Шайтанкөл сапарын жоспарлағанымызға біраз болған. Жыл сайын бұлжымас қағидаға айналған дәстүрден жаңылмай, биыл да алақандай көлге тағзым етіп қайтуды парызымыз санадық. Өйткені мұндағы әлем де, әсер де бөлек. Қанша мәрте барсаң, сонша рет таңырқатудан жалықпайтын табиғаттың тамаша тартуы бар құпиясын ішіне бүккен қалпы тау басында үнсіз мүлгиді. «Сырымды аш, жұмбағымды шеш» деп алыстан мұнартып, өзіне қол бұлғап шақыратындай...
Қарқаралыға табанымыз тиісімен-ақ біздің де ең әуелі іздегеніміз атағы шартарапқа шытырманымен мәшһүр осы аңыз айдын болды. Асай-мүсейімізді асынып, тау жақты бетке алдық. «Көлге барар адамның тауды бағыт алғаны несі?» дерсіз іштей. Бірақ бұл мекеннің өзге көлдерден ерекшелігі де сол – Шайтанкөл – әйгілі Бұғылы тауының қыр басында орналасқан табиғаттың айрықша жаратылысы. Қарқаралыдай қасиетті өлкенің басына ерекше бір үйлесіммен қона салған алтын тәжі іспетті. Бейне бір Қарқаралының қарқарасы дерсіз. Мұны кезінде қазақтың қабырғалы қаламгері Сәбит Мұқанов та:
...Шайтанкөл Бұғылының
қыр басында,
Саладай қарағайдың арасында.
Сол қарағай ішінде іші пысып,
Зар болып көзге ілінер Қарасынға,
Жан-жағына жаутаңдай үрейленіп,
Екі биік қабақтың арасында,
Сұлушаш ұзақ терең ойға кетіп,
Тұрды көлдің бір биік жағасында, – деп жырлаған болатын әйгілі «Сұлушаш» поэмасында. Сондықтан болар Шайтанкөлге әр көтерілген сайын алдымыздан Алтай мен Сұлушаш кезігіп қалардай, қос ғашықтың аңызға айналған махаббатына куә болардай жүректің өрекпіп, көңілдің ерекше толқитыны. Бұл жолы да сол күй, сол сезім...
Етектен ентіге көтеріліп, биік төбенің басына шыға келгенде қарсы алдымыздан шап-шағын көл жарқ ете қалды. Сыртқа сыр шашпай, әрқайсысымыз өз қиялымызда қаттап, арманымызда аялап келгендей, бізді бірақ бұл ғажайып мекенде Алтай мен Сұлушаш құшақ жая қарсы алмады. Есесіне мұндағы көрсе көз сүрінер, сөзбен айтып жеткізгісіз сұлулыққа еріксіз тіл байланды. Аты мен заты бір-біріне мүлдем кереғар мекеннің Сұлукөл емес, Шайтанкөл атанғанына таң-тамаша болудан өзге амалыңыз қалмайды ондайда. Бірақ қорытынды жасауға асықпаңыз. Сұлулықтың да ішіне бүккен сыры жетерлік екен.
Шайтанкөл: аңыздың төркіні қайда?
«...Өте ерте заманда орман-тоғайлы осынау өңірге Жиренсақал әулие келіп, ел аралайды екен. Әулие биік таулардың бірінің шыңын мекен еткен-мыс. Күндердің күнінде ол Шайтанкөлге барған. Көлге жақын келсе, су ішінде дене тұрқы адамға келетін сары түсті қос мақұлық шомылып жүрген көрінеді. Түсініксіз тілде өзара сөйлескен әлгі екеудің бірі екіншісін «Әбілет, Әбілет!» деп атаса, екіншісі оған «Жәбілет!» дейді екен. Әулие бұлардың ерлі-зайыпты шайтан екенін біліп, олардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, дұға оқып, айғай салғанда, қос шайтан зым-зия жоғалып кетіпті. Одан кейін ақсақал көл басына жиі келіп, түнеп жүрсе де, шайтандарды кездестірмепті-мыс. Көлдің «Шайтанкөл» атануы содан».
Бұл – көлдің «Шайтан» атауын иелену сырына үңілген қарқаралылық жазушы Ахметбек Әріновтің «Атақоныс арқадағы, шежірелі Қарқаралы» кітабындағы жазбасы. Ал сұңғыла сырлы суреткер Сәбит Мұқанов болса өзінің атақты «Сұлушаш» дастанында әйгілі айдынды жырға қосып, Алтай мен Сұлушаш арасында өрбитін оқиға орны етіп алады. Ай дидарлы Сұлушаш ару өлімінің сырын да Шайтанкөлдің тылсымымен сабақтастырады.
