Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2019

Қарағанды облысында 10 мың литр қымыз бір мезетте пісілді

683 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданында 1 мың күбідегі 10 мың литр қымыз бір мезетте пісіліп, бұл оқиға Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді.

Қарағанды облысында 10 мың литр қымыз бір мезетте пісілді

Ұйымдастырушылар аталған шараны ауданның 90 жылдығы мен ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинннің 125 жылдығына арналған той аясында жүзеге асырды.

«Қарауыл төбе» той алаңында өткен бұл ауқымды шараны Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін аталған ұйымның өкілі Юделькис Диас Жаңаарқаға Кубадан арнайы келді.

– Рекордтық көрсеткішті тіркеу үшін біз шараға қатысушылардың бәрін санап шықтық.  Олардың қымызды бір мезетте және үйлесіммен піскеніне маңыз бердік, – дейді Юделькис Диас.

Ал Гиннестің рекордтар кітабының Қазақстандағы ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков мұндай нәтиженің елімізде тұңғыш рет тіркеліп отырғанын атап өтті.

– Мұны жүзеге асыру оңайға соқпады. Себебі қазіргі заманда күбі табу оңай емес. Ал мұнда мың күбі болды. Бұл рекордты болашақта жаңарту қиын болады деп ойлаймын, – деді ол.

Рекордтық нәтиже тіркелгеннен кейін Жаңаарқаның дәмі тіл үйірген көл-көсір қымызы той қонақтарына тегін таратылды.

Сонымен қатар бұл тойда бауырсақ және палау фестивалі ұйымдастырылып, шара соңы шығармашылық ұжымдар қойған үлкен концертпен түйінделді.

 

Қарағанды облысы