Қазақстан • 16 Қыркүйек, 2019

10 мыңнан астам қандасымыз Қазақстан азаматтығын алды

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл жыл басынан бері көрші елдерден тарихи отаны­на орал­ған 10,7 мың­нан астам қан­да­сымыз Қазақстан азамат­­тығын алды. Елі­міз­дің аза­мат­тығын алған қазақ­тар­дың дені Өзбек­стан елінен келді. Олардың үлесі – 48,5%. Одан кейінгі орында Қытай Халық Республикасынан кө­шіп келген этностық қа­зақ­тар тұр. Олар 36%-ды құраса, Моң­ғолиядан – 6,2%, Түрік­мен­станнан – 5,4%, Ресей Фе­дерациясынан – 1,1%, Иран­нан – 0,5% этнос­тық қазақтар Қазақстан азамат­ты­ғын алды.

10 мыңнан астам қандасымыз  Қазақстан азаматтығын алды

Атамекеніне қоныс аударған қа­зақтар еліміздің Ақмола (27%), Маң­ғыстау (14%) және Жамбыл (9%) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (8,9%) және Шымкент (8,5%) қала­ла­рын­да қоныстанды.

Бүгінге дейін, яғни 1991 жылдан бастап 307,3 мың отбасы немесе 1,046 мил­лион этностық қазақ тарихи ота­ны­на оралып, оралман мәртебесін алған екен.

«Қазақ­станда оралман мәртебесін ал­ған этнос­­тық қазақтарға жеңіл­­де­тілген түр­де азаматтық алу үшін қо­лайлы жағдайлар жасалды. Бұл мәртебе бір жылға жарамды. Мәрте­бені ұзарту оралман мәртебесі тоқта­тыл­ған күннен бас­тап үш айдан аспайтын мерзімге өтініш берген кезде же­ңіл­детілген тәртіппен азаматтық алу үшін ғана көзделеді», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-минис­трі Ахмади Сарбасов.

Вице-министр бұл ретте кейбір оралман­дардың ұсынылған уақыт ішінде жеңіл­детілген тәртіппен Қазақ­стан азамат­тығын алмағанын және мұндай мүм­кіндіктен айырыл­ға­нын атап өтті.

«Осыған байланысты Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай санат­та­ғы қандастарымызға мәртебесін жеңіл­­де­­тілген тәртіппен алуды 2019 жыл­дың 31 желтоқсанына дейін ұзар­ту туралы шешім қабылдады. Осы­лайша мәртебесін ұзартпаған орал­мандар жергілікті атқарушы орган­дар­ға жүгіне алады және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ішкі істер органдарына құ­жат­тарын тапсыра алады», деді А.Сар­басов.

Акция аясында 26 тамыздағы жағ­дай бойынша елімізде 5 789 этнос­тық қазақтарға оралман мәртебесі ұзар­­тылды, оның 4 909-ы Қазақстан аза­мат­тығын алуға құжат тапсырды.