13 Қыркүйек, 2019

Қазақстандық мазмұнды дамыту бойынша жиын өтті

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскеменде отандық өнімді қолдау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Қазақстандық мазмұнды дамыту бойынша жиын өтті

 

Өскеменде отандық өнімді қолдау бойынша дөңгелек үстел өтті. Өңірдегі ірі өндіріс орны «Қазцинк» компаниясы ұйымдастырған шараға жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Жиырма мыңнан астам адам еңбек ететін кәсіпорында қызметкерлерге керекті арнайы киімдер мен күнделікті жұмыстарына қажет жеке қорғаныс құралдары үнемі сұранысқа ие. Алпауыт өндіріс орны осы мақсатта жергілікті тауар өндірушілермен келісімшарт жасасады. «Біз кеншілердің жұмысына қажет былғары белбеулер шығарамыз. 2003 жылдан бері «Қазцинк» компаниясымен ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Жылына 1 жарым мың белбеуді сатып алады. Шағын кәсіпорнымызда 8 адам жұмыс істейді. Ірі кәсіпорындармен жұмыс істеу біздің бизнесіміздің дамуына серпін береді» дейді Семейден келген жеке кәсіпкер Жасан Рахимов.

Кәсіпорында мердігерлермен жұмыс істеу үшін қазақстандық мазмұнды дамыту кеңсесі ашылыпты. «Қазақстандық өнімді қолдау бағытында біздің компания жыл сайын отандық тауар өндірушілермен келісім жасайды. Бүгінгі күні тауарларды сатып алу, қызмет көрсетуге қатысты жасалған меморандумдардың жалпы сомасы 307 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар 2016 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Инвестиция және даму министрлігімен технологиялық келісім жасалды. Мәселен, жеке қорғаныс құралдары мен арнайы киімдерді алсақ, оның 94 проценті қазақстандық фирмалардан алынады» дейді «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.  

 

    ӨСКЕМЕН