...Көңіл қап Жылыжұрттың
ырымына,
Сайтанкөл бар дегенде Бұғылыда.
«Адамға сайтан дұспан» деген елдің,
Қарамай сіңіп қалған ұғымына.
Ол дағы біздей қашқын есіркер деп,
Барды ол Сайтанкөлге тығылуға.
Барлығы аппақ болса, ол сұмның да,
Жүрегі оларды аяп жылыды ма?
Жылымады, көлдің де жүрегі тас,
Боп шықты Алла да қас,
сайтан да қас.
Қастық емей немене, қыршынынан,
Қиылды жандай досы
Қайсар жолдас.
Қайсармен бірге өлер еді, бірақ
Өлтірмеген панасыз бір Сұлушаш.
Сол жанының жарығы Сұлушашы
Ол үлгермей, тереңге ұрды құлаш!..
Енді бір аңыз әу баста Әулиекөл атанған қасиетті айдынның қалайша Шайтанкөлге ауысқанының себебін мына бір оқиғаның астарынан іздейді: Баяғыда бұл көлді «әулие мекендеген, суына беті-қолын жуған» деп жұрт киелі су санапты. Жұма сайын қожа-молдалар бастаған байлар, ауқатты адамдар келіп тұрған екен. Жағасында құдайға арнап мал сойып, Құран оқысады.
Шаншар ішінде Торсықбай деген қу болыпты. Бірде сол әлгіндей топтың үстінен шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары қымыздан сылқыта ішермін деп жұтынады. Бірақ жуандар жыртық шапанды кедейді табаққа жолатпайды. Бұған қорланған қу ішінен: «Тұра тұрыңдар, бәлем!», деп кете барады.
Бір күні әлгілер көлдің басына тағы да жиналады. Шартық қарын, шүй желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде, жақын жерден үрейлі үн шығады. Артынша тастардың бірінен сақалы сала құлаш, шашы жалбыраған бір мақұлық селтиіп шыға келеді.
Үрейі ұшқан қожа-молдалар күбірлеп дұға оқиды. Бірақ әлгі пәле тайсалмайды. Дауысын құбылтып, құтырынып жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:
– Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай зыта жөнеледі. Қорқып отырған жұрт орындарынан үдере тұрып, тым-тырақай қашады. Оларды шайтан боп үркітіп жүрген Торсықбай ешкі терісінен жасалған кепті шешіп тастап, «бісмілдә» деп жайрап қалған асты қолға алады. Содан бері Әулиекөл осылай Шайтанкөл атанып кетіпті-мыс.
Ал қарағандылық жазушы Серік Сағынтай болса, көлдің Шайтанкөлге айналуының сырын мынадан тарқатады: «Ел айтатын көптеген аңыздардың бәрі осы көлдің атауына келіп тіреледі. Шынтуайтына келгенде, ойыс-ойпаты сайда емес, жақпар тасы қатпарын қалыңдатқан тау басына біткен көлді көрген қазекем: Бұл – адамның ісі емес, шайтанның ісі болар!» деп топшылауынан туған шығар көл атауы» дейді.
Расымен де, Қарқаралы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орын тепкен бұл көлдің тылсымы толастар емес. Суы мөлдір, түбі тастақ, су сіңбейді. Оңтүстік, солтүстік, батыс жағаларын қоршап тұрған жартастардың биіктігі 10 метр және одан да биік. Айдыны қар, жаңбыр суымен толығады. Жауын-шашын мол жылдары артық су шарасынан асып, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады. Көл құрғамайды. Жан-жағын қарағай, қайың, терек, таңқурай, тасжарған, тобылғы және тағы да басқа бұталы қалың ну орман көлеңке түсіріп, көл суын көп буланудан сақтап тұрады. Көлдің осылай бейне бір тостағанға құйылған мөлдір су іспетті таудың ұшар басына орналаса салуының өзі талай жұмбақтың шетін шығарады. Тереңдігі жайлы тағы анықтама жоқ. Ағынсыз. Өзі де ешқайда ақпай, өзіне де ешбір өзен құймай-ақ бағзы қалпын бір өзгертпейтін бұл көлдің құпия-тылсымының бір парасы, бәлкім, осында жатса керек.
Тоқтарды тұқыртқан тылсым
Иә, қалай десек те Шайтанкөл жайында аңыз да, әңгіме де көп. Соның бірі осы өлкеден шыққан қазақтың тұңғыш ғарышкері, қаһарман Тоқтар Әубәкіров есімімен байланысты. Кезінде бұл оқиға жайлы көп айтылып, жазылды да. Әсіресе есте қалғаны – белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің «Жас Алаш» газетінде жариялаған жолжазба очеркінде айтылған мына бір таңғажайып оқиға.
