Технология • 13 Қыркүйек, 2019

Қазақ­стан машина Жасау­шыларының VII фору­мы өтуде

185 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қала­сындағы ЭКСПО Кон­гресс-орта­лығында Қазақстан Үкіме­тінің қолдауымен Қазақ­стан машина Жасау­шыларының VII фору­мы өтуде. Форум­ды Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі мен Қазақ­станның машина жа­саушылар одағы ұйым­дастырып отыр. Бас серік­тес – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ.

Қазақ­стан машина Жасау­шыларының VII фору­мы өтуде

Отандық машина жасау саласы мемлекет экономика­сын өндіріс құралдарымен қамта­масыз етуде едәуір жұмыс­тар атқаруда, сөйтіп бар­лық өңдеуші өндірістерді, отын-энер­гетикалық, көлік-логис­тикалық, экономика мен ауыл шаруашылығының өндіруші секторларын дамытуға жәрдемін тигізуде.

Форумның беташар басқо­суында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол­даған құттықтау хатын Пре­зидент көмекшісі Мәулен Әшім­баев оқып берді. Пре­зидент хатында жылдан жыл­ға қарқынды жұмыс істеп келе жатқан еліміздің машина жасау саласының отандық эконо­микаға елеулі үлес қосып отырғандығы айтыла келе, форум жұмысына сәттілік тілегені жазылған.

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев жылма-жыл өтіп келе жатқан дәстүрлі басқосудың мемлекет пен бизнестің нақты диалог алаңына айналғанын атап көрсетті. Бұл жолы да форум барысында әлемдік машина жа­сау саласындағы ең соңғы үрдістер мен ағымдарға назар аударылмақ. Биылғы форум «Машина жасау – Қазақстанды индустрияландыру драйвері!» ұранымен өтпек.

Форумда заман талабына сай саланы дамытудың стра­тегиялық бағыттары, импорт алмастыру, өндірісті ынталандыру, жас мамандардың ынтасын арттыру, цифрландыру жағдайында жаңа тәсілдерді талқылау сияқты маңызды және өзекті тақырыптар талқылануда. Форумға Германия, АҚШ, Жа­пония, Италия, Чехия, Ресей, Қытай, жалпы әлемнің 20-дан астам елінен шетелдік компаниялар мен ұйымдар өкілдері қатысып жатқандықтан отандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге шетелге шықпай-ақ осы жердің өзінде шетелдік әріптестерімен кездесулер өткізіп, келісімдер жа­сасудың мүмкіндігі беріліп отыр.

Форумда сөйлеген Премьер-Минис­трдің орынбасары Жеңіс Қасымбек соңғы жылдары машина жасау саласы жаңа экономикалық жағдайларға жедел бейімделіп, тұрақты өсіп ке­ле жатқанын атап көрсетті.

Индустрияландыру жылдары машина жасау және металл өңдеу саласында 130 жаңа өндіріс іске қосылып, 14 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өнеркә­сібі­нің жалпы өсімі 4,1 пайызды құрағанда, машина жасау өндірісінің өсімі 14,1 пайыз болды. Сала бойынша 1,1 трлн теңгенің өнімдері өндіріліп, тарихи рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 2019 жылдың жеті айының қорытындысы бойын­ша машина жасау өндірісінің өсім көлемі одан да жоғарылап 18 пайызды құрады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапары барысында еліміздің «СарыарқаАвтоПром» ком­паниясы Ресейге және басқа да елдерге көлік экспорт­тауға негізделген ірі келісімге қол жеткізді. Мұның ал­дын­да Ресейдің «КамАЗ» кәсіп­орнымен бірге еліміздегі жүк көліктерін шығаруды дамытып, көрші елдерге экспорттау туралы келісім жасалған болатын.

Жалпы машина жасау саласын дамытуға ел Үкіметінің жасап жатқан қамқорлығы да аз емес. Қазақстан экспор­тын ұлғайтуға 500 млрд тең­ге бөлінсе, машина жасау сала­сы­ның бұдан алар үлесі қомақты.

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрі Роман Скляр Премьер-Министрдің 2019 жылғы 26 маусымдағы өкімімен еліміздегі машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітілгенін айтты. Жол картасын жүзеге асыру жолдары осы форум аясында талқыланбақ.

