Руханият • 16 Қыркүйек, 2019

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде көне қобыз сақтаулы

896 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ең көне аспап – Жарас бақсының қобызы сақтаулы. Музей деректеріне сүйенетін болсақ, XVΙ ғасырда жасалған Жарас бақсының қобызын Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Қаратау» совхозына қарасты Қарой бөлімшесінің тұрғыны Құлтасов Бижан 1983 жылы музей қорына тапсырды.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде көне қобыз сақтаулы

Жарас бақсының нарқобызы музей жәдігерлерінің арасындағы ең көне және  тарихи маңызы бар аспап болып табылады. Қобыз аңыздай құнды, әрі оның тарихы да өте қызық. 1942 жылға дейін қобыз атадан балаға мұра ретінде сақталған. Аспап Жарас бақсының алты ұрпағына дейін сақталып,  бірінің қолынан екіншісіне өтіп отырған. Жарас бақсы өз заманында нарқобызын жанында ұстап бақсылық құрған. Одан кейін мұраны Бейсенбет, Құлтас, Бұралқы есімді ұрпақтары аталарының көзіндей сақтап, қолдан-қолға қалдырып отырған. Бұралқы 1942 жылы соғысқа кетіп, майданнан қайтып оралмайды. Атадан қалған қасиетті жәдігер келесі ұрпақтары – Бердібекке, одан Бижан қолына өткен. Қобыздың өн бойы әбден ысталып қарайған. Жамауы көп қобыздың көне көз дүние екендігі тайға таңба басқандай байқалады. Аспап тұтас өрік ағашынан ойылып дайындалған. Шанағы нар түйенің терісінен тартылып, ішегі аттың қылынан жасалған.

Қорқытқа дейін де, Қорқыт заманынан кейін де қобыз адам баласын әруақтар әлемімен байланыстыратын құдіретті күшке ие сиқырлы аспап ретінде бағаланған. Қобызда ойнап отырып, бақсылар медитацияға ұқсас бір күйге түседі де, басқа дүние ортасында жүргендей болады. Қазақтар қобызда ойнауда халықты қиыншылық пен бақытсыздықтан қорғайтын күш бар деп есептеді.

Бұл залда бақсы-қобызшылардың қобызы қойылған. Атап айтар болсақ, Жарас бақсы, Сармұқан Бабасұлы, Мекенбай Қойбағарұлы, Зерегүл бақсы, қобызшы-күйшілер Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Әукен Байбосынов т.б. қобызшылардың қобыздарын көріп танысуға болады. Осы тұста қобызшы, күйші Әукен Байбосынов (1901–1955) туралы мәліметтерді келтіре кеткенді жөн көрдік. Қобызшы, күйші қазіргі Қарағанды облысы (бұрынғы Жезқазған облысы) Жаңаарқа ауданы Басау ауылында дүниеге келген. Ел арасында аспап жасау шеберлігімен танымал болған және қылқобыз аспабында шебер ойнаған. Тоқа, Ықылас секілді халық композиторларының қобыз күйлерін орындап жеткізген. Қобызды 1987 жылы ҚР Халық артисі, әнші Қайрат Байбосынов тапсырған.Қобыз – көнеден қазақ халқының музыкалық аспабы. Қазақ музыка мәдениеті тарихында қобыз өнері ерекше орын алады. Халық оның үнінде адамды қиыншылықтан, қайғы-қасіреттен, өлімнен құтқарушы құдіретті күш барына деп сеніп, ерекше қадірлеп, қастерлеген.

 

АЛМАТЫ