Журналист өз жазбасында 2001 жылы «Жас Алаш» газетінің 80 жылдық мерейтойын мерекелеу мақсатында ұжым болып қасиетті Қарқаралы мекеніне сапарлағанын айтып, ондағы сөзбен суреттеп жеткізгісіз сұлулыққа сүйсіне келе, әңгіме арасында Шайтанкөлге қатысты қызықты жайтты баяндайды.
«Студент кезімізден құлағымызға «Шайтанкөл» әні арқылы таныс болып қалған атақты Шайтанкөлге келдік.
– Ассалаумағалайкүм! – дедім дауысымды соза амандасып. Қасымызда жол бастап келе жатқан ұлттық қорықтың директоры менің бетіме жалт қарады. Бірдеңе айтқысы келгендей... Мен ол кісіге барлай қарап едім, сәл күлімсірей түсті де, көлге беттеді.
– Суға түсуге бола ма? – дедім.
– Беті-қол шайса да жеткілікті ғой, – деді де, ел ағасы сөзінің соңын жұтты.
– Жаңа сіз «Ассалаумағалейкүм!» дегеніңізде менің есіме Тоқтар Әубәкіров түсіп кетті... – деп, сосын сөзін сабақтай түсті. – Қайбір жылы Тоқтар ғарышқа ұшып, аман-есен елге оралған соң, осында туған жеріне келді. Қарқаралы халқы хан сықылды күтіп алды Тоқтарды. Содан осында Шайтанкөлге келдік. Ол мұнда келген бетте дереу шешінді де, суға қойып кетті. «Ай-хой, ой-хой» деп әрі-бері әбден жүзді. «Туған жерін сағынған ғой», деп біз де еміреніп жатырмыз. Содан не керек, оның арты қиын бір жағдайға ұласты. Ертесіне ғарышкердің денесінде адам көргісіз бір жаралар пайда болды. Дереу дәрігерлер қарай бастады. Жақпаған дәрі жоқ. Кетер емес. Жағдайдан Алматы құлақтанса керек, апыл-ғұпыл Тоқтарды сонда алып кетті. Сізге өтірік, маған шын, жаңағы жара оңайлықпен жазыла қоймады. Бір күні Тоқтар түс көріпті. Түсінде аппақ киімді, аппақ сақалды бір ақсақал: «Әй, Тоқтар! Сен менімен амандаспадың ғой!» десе керек. Содан Тоқтар дәрігерлердің қарсылығына қарамай Қарқаралыға салып-ұрып жетіп келеді ғой. Келе сала осы Шайтанкөлге беттейді. Жоғары көтеріліп, көлді көре сала «Ассалаумағалейкүм» деп амандасады. Бір түн түнейді. Түсінде манағы шал риза кейіпте көрініп, Тоқтардың үсті-басын риза кейіпте бір сипап өтеді. Қанша мықты дәрігер емін таба алмай, жаза алмай қойған әлгі жара демде, әп-сәтте жоқ боп кетеді. Тоқтар құлан-таза айығып шыға келеді. Ғарышкерлердің денсаулығын қарайтын дәрігерлер аң-таң деседі. Сіз әлгінде көлмен амандасып жатқаныңызда менің есіме осы оқиға түсіп еді», деп ел ағасы әңгімесін бітірді. «Бұл не деген керемет!» десіп бәріміз таңғалып жатырмыз» деген деректі келтіреді журналист жолжазбасында.
Ал тағы бір аңыз Шайтанкөлді құпияға толы крест оқиғасымен байланыстырады. Жазба деректерде сақталған мәліметтерге сүйенер болсақ, жағдай былай болыпты. Осыдан бір ғасыр бұрын көптің өтінішімен Михайл есімді қарқаралылық архиерей жергілікті жұрттың зәре-құтын әбден алып болған үрейлі мекенді жын-періден аластату мақсатында көлдің батыс жағалауындағы қойтасты тесіп, крест орнатады. Ол оқиғаның кейінгі жайын жазушы Серік Сағынтай былайша баяндайды:
«Шайтанкөлдің жағасына қадалған крест туралы алғаш жазған белгілі өлкетанушы Юрий Попов болса, уақыт өте оның су түбіне лақтырылғаны жөнінде де көптеген аңыз-әфсанаға толы әңгімелер толастамай келеді. Шынтуайтында, көл түбінде жатқан кресті көрдім деушілер аз. Тек осыдан біраз жыл бұрын архиерей Михайлдың Шайтанкөлді аластағанына 100 жыл толған тұста Қарағанды өңірі казактарының атаманы, Қазақстан Республикасының Орыс-славяндар мен казактар қауымдастығының мүшесі Семен Раков бастаған топ көл түбіндегі зілтемірді қайыра алып шығуға ынта білдірген. Алайда бастамашыл топ қаражат таба алмады ма, әлде өзге геосаяси себептерге тоқталды ма – крест су түбінен шығарылған жоқ», дейді қарағандылық қаламгер.
