Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Өскеменде қарбыз фестивалі өтті

533 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыста қарбыз туралы әңгіме болса, Күр­шім ауданы тіл ұшына оралады. Өйткені облыс­тағы қарбыздың отаны – осы аудан. Саржал ауылының бренді қымыз болса, қарбыз – Күр­шімнің бренді. Иә, жа­қында Күршімде емес, облыс орталығы Өскеменде қала әкімдігінің ұйым­дастыруымен тұңғыш рет «Қарбыз party» фестивалі өтті.

Өскеменде қарбыз фестивалі өтті

Шараға Күршім, Үржар, Зайсан, Тарбағатай, ұзын са­ны алты ауданнан 20 тонна қарбыз әкелінді. Фестивальдің ашылуында сөз алған қала әкімі Жақсылық Омар шара келесі жылы да жалғасын таба­тынын, мақсат қала тұр­ғын­дарына ауыл дәмін татты­ру болғандығын жеткізді. Қар­быз мерекесіне келген жұрт «Ең үлкен қарбыз», «Арқан тартыс», «Тағы бір тілімі кімге?», «Қарбыз жайлы кім біледі?», «Шахмат», «Епті қар­быз» секілді ойындарға бел­сене қатысып, қарбыздан жа­салған әртүрлі мүсіндерді тамашалады. Сонымен не керек, «Ең үлкен қарбыз» ата­лымында жұрт күткендей күршімдік бағбан 21 килодан асып түскен қарбызымен топ жарды. «Қарбыздың дәмді әрі көлемді болуы дәнге емес, бізге де емес, таби­ғатқа байланысты. «Күр­шімнің қарбызы қай тұста сатылып жатыр?» деп сұрап жатқандар көп болды, бұған біз өте қуаныштымыз», дейді жеңімпаз Сағатбек Мұхамеджанов.
Айтпақшы, осы шара өткеннен кейін әлеуметтік желіде «Қарбыз party» фес­ти­валі Өскеменде емес, қарбыздың Отаны Күршімде неге өтпейді?» деген пікір­лер көп айтылды. Желі қолдану­шы­ларына Күршім ауданы әкімдігі де жедел жауап беріп, фестивалді өткізуге дайын екендіктерін жеткізді.