Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков, сот әкімшісінің орынбасары Мақсат Исин, прокурорлар, адвокаттар, медиаторлар және билер кеңесінің мүшелері қатысты.
– Басты мақсат – сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, азаматтарды қабылдау бойынша қолайлы жағдай жасау, – деді облыстық соттың төрағасы.
Сонымен қатар ол жаңа жұмыс пішімін енгізу азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейін арттыруға, сотқа жүгіну кезінде әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Фронт-кеңседе ақпараттық орталық, күту залы, кіріс хат-хабарлар мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы, азаматтық істерді қарауға арналған сот отырысы залы бар. Бұл жерде медиаторлар мен адвокаттарға арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар ныснада wi-fi жүйесі жұмыс істейді, гаджеттер үшін зарядтау құрылғылары орнатылған. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында азаматтар «Сот кабинеті» АЖ қызметін еркін пайдалана алады.
Еске салсақ, дәл осындай фронт-кеңселер Қарағанды, Шахтинск қалалары мен Абай, Осакаров аудандарының соттарында жұмыс істейді.
Қарағанды облысы