Қоғам • 13 Қыркүйек, 2019

Аралдың азаматы – аспанның ақиығы

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арманшыл келетін ауыл баласының қиялы аспан әлеміне жиі қонақтайды. Кептер ұшқан көктен адамның көңілі одан да жоғарыда қалықтайды. Бұл ұшқыш болам деген баланың көңілі екенін бүгін білдік.

Аралдың азаматы – аспанның ақиығы

Теңіз қолтығындағы қарапайым «Қаратерең» ауылынан 25 ұшқыш шыққан екен, сол абзал ағалары секілді Манастың да межесі биік болатын. Сол межесі дегеніне жетті.

Ол Арал қаласындағы №13 орта мектептің түлегі. Қазақы тәрбиеден шыққан талантты ұл Ақтөбе қала­сын­да­ғы әуе-қорғаныс күштерінің әскери институтында оқып, «Ұшу аппараттарын пайдалану. Майдан авиациялық-командалық тактикасы» мамандығын алды. Сөйтіп Шымкент қаласындағы 55652 әскери бөліміне ұшқыш болып орналасты. 2008 жылдан бері оқу-жаттығуда әбден шыңдалып, кәсіби маман дәрежесіне көтерілген. Міне, соның нәтижесі азаматтың абыройын асқақтатты.

Ресейдің Рязань қаласында өткен Халықаралық армия ойындарына әр мемлекеттің сарбаздары жиналды. Олар әскери ұшақты игерудегі мықтылығы мен ептілігін сынға салды. Майор Манас Дәулетбаев Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетті. Манас жалғыз емес, жанында әріптесі Дмитрий Коробкин бар. Бұларға берілген тапсырманың бірі – физикалық дайындық, пилоттық техниканы және нысанаға дәл соққы жасау мен жоғарғы аэробатиканы кәсіби шеберлікпен орындау еді.

Әрине, додада дарабоздар дара шығады. Қазақстандық экипаж «жой­ғыш авиация» және «тікұшақ» ата­лымы бойынша алғы шептен кө­рін­ді. Қорытынды есепте Қазақстан үшін­ші орын алды. Ал жекелей сында Аралдың азаматы, аспанның ақиығы – Манас­тың алдына түсер жан болмады.

– Жалпы, қорытынды бойынша ресейлік және қытайлық ұшқыш­тар­дан кейінгі орынға тұрақтадық. Сайыс 3 кезеңнен тұрды. Бірінші денешынықтыру болса, екінші жердегі нысаналарды іздеп табу, ал одан кейін авиациялық қару-жарақты пайдалану арқылы нысанды жою. Міне, осы кезеңдерден сүрінбеуге тырыстық. Ең бастысы, жаттықтырушының тапсырмасы сәтті орындалды, – дейді ол.

Алтын жүлде алған Манас Дәулет­баев «СУ-25» әскери ұшағын тізгін­де­ген талантты ұшқыш. Ол бұл күнде міндетін мүлтіксіз орындап, қыз­метіне адалдығымен көрініп келеді.

Қаныбек ӘБДУОВ

Қызылорда