Жергілікті тұрғындар ғана емес, тіпті орыс діндарлары да қасиетті көлдің құпиясына бойламаққа барынша тырысып бағады. Тіпті көлді қоршай орналасқан жақпартасқа крест орнатып, Шайтан атауын түбегейлі жойып, Қасиетті көл атандырмаққа бекінеді. Сол үшін арнайы рәсім де жасап әбігерге түседі. Алайда бәрі бекер еді. Көл әу бастағы атауынан айырылмады. Керісінше, жұмбағына жұмбақ, аңызына аңыз үстеп, әйгілі айдын атағын аспандатып әкетті. Ақындар шабытына дем берді. Небір сұлу жырдың тууына себепкер болды. Мәселен...
Шайтанкөл – ақындар мекені
Осылай деп көлден қорқыныш емес, сезімнің нәзік иірімін іздеген өлең өкілі Серік Ақсұңқарұлы «Шайтанкөл – ғашықтар мекені» деп әсем әнге қосты. Сыршыл ақын Сырбай Мәуленов те сырт қалмады. Сезімін селт еткізген сұлу мекенді тебірене жырлады:
Таулар, таулар, қашанғы қасқа
алыптар.
Мендей сені сезді мен басқа жұрттар.
Ақ шашты әжем секілді тұрып алды,
Қарқаралы басында ақша бұлттар...
Шайтанкөлді көріп, қаламына қуат, шабытына шуақ құйылған Қадыр ақын да қойын дәптерін қолына алды. Мөлдіреген тұма жырдың тұнығына бойлады.
Сәби көңіл жолдас ертіп қасыңа,
Сонда бар да мінәжат қыл тасына.
Көлге айналып бір пұшпағы
аспанның,
Ағып түскен Қарқаралы басына!
Міне, өзінің осындай ерекше табиғи жаратылысымен талай жүрекке жол, сандаған көңілге ой салған сұлу да жұмбақ, адамзат шешімін тауып үлгермеген құпиясы көп қасиетті мекен әлі де мыңдаған ақынның сезімін тербеп, шабытын шалқытып, небір сұлу жырдың арқауына айналары даусыз.
Шайтанкөл бұл өңірде жалғыз емес. Қарқаралы тау сілемдерінің ұшар басында орналасқан қабырғалары бейне бір қолмен қашағандай тіп-тік тақта тастармен көмкерілген Бассейн көлі де көркем мекеннің сұлулығына сұлулық үстейді. Алайда осындай әсемдігі аңызға айналған киелі мекеннің талай жұмбаққа толы жәдігерлері өз тұнығына бойлап, табиғатына үңілетін, құпиясын ашып, жаңа бастамалар мен тың ұсыныстарға арқау болатын өз зерттеушісін күте-күте күдерін үзуге, төзімін түгесуге айналғандай... Табиғаттың ғажайып тартуы – Бассейн көлі де Шайтанкөлдің тағдырын қайталап, талай сыры мен жұмбағын ішіне жасырып, тау басында үнсіз мүлгиді.
Түйін
Расымен де, шарасына шүпілдей толып жатқан шың басындағы айдыны әсем аспанкөл турасында ел арасында айтылар аңыз да, әфсана да жетерлік. Біз келтірген мысалдар соның бір парасы ғана. Әйгілі көлдің тіпті бүгінгі ғылыми-техниканың дамыған тұсында да толықтай зерттеліп, тереңдігі мен еш өзен құймайтын, ағып шықпайтын бассейн суы құрамының да әлі күнге дейін анықталып, нақты сараптамалардың жасалмауы – алдағы уақытта жүргізілер тыңғылықты зерттеу жұмыстарына сұранып тұрғаны даусыз. Бір басына мың құпияны тоғыстырған шытырман Шайтанкөл тағдыры келешекте жүргізілер келелі ғылыми тәжірибелердің басты нысанына айнала алса, қанеки?! Сөзсіз, бұл да болса туған өлкенің таңғажайып тылсымына бойлап, жұмбағын шешуге бағытталар тамаша себеп болар еді.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы