соқыр, мылқау, керең, аяқ-қолы кеміс, жарымжан) адамды айтамыз ба? Әлде өмірде дұрыс жолдан тайып, қоғамға, жа­қындарына керексіз болып қалған­дарды ма?

Өмірге кемтар, жарымжан болып келген жандар мәңгілік бақытсыз пақырлар ма? Әлде бұлар да өмірде өз бақытын таба ала ма?

Бақытты болу үшін әр адамның өзіне тән талпыныс-сұранысы бар емес пе? Біреу бақытқа тойымсыз, өмірдегінің бәрін өзім иемденсем, бәріне жеке өзім қожалық етсем деп армандаса, әлдекімдер мұндай тексіз тоятсыздықтан аулақ, қана­ғатшыл болады, өз алдына мини­мум меже-мақсат қояды, соған жетсе, өзін бақытты сезінеді, өз өміріне, тіршілігіне қанағат тұтады.

Әлемді тұтас жаулап алсам дейтін озбыр басқыншылардың да болға­нын тарихтан білеміз. Бүгінде шек­сіз жеке билікке қызығудан қаш­пайтын шенқұмарлар да баршылық. Өз бақытын осымен, шексіз-шетсіз үстемдік етумен шатастыратын жандар да аз емес. Халықтың қарғы­сын алғанша, оның жиренішті сезімін, ашу-ызасын туғызғанша, қызметтен кетуге ыңғай бермейтін басшылар да жеткілікті. Оларды уақыттың өзі билік сахнасынан сырып тастап жатыр. Бұл заңды құбылыс. Биік мансапты бақыт санау осыған әкеп саяды. Сондық­тан да адамның бақыты шетсіз-шексіз байлықта да, шетсіз-шексіз билік құруда да емес. Әр нәрсенің өлшемді шегі бар. Сол шектен шығу ешкімге бақыт әпермейді, керісінше адамның өз басына сор әкеледі. Бірақ мұны әркім бірден түсіне де бермейді. Бұл шын бақыттың шынайы мәнін толық әрі терең түсінбеуден туады. Көп болса, ұзақ болса, ызғарлы әрі қаһарлы болса, бақыт та мол әрі мәнді сияқты көрінеді. Сөйтіп қателікке, опатқа ұрынады. Бақыт жөніндегі өзінің теріс түсінігін жүзеге асыру үшін басқаларды қанға бөгіп, бақыт­сыздыққа душар ететінін сезінбей де қалады.

Бақыттың үлкен-кішісі жоқ. Қанағатшыл адам өзіне бақытты қарапайым нәрседен-ақ табады.

Мәселен, қатардағы дәрігерді алайық. Ол бай да емес, үлкен ман­сап иесі де емес. Өзін әрбір опе­рациядан кейін адам жанын ара­шалап, өлімнен құтқарып қалса, ол өзін бақытты санайды. Өз еңбегінің нақты нәтижесін көруден асқан адамға бақыт жоқ. Адал еткен еңбегі, дәрігерлік көмегі адам өмірін сақтап қалса, оған бұдан артық бақыт, абырой жоқ. Осыны өзіне үлкен қанағат тұтады, өзін өмірде қаралар санын көбейтіп жүрген, қоғамға бар-жоғын белгісіз пенде емес, нағыз азамат, қоғам­ның белсенді, есептегі мүшесі сезі­несің. Өзіңді бақытты санайсың.

Бақыт дегеніміз бір сәттік, жеке-дара бір міндетті жемісті атқарудан тумайды, бір күнгі рекорд, бір күнгі жеңіс адамды мәңгі бақытқа бөле­мейді. Бақыт адамның күнделікті өмірде, қоғамда тұрақты өз орнын табуы. Өзінің азаматтық, адамдық, ата-аналық, жолдастық міндеттерін халықтың бір бөлшегі ретінде атқара білу адам бақытының өлшемі болып табылады.

Бақыт ұғымы адамды алға сүй­рей­тін, жетілдіретін, ынталан­ды­ратын, өршілдікке, ерлікке, өзіңді өзін танытуға, басқаларға мойын­датуға жетелейтін құндылық.

