Статистика бойынша елімізде 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 4 млн-ға жуықтайды. Оның 245 мыңы елордада тұрса, 700 мыңы Алматы қаласында, ал 260 мыңы Шымкент шаһарында қоныстанған. Жаңа бағдарлама бойынша 5 жыл мерзімге жалға берілетін баспанаға ай сайын 10-12 мың теңге төлейсіз. Ол үшін тұрақты жұмыс орныңыз және 40 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 110 мың теңге) кем емес еңбекақыңыз болуы шарт. Соның ішінде жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын 29 жасқа толмаған азаматтар үміткер бола алады. Әсіресе жас отбасылар, нарықта неғұрлым сұранысқа ие 100 мамандықтың бірін меңгергендер, жас кәсіпкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері басым санаттардың қатарына жатқызылып отыр.
Баспасөз мәслихатында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет бұл бағдарлама арқылы жастар пәтерге бастапқы жарна жинай алатынын жеткізді. Мысалы, жалдамалы пәтерге 10-12 мың теңге ғана төлеп, шотына ай сайын кемінде 20 мыңнан салып отырған жас 5 жылда 1 жарым млн-дай бастапқы жарна жинақтайды деп түсіндірген Мадияр Қожахмет үміткерлердің екінші деңгейлі банктерден ашқан шотының болуы жалдамалы пәтерге қол жеткізуге жеңілдіктер туғызатынын айтты.
Спикерлердің айтуынша, қазіргі уақытта үш қалаға ақша бөлініп, атқарушы органдар үй сатып алу жұмысымен айналысып жатыр. Құжаттарды қабылдау осы жылдың қараша айынан басталады. Ол үшін ешқайда барып кезекте тұрудың қажеті жоқ, құжатты әкімдіктердің сайтына электронды түрде тапсыруға болады. «Бағдарламаға сәйкес жылдың аяғына дейін елордада 1050 пәтер алу қарастырылған. Қазіргі уақытта осы пәтерлердің тиісті құжаттары дайындалып жатыр. Жоспар бойынша қараша айынан бастап құжаттар электронды түрде қабылданады. Толығырақ уақыты жақындағанда Smart Astana платформасында хабарлаймыз», деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қоғамдық даму бөлімінің басшысы Талғат Рахманберді.
Құжаттар тізімінде мыналар бар: арнайы үлгі бойынша жазылған өтініш; өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат; білімі туралы құжат; неке қию туралы куәлік (бар болса); балалардың туу туралы куәлігі (бар болса); өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелерінде жылжымайтын мүліктің жоқтығын растайтын анықтама; жұмыс орнынан анықтама; өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама; Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар; банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы үзінді; өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).
Бұл құжаттардың көпшілігі жалдамалы пәтерді алуда жеңілдіктер үшін сұралады. Яғни әрбіріне балл есептелініп, жоғары балл жинаған жастар алдыңғы кезекте баспанаға ие болады. Ал үміткерлер бірдей балл жинаған жағдайда өтінішті бұрын тапсырғандар басымдыққа ие болады. Егер сіз «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына кіретін 100 сұранысқа ие кәсіптің бірін меңгерген болсаңыз – 10 балл, отбасылы болса – 5 балл (некеде тіркелген әрбір жылы үшін 2 балл), 1 бала болса – 1 балл, екінші баладан бастап – 2 балл қосылады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысқаныңызға кемінде 1 жыл болса – 5 балл, әрбір жыл үшін 1 балл есептелінеді. Өз саласында жеке жетістіктері болған кісілерге 2 балл есептелсе, бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін 5 балл (еңбек өтілінің әрбір жылына 1 балл) қосылады. Ал екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін 2 балл есептелінеді.
Комитет төрағасы Мадияр Қожахметтің айтуынша, әзірге бағдарлама 2021 жылға дейін жоспарланып отыр. Жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізген әрбір үміткермен келісімшарт жасалады. Қандайда бір талап бұзылса, пәтер қайтарылып алынады.