13 Қыркүйек, 2019

ШҚО-да «Суперколледж» жобасы іске қосылды

205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Суперколледж» жобасы түлектердің біліктілігін көтерумен қатар, мамандарды компанияның қажеттілігіне сай алдын ала оқыту мақсатында әзірленген.

ШҚО-да «Суперколледж» жобасы іске қосылды

KAZ Minerals Aktogay компаниясы тау-кен саласына жас мамандарды дайындауға белсене қатысуда. Осы ретте облыста   «Суперколледж» деген ортақ атаумен білім беру саласының бірнеше жобасы іске қосылды. Бөлінген қаражат көлемі - 535 млн теңге.

«Суперколледж» жобасы түлектердің біліктілігін көтерумен қатар, мамандарды компанияның қажеттілігіне сай алдын ала оқыту мақсатында әзірленген. Жаңа технологиялармен және техникамен жабдықталған Ақтоғай КБК-нде жұмыс арнайы дайындықты қажет етеді. Оқу орындарымен жасалған келісімге сәйкес бұл дайындық кен орнына іріктелгенге дейін алдын ала өткізіледі.

Компания Өскемен және Аягөз қалаларындағы колледждердің оқу сыныптарын жаңғыртып, Аягөз ауданының кейбір балабақшалары мен мектептеріне жөндеу жұмыстарын жүргізді, жабдықтар сатып алды, балалар мен спорт алаңдарын салды.

супер

Кеше облыс орталығындағы үш бірдей білім ордасында жаңартылған оқу сыныптары ашылды. Өскемен көпсалалы техникалық колледжінде 252,6 млн теңгеге тау-кен жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу слесарьларының оқу сыныбы, практикалық сабақтар сыныбы, дәнекерлеушілерге, электрмонтерлерге, БӨҚ және А слесарьларына арналған оқу сыныптары қайта жарақтандырылып, демонстрациялық және басқа да қажетті жабдықтар орнатылды. Сонымен қатар, компания оқу орнына JCB 8035 экскаватор-тиегішін, New Holland C227 шынжыр табанды мини-тиегішін, Mitsubishi L-200 автокөлігін ұсынды.

супер кол

Ал С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің жоғары колледжінде 22,2 млн теңгеге химиялық талдау лаборанттарына арналған оқу сыныбы жабдықталды. Интерактивті және техникалық оқыту құралдары, табиғи коллекциялар, оқу плакаттары, құралдар, бейнефильмдер, демонстрациялық және зертханалық аспаптар, химиялық реактивтер мен ыдыстар жиынтығы, үстелдер мен орындықтар жеткізілді. Сондай-ақ, компания қаражаты есебінен 6,1 млн теңге сомасына колледжде оқып, өндірістік және дипломалды тәжірибеден өту үшін студенттерге 15 грант бөлінді. Олар диплом алғаннан кейін Ақтоғай КБК-не жұмысқа орналасады.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің жоғары техникалық колледжінде 14,7 млн теңгеге "Пайдалы қазбаларды байыту" мамандығына арналған оқу сыныбы жабдықталды: үгіту, ұсақтау, флотация, қоюландыру үдерістері бойынша оқыту бағдарламасында қарастырылған зертханалық-тәжірибелік жұмыстарға арналған жабдықтар орнатылды. Мұнда (ШҚМУ жоғары колледжіне ұқсас) 6,3 млн теңге сомасына 15 грант бөлініп, диплом беруді көздейтін 10 айлық оқыту бағдарламасы іске қосылды. Аягөз қаласының политехникалық колледжінде дәнекерлеушілер мен электрмонтерлерге арналған оқу сыныптары 49,9 млн теңге сомасына жөнделіп, жабдықталды. Сондай-ақ, "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС екі жыл қатарынан Аягөз ауданының мектеп түлектеріне арналған білім гранттарын бөліп келеді. Грант сомасына оқу құны, шәкіртақы және жатақханада тұру ақысы кіреді.

Компания жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған тағылымдама бағдарламасын іске асыруда. Оның аясында жас мамандар ақылы тағылымдамадан өтіп, кейін Ақтоғай КБК командасының мүшесі бола алады. Бағдарлама екінші жыл жұмыс істеп келеді. Аягөз ауданында компания 178 млн теңгеден астам сомаға бірнеше мектептер мен балабақшалардың ғимараттарын жөндеуден өткізіп, балалар мен спорт алаңдарын салып берді. «Ақтоғай КБК-да жаңа жабдықтар орнатылған және өндірістің заманауи технологиялары қолданылады. Біз компанияның талаптарына жауап беретін жас мамандарды оқытуға аса мүдделіміз. Ол үшін біз «Суперколледж» атты жобаны іске қостық. Оқу орындарының басшылары бізді қолдағанына қуаныштымыз. Сонымен қатар, Аягөз ауданында мектептер мен балабақшаларды қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл біздің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігіміздің басым бағыттарының бірі" дейді "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС қызметкерлермен жұмыс басқармасының бастығы Бауыржан Әбілқасымұлы.

ӨСКЕМЕН