Ал бақытсыздық, әлдекімдер ой­лағанындай, қашып-құтылмай­тын, маңдайға басқан тавро емес. Бақытсыздықтан арылуға әбден болады. Бірақ бұл белсенді әрекет, үздіксіз тер төгуді, қиындықпен қорықпай күресуді талап етеді. Әрине, бұған әркімнің төзімі мен өрлігі жете бермейді. Сондықтан да кейбіреулер үшін бақытсыздық маңдайға алдын ала жазылған қара таңбадай, фатальды құбылыстай көрінеді. Бұл жаңсақ ұғым.

Этика ғылымының эвдемонизм деген бір бағыты бар, ол адам­гершілік пен адам мінезінің басты арқауы адамның бақытқа ұмтылуы деп таниды. Яғни, эвдемонизм — бақыт туралы ілім.

Неміс философы Л. Фейер­бахтың “Эвдемонизм” атты еңбегі де бар. Ол бұл еңбегінде ерік пен бақытқа ұмтылудың бірлігін зерт­тей келе, адамның бақытқа ұмтылуы мен өлім арасындағы қаты­нас­қа тоқ­талады. Өлім немесе ажал адамның бақытқа тырысу жо­лын­дағы ең ақыр­ғы бөгет, кедергі болып табылады. Бір сөзбен айт­қанда, өлім ғана адамның бақытқа талпынысына соңғы нүктені қояды.

Бақытқа не жатады? – дейді де Л. Фейербах, оған өзі жауап береді. – Өмірге қатысы барлардың бәрі соған жатады, өйткені өмір мен бақыттың түпкі мәні бір. Бүкіл талпыныс (әрекет), ең бол­мағанда дені дұрыс ұмтылыстың бәрі бақыт­қа жету жолын көз­дейді. Адамның бүкіл дене мүшелері мен тіршілік құрылымдары ба­қыттың да органдары болып табылады… Адамға бір дене мүшесі өмір сүруге кедергі келтірсе, оны кесіп тастауға болады. Ал “өз жү­ре­гіңді суырып таста, басыңды кесіп таста” деген сөзді әзірше ешкімнің аузынан естігеніміз жоқ, дейді философ. Адам өз басы­мен қоштасқанда, ол бүкіл бақы­тынан айрылады, жалпы бақыттан бір жола ажырап қалады. Ал қажеттілік бар жерде бақыт еш жоғалмайды.

Жарымжан адам өз бақытын денсаулықпен тығыз ұштастырады. Денім сау болсын, денім сау болса, еңбекке қабілетім сақталады, еңбек­пен бірге маған бақыт та келеді, – дейді.

Ата-ана болудан асқан ғанибет бар ма? Балаларға деген сүйіспен­шілік өзіңе деген махаббатты теріске шығара ала ма! Әрине, ата-ана бала­лары болмаса, көп қиындықтан, күш-жігер жұмсаудан, қай­ғыға душар болудан арылар еді. Ал сонымен бірге балалы болу, ұр­пақ сүю оны қаншама ләззатқа бөлейтіні белгілі емес пе! Сүйіс­пен­­шілікпен жасалған құрбандық құрбандық емес, ол ғажап дүние.

Бұл қатігез дүниеде тек жақсы­лық пен әсемдік қана өткінші ме? Сондай-ақ сұмпайы да, жағымпаз да, жиіркенішті де, сұмдық тажал дүниелер де өткінші емес пе! Ақын біткен неліктен өткен жақсылықты зар еңіреп, еске алып, жоқтау айтады. Сонымен бірге жамандық та күйреуге ұшырап жатқан жоқ па!

Уақыт бәріне үнсіз куә ғана емес, тіршілік етудің формасы мен шарты да емес пе!

Егер адамды уақыттан айырса, оның уақытын ұрлап алса, онда тамырындағы ыстық қанын, кеуде­сіндегі жүрегін, басындағы миын суырып алады да, адамда өлімнен басқа ештеңе қалмайды.

