Спорт • 13 Қыркүйек, 2019

«Барыс» клубы «Амурдан» басым түсті

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сынға түсіп жатқан елорданың «Барыс» клубы сырт алаңда Хабаровскінің «Амур» командасымен кездесіп, 3:1 есебімен басым түсті.

«Барыс» клубы «Амурдан» басым түсті

Екі команда арасындағы кездесудің бі­рінші кезеңі тең есепте аяқталды. Шабуыл­шылар есепті ашуға қанша тырысқанымен, қорғаушылар мен қақпашылар сәтті өнер көрсетті. Дегенмен екінші кезеңнің екінші минутында алаң иелері «Барыс» қақпасына шайба соғып, есепте алға шығып алды. Шайба авторы – Игорь Руденков. Арада алты минут өткенде Роман Старченко мер­гендігімен көзге түсіп, есепті теңестірді.

Кездесудің үшінші кезеңі өте тартыс­ты басталды. Өйткені жеңіс екі командаға да ауадай қажет болатын. «Барыс» бұған дейінгі төрт ойынның екеуінде жеңіске жетсе, «Амур» барлық кездесуде жеңіліс тапқан. Алаң иелері бұл жолы да жеңілістен құтыла алмады. Матчтың 56-минутында Эрик Тангрэйди «Барысты» есепте алға шығарса, 59-минутта Никита Михайлис ойындағы соңғы әрі командасының жеңіс шайбасын соқты.

Бесінші турдан кейін «Барыс» турнир кестесінде алты ұпаймен бесінші орында келеді. Жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін Владивостоктың «Адмирал» клубымен өткізеді.