Спорт • 13 Қыркүйек, 2019

Алтай Көлгінов спортшылармен кездесті

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорда спортын өркендетіп жүрген бірқатар спортшылар мен Нұр-Сұлтан қаласындағы спорт ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады.

Алтай Көлгінов спортшылармен кездесті

Дөңгелек үстелге бокс­тан әлем чемпионы Мерей Ақшалов пен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпио­ны Айбек Оралбай, таэк­вон­додан Астана қалалық фе­дера­циясының басшысы әрі ел тарихындағы жалғыз Олимпиада жүлдесінің иегері Арман Шылма­нов және тағы басқа бірқатар жер­гілікті федерацияның басшылары қатысып, өз­дерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Мәселен, Мерей Ақша­лов тұр­ғын үйлердің аулаларына спорт ғимаратын салып, балалар тек жазда ғана емес, қыста да спортпен айналысуға тамаша мүмкіндік болар еді дейді. Ал Арман Шылманов бү­гінгі күнге дейін қалада таэквондо федерациясының ғимараты жоқ екенін алға тартып, әкімдік жер бөліп берсе өздері инвести­ция тартып ғимарат салуға дайын екен­діктерін жеткізді. «Алатау» спорт сарайына жүзуге баратын спорт­шы­лардың айтуынша, атал­ған кешенде душтың өзі жұ­мыс істемей қалады екен. Сон­дай-ақ мү­гедек спортшылар үшін жағдай жа­сал­маған, лифт істемейді. Ал «Барыс Аренадағы» жүзу бассейнінің бағасы қымбат.

Жиын барысында осы және бұдан да ба­с­қа бір­қатар мәселелер кө­терілді. Қала әкімі өз кезе­гінде ел­орданың спортын дамыту үшін барлық жағдайды жасайты­нын және жоғарыда айтылған мәсе­лелерді мей­лінше шешуге тырысатынын жеткізді. «Бүгін кө­те­рілген мәселелер бойынша жүйе­лі жұмыстар жүргізіліп, ше­шімдер қабыл­данатын болады. Нұр-Сұлтан еліміздің бас қаласы болғандықтан қай салада болсын алдыңғы қатардан көрінуі тиіс деп ойлаймын. Бұл ретте спорт саласының алар орны ай­рықша екені сөзсіз. Біз әкімдік тарапынан жан-жақ­ты қолдау білдіруге да­йынбыз. Бүгін сіздерден 16 ұсыныс-өтінішті естідім. Барлық жағдайды егжей-тегжейлі қарайтын боламыз», деп түйіндеді спорт өкіл­дерімен өткен кездесуді Ал­тай Көлгінов.