Далалық ауызша тарихнама, жазба мұралары ғасырлар бойы халықтың арманын, үміті мен сенімін келер ұрпаққа мирас етіп, бабалар тарихын кейінгілерге жеткізген. Талай-талай талау мен тонаудан, таптап-тақырлаудан тылсым бір ғажайыппен амал қалған, сөйтіп осы дәуірге жеткен орасан мол жазба дүниеміз бар. Бұлар туған халқымыздың қайсарлығы мен өміршеңдігінің сырын ұқтырар сиқырлы кілтпен барабар.
Тарихи жазбаларда таптырмайтын құнды деректер мол. Олар тек Қазақ елі туралы ғана емес, бағзы замандардағы, сондай-ақ осы дәуірдегі барлық халықтар мен ел-жұрттар тарихы, мәдениеті жайлы сыр шертеді. Мұның мәнісі айқын да. Өйткені сан ықылым жұрттардың өмір жолы мен тағдыры Ұлы даладағы қазақ деген халықпен тоғысып-тоқайласқан ғой. Жатжұрттық басқыншылар біздің жазба дүниелеріміздің ошағына қаншама рет шабуыл
жасаған, қаншама қолжазба қоймасын қиратқан, қаншама балды бармақ көшірмешілерді, жазбагерлерді қырып жіберген десеңізші, бірақ біздің дана халқымыз өз өмірін құрбан ете отырып парсы, араб, шағатай тіліндегі жазбаларды аман сақтап қалды. Сан ғасырлар сапырылысында бұл асыл мұралар қолдан-қолға өтіп жат жұрттардың мұражай-музейлерінен, кітапханаларынан орын алды, қазір бұл қазыналар сол елдің байлығына байлық қосуда. Өкініштісі сол, қазақ халқының ежелгі жазба мұраларының асыл нұсқалары бүгінгі таңда өз қолымызда жоққа тән, олар шалғайдағы бөтен елдің мұрағаттарында сақтаулы.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ», кезінде өз үйімізде, өз төрімізде көздің қарашығындай сақтауға тиіс асыл дүниелеріміз шетелдерге тау асып, мұхит кешіп, қалай жеткені қазір бізге беймәлім. Ең бастысы, «Мынау бір дүниелер қазақ атты халыққа тән екен, бізге мұның қажеті қанша?» деп көшеге лақтырып тастамай, ата-бабасынан қалған ең қымбат мүлкіндей сақтап қалған жұрттарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мәселе, орта ғасырдың ең құнды мұралары – «Оғызнама» (XII – XV ғ.ғ.) дастаны Парижде, Хорезмидің «Махаббатнама» (XV ғ.) дастаны – Лондонда, «Әл китаб ал геомини» Каирде тұр. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Мәскеудің өзінде 3 мыңнан аса, Санкт-Петербургте 2 мыңнан аса, Татарстанда 2 мыңнан аса, Башқұртстанда 1 мыңнан аса, Ашхабадта 2 мыңға жуық сан алуан, сан мыңдаған қазақ тарихына тиесілі кітаптар мен қолжазбалар бар екен. Қазақтардың атамекені болған Астрахан, Сарытау, Омбы, Орынбор қалаларындағы архив, кітапхана қорларында қолжазбалардың көптігі соншалық, оларға арнайы археографиялық іздеу-сұрыптау жұмыстарын жүргізген жөн. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген құнды мұраларымыз елге жеткізілгені белгілі. Біздің пікірімізше, елге әкелінген дүниеден, әкелінбеген қазынамыз орасан мол.
Қазақ халқының ауызша тарихнамасы мен шежірешілдігі мәселесі тәуелсіздік алғалы бері үнемі көтеріліп келеді. Қазақстандық ғалымдар өз зерттеулерінде Шығыстың жазба ескерткіштерінің үзінділерін мейлінше көбірек пайдаланып, оларды ғылыми айналымға енгізе отырып, деректану ғылымының қалыптасуына барынша үлес қосулары тиіс. Шығыс жазбаларын дұрыс бағаламасақ, қазақ, түркі халқы тарихының түбіне терең .үңіле алмаймыз. Егер оларды дұрыс оқи білсек сан алуан түркі халықтарын қалыптастырған мың, жүз, қырық, нүкіс, қият, барлас т.б. рулардың тегін саралай түсеміз. Оларды анықтай түссек қазақ деген халықтың Ұлы даладағы оз орнын айқындай аламыз. Түркі қағанаты мен Қазақ ордасының тарихи тұлғалары Қыбырай, Аспарух, Қапал, Кетбұға, Нағанай, Ақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан т.б. сандаған арыстарымызды танып білеміз.
Санкт-Петербургтегі Эрмитаждан не болмаса Мәскеудегі Шығыс халықтары мәдениетінің музейінен, Армениядағы Матенадаран қолжазбалар қорынан қазақ тарихына қатысты ғажайып жәдігер, мұраларымызды кездестіруге болады. Түркиядағы музейдің бірінде Үлкен орда руының бірі Сіргелілерге қатысты құнды мұра сақталған екен. Ал бұларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елге қайтару мәселесін де жолға қойғанымыз жөн.
Ал біздің еліміздің, ұлтымыздың тарихына, мәдениетіне қатысты орасан мол қазынаны кезінде Түркістан өлкесінің астанасы болған Ташкент шаһарындағы мұрағаттар мен кітапханалардан, музейлерден, архив қорларынан табуға болады. Мұнда түркі халықтарына ортақ сан мыңдаған қолжазбалар қорында қаншама асыл мұраларымыз бар. Басқаларын айтпағанда Түркістан генерал-губернаторы А.П.Кауфманның тікелей басшылығымен дайындалған 594-томнан тұратын «Туркестанский сборник» пен «Туркестанский Альбом»-ға (10-том) тағзым етіп, риза болмасқа шараңыз жоқ. Біз 1999 жылы алғаш рет осы еңбектердің біршамасын қарап шығуға қол жеткіздік. Сол жылы Өзбекстанның орталық мұрағатында зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында адам қолы тимеген араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған том-том еңбектердің шаң басып, іздеушісін күтіп жатқанына куә болдық. