Руханият • 12 Қыркүйек, 2019

Халық рухының қайнары

1145 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақтың бағзы замандардан бергі атамекені – Ұлы дала қаншалықты кең-байтақ, жазиралы жерұйық болса, оның рухани мұрасы да соншалықты шұрайлы, әлемде баламасы жоқ асыл қазына. Бағзыдан бүгінге тас бұлақтың тамшысын­дай мөлдіреп жеткен жыр жауһарлары – қазіргі қоғамда жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» үрдісіне де құнарлы нәр беретін ұлттық рухымыздың кәусар бұлағы.

Халық рухының қайнары

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. …Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады», – дей келіп, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының аясында «Дала фольклорының антологиясын» басып шығару қажеттігін күн тәртібіне қойды.

Бұл мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына «Дала фольклорының антологиясын» әзірлеп, жарыққа шығаруға тап­сырыс берді. Мұндай жауапты да, абы­ройлы шаруаны нәтижелі атқарып шы­ғуы үшін еліміздегі фольклортану ғы­лым­ының ежел­­­ден іргелі орталығы болып келе жат­­қан институттың таңдалуы тегін еме. Оған ғылыми орталықтың қомақ­ты жи­­нақ­талған қолжазбалар қоры мен тәжіри­бе­сі де, кадрлық әлеуеті де жет­кілік­ті. Со­ны­мен қоса, бұған бүгінгі заман үрдісі мен тың технология тұрғысынан жаңа ұрпақ талғамы мен қолдануына қолай­лы етіп шығару міндеттері де қосы­ла­ды.

Елбасы қойып отырған осы талаптар үдесінен шығу мақсатында қазір институт қабырғасында қауырт шаруалар қолға алынуда. Оның үстіне уақыт өте тығыз, жоспарланған он томдықтың алғашқы бес томы биыл жарық көруі тиіс. Сондықтан қолжазбалар қорында ж­инақталған шығармалардың барлық нұс­қасын қайта салыстырып, ең көркемін таң­дап, текстологиялық тұрғыдан зерттеу­лер жүргізіп, ғылыми тұрғыдан жүйелеп, бү­гінгі оқырман жатсынбай қабылдайтын қазақ фольклорының барлық жанрларын қам­тыған жауһар жыр жинағын жарыққа шығару институт ғалымдарына зор жауап­кершілік жүктеп отыр.

Ең алдымен, ел жадында аса берік сақтал­ған, тіпті әлі күнге қолданыстан түспей келе жатқан халық мұрасының үлкен арнасы – ғұрыптық фольклор. Ха­лық­тың тұрмыс-тіршілігімен біте қай­нас­қан оның өзегіне халқымыздың ежелгі мифтік дүниетанымы, байырғы наным-сенімдері, діни ұғымдары, әдет-ғұ­рыптары арқау болып тартылған. Қоғам дамып, уақыт озған сайын бұл шығармалардың этнографиялық рәсім­дер­мен, жол-жо­рал­ғылармен байланыс­тар типологиясы кезеңдік сатыларға көтеріліп, алуан түр­лі сипатта өрістейді. Бір шығармалар таза рәсімді атқару қажеттілігінен туып, соған кіндік бауы байланатын болса, екін­ші бір шығармалар оларға жанама­лай қызмет етіп, қосымша ыңғайда орын­далады, енді бірқатар туындылар дәс­түр­лі дүниетанымның идеялық өзегі мен ұстанымдарын мазмұндық өзегіне айналдырып, оны баяндай жырлайды.

Оның ішіндегі алғашқы қауымдық құ­рылыс заманынан елес беретін анимизм, тотемизм, магия, табу, аруаққа та­быну, бақсылық сияқты ежелгі дүние­танымға негізделген халық шығар­ма­шылығын ғалымдар наным-сенім фоль­клоры (магиялық фольклор) деп топ­тастырады. Халық бұл санат­тағы шығармаларға орындалу мәне­рі, құрылымдық түрі мен мазмұндық ерек­ше­ліктеріне қарай бәдік, алғыс, қарғыс, бата, түс жору, тыйым, дұға оқу, арбау-байлау, жалбарыну,  бақсы сарыны, дуалау, бал ашу, ұшықтау, аластау, құрт көшіру, жын шақыру деген сияқты айдарлар таққан.

Адамның отбасылық ғұмырында атқары­латын салт-жоралғыларға, ырым-кәделерге қатысты айтылатын бала өсіру, үйлену, азалау рәсімдеріне байланысты өлең-жырлар отбасылық ғұрып фольклорының үлкен тобын құрайды. Олар бесік жыры, әлпештеу поэзиясы, уату-алдарқату жырлары, тұсау кесу жыры, балалар өлеңдері, қаламақ, санамақ, мазақтама, жар-жар, сыңсу, жұбату, құттықтау, амандасу, көрісу, қоштасу, аңсау, тойбастар, тойтарқар, аушадияр, беташар, естірту, көңіл айту, жоқтау, т.б. толып жатқан ішкі жанрлық түрлерге жіктеледі.

Халық шаруашылығына байланыс­ты ғұрыптық фольклордың тағы бір саласы кәсіптік фольклор деп аталады. Олардың қатарына қазақтың көш­пе­лі өміріне орай туындаған төрт тү­лік­ке байланысты «Жылқышы ата», «Ойсылқара», «Қошқарата», «Зеңгібаба», «Шек­шекатаға» қатысты өлеңдер мен егін­ші­лік­ке, аңшылыққа қатысты шығармалар жатқы­зылады.

Қара сөзбен баяндалуына қарай халық прозасы деген атауға ие болған жанрлық үлкен арна ертегілік проза, аңыздық проза деген екі үлкен салаға бөлінеді. Соның ішінде елге аса танымал, барынша кең және терең зерттелген ертегілік прозаның өзі қиял-ғажайып, тұрмыс-салт, хайуанаттар туралы, батырлық, ғибраттық (новел­лалық), сықақ (сатиралық) ертегілер деп іштей бірнеше түрге жіктеледі. Ал аңыздық прозаға жататын миф, аңыз, әпсана, хикая, хикаят, ауызекі әңгі­ме­лер­дің де әрқайсысының дүниені тану, бейнелеу мен баяндау ерекшеліктері де әрқилы.

Мәселен, тарихи аңыздардағы кейіп­кер­лер мен оқиғалардың дені бергі дәуір­ге біршама жақын, тыңдармандарға нанымды, ертегілерге қарағанда өмірлік оқиғалар басымдау болып келеді. Ондағы тарихи оқиғалар мен тұлғалардың тегі, атамекені, ел қорғаудағы шайқастары нақтырақ көрініс береді. Топонимдік (мифтер) аңыздарда қазақ даласындағы географиялық атаулардың (жер-су, өзен-көл, тау-тастың, т.б.) шығу тегінен хабар беретін болса, ал шежіре жырлар мен аңыздарда адамзаттың пайда болуынан бастап түркі халықтарының, тайпаларының, елінің, «Алаш» ұғымының шығу төркіні, қазақтың мемлекет болып қалыптасу бары­сындағы тарихи мәліметтер баяндалады. Сол сияқты, күй аңыздары – Қорқыт атадан бастап бүгінгі күнге дейін үзілмей келе жатқан дәстүрлі күй өнері туралы жәді­герлер.

Халық шығармашылығындағы жұрт­шы­лық жүрегіне ерекше жақын, танымал жанрдың бірі – халық лирикасы (өлеңдері). Олардың қатарына қара өлең, тарихи өлең, өтірік өлең, ән өлең, мысал өлең, шешендік толғаулар мен арнау, толғау, терме, мадақтау, даттау сияқты халықтың арман-мұраты мен күйініш-сүйінішін, адамның ішкі толғанысынан шыққан лирикалық иірімдері қою шығармалар жат­қызылады. Мақал-мәтел, тақпақ, жұм­бақ, жаңылтпаш, нақыл, ғибрат, өсиет сөздер сияқты шағын жанрларда да халықтың ой-толғамы, әдеби-эсте­ти­ка­лық өресі, тіл кестесі кеңінен көрініс береді. Олар – еленіп-екшелген көркем ойдың мәйегі, әлденеше ұрпақтың тарихи зердесінен өткен даналық әліппесі.