Жалпы машина жасау сала­сының еліміз үшін пайдасы зор. Мұндағы 1 жұмыс орны онымен аралас салалар бойынша 6-7 жұмыс орнын құруға әсер етеді.

Елімізде сала бойынша осы уақытқа дейін 114 жоба іске қосылды. Сөйтіп Қазақстанда автокөліктер мен машиналардың 167 моделі жасалатын және құрастырылатын болды. Жалпы өнеркәсіптегі автоөнеркәсіп саласының үлесі 19 пайызға жет­ті. Электротехникалық машиналар жасау, мұнай-газ машинасы, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, өндірістерге арнап түрлі құрал-жабдықтар шығару ісі де қарқын алып, бұл өнімдердің біразы экспортқа бағытталуда.

Басқосуда сөз алған Еура­зия­лық экономикалық коми­с­сияның Өнеркәсіп және агро­өнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Александр Субботин өткен жылы Еуразиялық одақ елдері арасында Қазақстанның машина жасау саласы даму қарқыны жағынан бәрінен де озық көрсеткіштерге қол жет­кізгенін, одақ бойынша тауар­лар алмасу ісіне белсене қатыса бастағанын атап көрсетті. Оның айтуы бойынша қазірдің өзінде осы үдеріске Қазақстанның машина жасау саласының 90 кәсіпорны үлес қосуда.

Сала бойынша елімізде өзін­дік орны бар Алматы ауыр машина жасау зауытының бас директоры Жетпісбай Едігенов бұл салада еңбек етіп келе жат­қанына 47 жыл болғанын айтып өтті. Прокат құрал-жаб­дықтарын, сымдау орнағын шығаратын зауыт өнімдерін көбінесе ресейлік кәсіпорындар тұтынады. Зауыттың бір проблемасы өнімдерге арнап қаптамалар шығару еді. Әрине бұл – қо­сал­қы жұмыс. Енді Машина жа­сау саласының жол картасы әзірленуіне байланысты бұл жұмысты басқа ұйымдар атқара алатынын айтқан Ж.Еді­генов оған қуанатынын жеткізді. Сондай-ақ электр қуатының тарифтерін реттеу мәселесінде де Үкімет көмегін айқын сезі­не бастады. Өйткені зауыт шығындарының едәуір бөлігі пайдаланылатын электр қуатына жұмсалатын.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлі­шер Пірметов форумға қатысу­шыларды қордағы өздеріне қа­жетті заттар мен қызметтерді сатып алудағы жаңалықтармен таныстырды. Қордың бұл ба­ғыттағы жұмысы тамыр-таныс­тық пен жемқорлықтың жолын кесуге бағытталып отыр. Әрине 2 трлн теңгені құрайтын қор тапсырыстарындағы адал­дықтың машина жасаушылар ғана емес, бүкіл кәсіпкерлер үшін маңызы зор.

Еліміздегі тағы да осындай бір үлкен тапсырыс беруші «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Мұқашев отандық кәсіпорындардан 40 түрлі өнімдерді сатып алатын алып компанияға дәл қазір крандар мен жоғары қысымды сорғылар қажет екенін айтты. Қазір компания 70-тен астам қазақстандық кәсіпорындармен жұмыс істеу­де. Олардың әрбірімен жеке келісімдер жасалған.

«Теңізшевройл» ЖШС отан­дық кәсіпорындарды қол­дауға, олардың өнімдерін сатып алуға ерекше мән береді.

Бұл жөнінде бағдарламалары да бар. Бағдарлама отандық тапсырыс орындаушыларды халықаралық деңгейге шыға алатындай жағдайға жеткізуді, оларды талапқа сай жаңа өнім­дер өндіруге жетелеуді көз­дейді. Осының нәтижесінде бұрын төменгі қысымды сорғы шы­ғаратын қазақстандық кәсіпорын қазір жоғарғы қысымды сорғы шығаруға қол жеткізді.

М.Мұқашев осы форум­ның көрме залдарында «Теңізшевройл» ЖШС-інің арнау­лы мамандары жұмыс істеп, ұсынылған заттармен та­­нысып жүргендігін айтты. Көңілден шыққан өнімдер болса, сатып алу мәселесі қарас­ты­рылмақ.