Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Ақтөбеде «Аспан-2019» арнайы тактикалық оқу-жаттығуы өз мәресіне жетті

426 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе  облысының әкімі  Оңдасын Оразалин  Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты «Ақтөбе» аэродромында болып,  әскери техникалармен танысты.    Ұлттық гвардия бөлімшелері, Ақтөбе облысының  Полиция департаменті мен  ТЖД  мамандары  ұйымдастырған   «Аспан-2019» арнайы  тактикалық  оқу-жаттығуын көрді. 

Ақтөбеде   «Аспан-2019»  арнайы тактикалық оқу-жаттығуы  өз мәресіне жетті

Іс-шараға Қазақстан Қарулы Күштері аумақтық штабы департаментінің бастығы Сұлтан Камалетдинов, Ақтөбе облысы  Қорғаныс  істері жөніндегі департамент  басшысы Сейіткерім  Арапбаев, 6655 әскери бөлімінің командирі  Мирас  Тұрдалин, , Ақтөбе гарнизонының бастығы,  30238 әскери бөлімінің командирі Руслан Өтепов қатысты.  

«Оқу-жаттығу   Мемлекет басшысының  жедел және жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған.  Сондай-ақ аумақтық қорғаныс  бригадасының  стратегиялық  обьектіне  күзету  мен қорғау іс-қимылдарына жауынгерлік әзірлігін тексеру,  командалық құрамның кәсібилік дағдыларын жетілдіру мақсатында өткізіледі», деді облыс басшысы. 

Оқу-жаттығу бойынша  60 азамат  заңсыз Мемлекеттік шекарадан өтіп, облыс аумағына кіреді. Содырлардың мақсаты-Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайында диверсия жасау. Содырлардың диверсиялық-барлау тобы алдын ала мәліметтер бойынша атыс қаруымен, пулеметтермен, гранатометрлермен, тасымалданатын зениттік кешендермен, жарылғыш құрылғылармен және уландырғыш заттармен қаруланған.

Үш күнге жалғасқан  оқу-жаттығуға  200-ге жуық адам қатысты.  Ми-8 тікұшағы,  Як-40 ұшағы, өрт сөндіру және санитарлық автомобильдер, сондай-ақ қызметтік-іздестіру иттері мен , әскери техника  жұмылдырылды. 

Оңдасын Оразалин   Ақтөбе облысы  Қорғаныс  істері жөніндегі департамент  басшысына  мұндай оқу-жаттығуларды  жиі ұйымдастыру қажеттігін айтты.