Қазақ фольклорының ең көркем, мазмұнға бай, тәрбиелік рухы жоғары, отан­сүйгіштік тәрбиенің қайнар бұла­ғы­на айналған, классикалық деңгейге көтерілген, әлемдік фольклор қазы­на­сы­ның алтын қорына қосылатын асыл мұра – эпостық жырлар. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өзінің биік шығармашылық деңгейіне жетіп, ел ішінде ХХ ғасырдың басына дейін фольклорлық мәдениеттің озық үлгісі болып келген қазақ эпостары аса қомақты көлем құрайды. Олар­ды мазмұны мен поэтикалық құры­лымына қарай ғалымдар көне эпос (ми­фологиялық эпос, ежелгі эпос, архаи­калық эпос), батырлар жыры (клас­сикалық эпос, қаһармандық эпос, батыр­лық эпос), тарихи эпос (жырлар), ға­шық­тық жырлар (романдық эпос, лиро-эпос, балладалық эпос), дастандар деп әртүрлі атап, бірнеше топқа бөліп қарастырып келеді.

Ұлы дала даналығына суарылған, бай мазмұнды, көркемдігімен ерекшеленетін осыншама мол мұра тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытта көп қағажу көрді. Телегей-теңіз рухани байлықтың бетінен қалқып алынған қаймағындай ғана жазбаға түс­кен үлгілердің өзі (жиналмағаны, әри­не, одан да көп) толық жарияланбай, олар­дың нұсқалары мен версиялары ғылыми айналымға еркін енгізілмеді. Ең көп жарияланған классикалық эпос – «Ба­тыр­лар жырының» өзі азат, тәуелсіз іргелі ғы­лыми зерттеулер нысанасына толық ай­нала қойған жоқ.

Ал азаттық рухының айбары болып саналатын хан-сұлтандардың, батыр-қолбасшылардың, елбасылары мен би-шоралардың ерлік істері, жорық жолдары, ел үшін атқарған елеулі еңбектері жырланатын тарихи жырлар отарлық идеологияның қырына ілігіп, жас ұрпақ жадынан мүлде аластатылды. Қазақ мемлекетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Керей, Жәнібек, Есім, Қасым, Тәуке, Абылай, Кенесары сынды хандардың, Көкжал Барақ, Қасым, Есенгелді, Наурызбай, Сыздық секілді сұлтандардың, ерлік пен батырлықтың символы болған Едіге, Жалаңтөс, Алатау, Қарасай, Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Өтеген, Олжабай, Жәнібек, Сырым, Исатай, Махамбет, Ағыбай, Жанқожа, Сұраншы, т.б. қаһармандар туралы халық шығармалары елдің қолжазбалар қорында сарғайып жатты.

Қазақ даласы бағзы замандардан Иран, Парсы, Үнді елдерімен, діндес мұсылман жұртымен іргелесіп, қатар өмір сүріп, тығыз әдеби-мәдени қарым-қатынаста болды. Әсіресе мұсылман дінінің кең қанат жаюына орай, Ислам өркениеті далалық руханиятқа да айрық­ша ықпал етті. Соған орай Шығыс елдерінің фольклорлық мұралары мен әдебиеттерінің озық үлгілері қазақы ортаға да келіп сіңді, кейбір туындылардың оқиғалары жергілікті дәстүрмен үндесіп, синкретті сарындағы жыр-дастандарға айналды. Әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында шығыстық сюжеттердің жырлануы ерекше белең алып, назиралық үлгідегі тамаша шығармалар дүниеге келді. Олардың таңдаулылары ХІХ ғасырдың басында Қазан, Уфа қалаларында басылып шыға бастады. Қазақ зерттеушілері бұл дас­тандарды жанрлық ерекшеліктеріне орай хикаялық, новеллалық, ғашықтық, діни және қаһармандық дастандар деген сияқты жанрлық түрлерге жүйеледі. Өкінішке қарай, кеңестік солақай саясат халықтың ізгі арман-мұратын жеткізген осындай асыл мұраның өзін халық көзінен көлегейлеп келді. Осылардың барлығын жарияға шығаруға тек тәуелсіздік жылдары ғана мүмкіндік туды.