Шарапқа құмар адам көз дәрі­геріне келіп, өзін емдеуді ұсынды дейік. Сонда дәрігер оған: сіз шарап ішуді сүйесіз бе, әлде көзі­ңіз­дің жазылуын қалайсыз ба деп сұрай­ды. Сіз шарап ішуден көп ләз­зат алатын болсаңыз, көздің көруінен гөрі шарап сізге үлкен игілік болға­ны, егер көзіңіздің көруін қалайтын болсаңыз, шарап сіз үшін үлкен қасірет, дейді. Бірақ адамдар кейде аз ғана өткінші рахат үшін, бақытқа ұмтылудың үлкен әрекетінен көз жазып қалады. Өз бақытын жалған, уақытша жеңіл дүниелерге айыр­бастап алады.

Бақыт пен өзін-өзі сүюдің (себя­любие) арасында да үлкен алшақтық бар. Адам бақыты – субъективтік құбылыс. Менің бақытым менің өзімдік ерекше­лігімнен тыс өмір сүрмейді, тек менімен ғана тіршілік етеді.

Бақыт сияқты өзімшілдік те (самолюбие, себялюбие) менен тыс өмір сүрмейді. Маған өзіме тән өзімшілдік иелік етеді. Әр адамның өзінің еркіне, жігеріне, қасиетіне тәуелсіз өзімшілдігі болады, одан оны айыра алмайсыз. Басын кес­пейінше, жүрегін жұлып алмай­ынша бұл қасиеті оның өзімен бірге болады.

Әр адам өзін жақсылыққа баулуы қажет. Ең жақсы шараптың өзі де үйренбеген немесе сапасыз шарап ішіп өскен адамға сүйкімсіз көрінеді.

Адами мораль басқаның бақы­тын теріске шығаратын бақытты мойындамайды, басқалардың бақы­тын аяққа таптайтын, оқшау­ланған бақыт болуы мүмкін емес. Өйткені біреудің бақытсыздығы негізінде өз бақытыңды баянды етуге болмай­ды. Мораль атаулы жалпы ортақ бақыт­ты, өзгеге зардап, залал шектір­мейтін бақытты жоғары қояды.

Басқа жандардың бақытқа үмітін жоққа шығару, өзгенің бақытсыз­дығы сенің жүрегіңе де, бақытыңа да көлеңке түсіретінін сезінбеу жи­ренішті, адамгершілік ар-ұятқа сыйымсыз құбылыс. Басқа жан­дардың бақытына және бақыт­сыз­дығына ортақтасу, бақыттымен бірге бақытты, бақытсызбен бақыт­сыз­дықты бірлесе сезіну – адамгерші­лік, парасаттылықтың өлшемі.

Жақсылық дегеніміз адамның бақытқа талпынысының өзегі болып табылады. Жамандық осыған қарама-қарсы ұғым. Бақыт­сыз­ға қол ұшын беру, жәрдемдесу, ол зәру болғанда оған көмекке бару – парасаттылық нышаны. Бұл адам бақытына ортақтасу деген сөз.

Неміс философы: сіз нені қала­саңыз, соны істеңіз, бірақ адам бойынан өзімшілдікті біржола сығып шығара алмайсыз. Бірақ сіз жауызға, хайуанға тән және жүрек­сіз өзімшілдік пен қайырымды, қара­пайым, адами өзімшілдіктің арасын ажырата білуіңіз керек, дейді.

Кімге бақыт тек өзімшілдік бо­лып көрінсе немесе жалған әрі жосықсыз дүние секілденсе, олар үшін аянышқа толы бақытсыздық та шынайы шындық болып есеп­тел­мейді. Өйткені бақытсыз­дыққа деген өкініш сезімі қанағаттану мен қуа­ныш лүпілінен ешбір кем емес мөлшерде өзімшіл әрі қызу қанды болады.

Бұл күнде бақыт мәселесі бізде ғана емес, батыс қоғамында да ке­ңінен сөз болуда. Мұнда бұл проб­леманы адамдардың саясатқа қаты­суымен байланыстыра қарастыруда. Оларда “бақытты селқостық” (счастливая апатия) деген термин ғылыми айналымға түсті. Күнде­лікті өмірдің күйбеңімен, тұрмыс тала­бының көптігімен адамдар осындай селқостыққа душар болды. Техни­калық прогреске қатынаста да селқостық пайда болды. Интер­нет шықты, бақыт әкелген жоқ. “Тәуел­сіздік декларациясы” қабыл­данды: өмір сүруге, бостандыққа және бақытқа ұмтылуға жол ашылды, ал бақыт келген жоқ. Бұл күнде либералдық демократия ешқандай бақыт әкелген жоқ деген тұжырым белең алып отыр.

Батыстың бір ғалымы (Р. Лайн) бүгінгі бақытсыздық пен депрес­сияның көзін отбасылық ынтымақ­тың қожырауынан және басқа адамдар арасындағы қатынас­тардың әлсіреуінен көреді. Мұның бәрі нарықтық экономикадан туып отыр, бірақ оны жақсарту жолын­да саяси институттар ештеңе істеп отырған жоқ, дейді ол. Бұдан әрі ғалым бақытсыздық жайлаған ор­таны санамалап шығады: отбасы, жұмыс орны, қаржы, мекен жай, өзара қа­тынаста сенімнің азаюы, прог­реске күдіктің көбеюі, қоғам­дағы беделге деген құрметтің күрт кемуі және т. т. атап көрсетеді. Міне, осылай “бақытты селқос­тық” бақытқа қол жеткізудің кү­мәнділігі шағын бақытсыз­дық­тардың жаһан­дық дәрежеге ұласу идеясына ұшта­сады. Батыстық санада ақшаға деген көзқарастың өзгеруі байқа­лады. Ол қуаныш қана емес, қайғының да қайнар бұлағы ретінде бағалануда. “Бақыт тек ақшада ғана емес” деген түсінік те орнығуда. “Адам бақыты – ақшада” деген ұғым керісінше посткеңестік елдерде белең алып келеді. Әрине, бұл да өткінші құбылыс. Әлі-ақ батыстағыдай бұларда да капиталдың диктату­расы біртін­деп әлсірейтін болады.

Адамдар бақыттың шын мәнін ақшадан іздемей, өзінің ішкі жан дүниесінің өмірде қанағат табуынан, адам қабілетіне деген сұраныстың бар-жоғынан іздейтін болады.

Қазіргі кезеңде саясатқа, өмір­ге селқостықтың сырын бақыттың болымсыздығынан, оған жетудің үмітсіздігінен іздеу белең алып тұр. Сондай-ақ бақыт ұғымын гиперболизммен түсін­діруге ұрына береміз. Бәрі керемет, бәрі басқа­лардан ерекше болғанда ғана адам бақытқа кенелетіндей көреміз. Сонда ғана адамның бақытын сезінгендей боламыз. Ал адамның бәрі асқақ, сирек өлшеммен өмір сүрмейді ғой. Әр жанның өзіне лайық, өзіне деңгейлес талап-сұ­ранысы болады. Сол қанағаттанса, ол өзін бақытты сезінеді.

Мәселен, шағын ауылдағы темір ұстасын алайық. Оның бақыт­қа деген өлшемі қаладағы атақты кино актерінен өзгеше, бір-бірімен салыстыруға келмейді. Әрқайсының бақыт өлшемі әр деңгейде.

Темір ұстасының бақыты неде? Темір-терсекпен кәсіп ететін ол аспандағы айға ұмтыл­майды, өз бақытын әлемге әйгілі конструк­тор болудан іздемейді. Оның өзі қандай қарапайым болса, бақыт жөніндегі ұғымы да қарапайым, нақты әрі түсінікті, қолынан келетін, ақылы мен шеберлігі жететін дүние. Жұмысы тоқтаусыз жүріп тұрса, ауылдастары мұның еңбегіне дән риза болса, бір күні басының сақинасы ұстап, жұмыс­қа келмей қалса, оны жабыла іздеп, ел әуре-сарсаң болып, ұста жәкем қайда деп жатса, мұның өзі бұл үшін үлкен ғанибет. Жұмысқа қашан шығасыз, тез жазылыңыз деп бұған тілеуқор болып жатса, мұның өзіне бұдан басқа не керек? Ол өз ісіне, жұмысына, өз кәсібіне әбден риза. Еңбек етеді, табыс та табады. Бала-шаға өсіп жатыр, жоқшылық көрмейді. Асып-тасып дүрілдеп жатпаса да, өздеріне бәрі жетіп артылады. Ұста өзін бақыт­ты сезінеді. Ол ғарышкердей ата­ғым жер жармады демейді, есімі осы ауылдан әріге кетпесе де, өзіне-өзі дән риза. Ол өз өмірін, тұрмыс-тіршілігін өзі қанағат етеді. Өзін бақытты сезінеді.

Адамның бақытты болуы үшін Жер шарын жаулап алудың, атағы әлемді шарлаған үлкен жазушы не спортшы болудың міндетті емес екені де белгілі. Ауыл ұстасы өзіне-өзі тәубе етеді, отбасы аман-есен, балалары өсіп, жетіліп келеді. Ішіп-жемі жеткілікті, киер киімі бар. Бәріне қанағат етеді, көңілі тояттайды.

Қысқасы, бақытты болу, өзін бақытты сезіну гиперболикалық өлшемдерге ғана тәуелді емес, ол қанағатқа, тәубешілдікке, адам­ның ішкі сезім дүниесіне де тікелей байланысты. Адам тойым­сыз болса, анаған жетсем, мына­дан озсам деген пендешіл­дік құлыққа берілсе, ол шын бақытты сезіне де, бағалай да алмайды. Бақыт дегенді көктегі жұлдызды, аспан­дағы Айды қолға ұстаумен байла­ныстырмау керек. Бақыт деген түсінген адамға қарапайым ұғым. Оны өзің қалай түсінесің, оған қандай мағына бересің, сонымен өлшенеді. Ба­қыт барынша қара­пайымды­лықты, табиғилықты, күнделікті өмірдегі шын қажет­тілікті терең түсінуден туады.

Рас, бұрын қоғам үшін, халық үшін өмірін сарп етуді адамдар өздеріне бақыт, парыз санаушы еді. Енді индивидуализм (“инди­вид” сөзі латыннан аударғанда “бөлінбейтін” деген ұғымды біл­ді­реді) қоғамның негізгі құнды­лығы саналатын саясат тұсында көпші­лік үшін, халық үшін тер төгу, қалтқысыз еңбек ету, керек болса, өмірін құрбандыққа шалу (аль­труизм) адам бақытының тінін, өзегін құрай алар ма деген сауал да туады. Мұның бәрін  алдағы өмір көрсетер. Дегенмен де, көп­тің қамын жеу, жақсылы­ғыңды жеке басыңнан артылту гума­низмнің нышаны екенін ешкім жоққа шығара алмас.

Біз мақаламызда жеке тұлға­ның бақыты деген ұғымды әңгіме еттік. Ал енді ел бақыты, халық бақыты жайында аз-кем айтар болсақ, мұның өзі ең алдымен әр адам­ның жеке бақытынан құрала­рын есте ұстауымыз ләзім. “Ба­қыт­ты өмір болмайды, бақытты күндер болады” деген сөз тауып айтылған. Расында да, бастан-аяқ тек бақыттан басы айналған күйде өтетін өмірді көз алдыңызға елестету мүмкін емес. Бақытты сәттері, бақытты күндері көп өмір – бақытты өмір. Сол сияқты, бақытты өмір кешкен адамдары көп ел – бақытты ел. Қазақ­станымыз сондай елге айналсын десек, біздің әрқайсымыз өз бақытымыз өз қолымызда екенін әсте естен шығармауға тиіспіз.

Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ,
философия ғылымдарының докторы, 
профессор.

28 маусым 2006 жыл.