Демек, арғы замандағы үлгілері Көне түркі жазба ескерткіштерінде бедер­ле­ніп, Орта ғасырлардағы «Диуани лұғат ат түрік», «Құтты білік», «Кодекс-кума­ни­кус», «Қорқыт Ата», «Оғызнаме» сияқты жазба ескерткіштерде көрініс тап­қан халық даналығы – көмбеден енді ғана ашылып, бүгінгі «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының алтын өзегіне айналып келе жатқан халық рухының қайнары. Оның әрбір жолы мен шумағы көне дәуір­лер­ден жалғасып келе жатқан ұлттық руханиятты, елдік болмысты қамсаулап ұстап тұратын алтын жіпті зермен тең. Оны ғылыми тұрғыда зерделеп, ұлттың рухани қажетіне жарату – әр ұрпақтың аса жауапкершілікпен атқаратын перзенттік парызы.

Соған орай институт ғалымдары сирек қорлардағы қолжазба мұраларды сараптай келіп, халық әдебиетінің бар­лық жанрлық түрлері бойынша ең таң­дау­лы үлгілерін 10 томға жүйелеп, бүгінгі аудиторияға қолжетімді ету үшін цифр­лық форматпен (электронды және аудио нұсқаларымен қоса) кешенді түрде баспаға дайындау, сондай-ақ топтамаға енген шығармалардың сюжеттік желісін орыс (3 том), ағылшын тілдеріне (3 том) мазмұндап аудару жұмыстарын қолға алды.

«Дала фольклорының антологиясы» он томдық сериясының кітаби нұсқасы еліміздің қолжазба қорлары мен бұрын жария­ланған жинақтардың, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі қазақ диас­по­раларының материалдарын жете саралап, іріктеу негізінде дайындалуда. Барлық мәтін текстологиялық тұрғыдан қайыра салғастырылып, ғылыми сарапшылар арқылы іріктеліп, тілі көркем, сюжеттік құрылымы шымыр, мазмұны бай, жырлауға лайықты сарындарымен бірге таңдалып алынады. Әрбір том түрлі түсті сурет, нота, иллюстрация және фотолармен безендіріліп, түсініктемелер, этнографиялық (суретті) сөздік, түйінсөз (орыс, ағылшын тілдерінде), т.б. беріледі деп жоспарлануда. Антологияның электронды нұсқасы заманға лайықты, әлемдік стандартқа сәйкес қолайлы форматта дайын­далып, орналастырылған сайттың электронды адресі мен арнайы коды әр жинақ мұқабасында көрсетілетін болады.

Он томдықтың аудио нұсқасын дайын­дау – өте күрделі әрі жауапты жұмыс. Оған дәстүрлі халық музыкасын, ән-жырын жазып, жариялауға машықтанған кәсіби тәжірибесі бар, заманауи қондыр­ғы­лармен жұмыс істей алатын білікті мамандар жұмылдырылуда. Жұмыс барысында Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушылары мен өнерпаздар, қажеттігіне қарай өңірлердегі дәстүрлі өнер мектептерінен де жыршы-орындаушылар тартылуда. Аудиожазба мен цифрландыру жұмыстары арнайы жабдықталған студияларда жүзеге асырылады.

Тұтастай алғанда, бұл топтама – қазақ фольклорының барлық жанрының таң­дау­лы үлгілерін жинақтаған, түрлі түсті суреттермен көмкеріліп, этнографиялық (суретті) сөздікпен жарақталған, электронды, аудио нұсқасы қамтылған, он мың таралыммен жарияланатын елі­міз­де­гі тұңғыш толымды антология болады деген ойдамыз.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

филология ғылымдарының докторы, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры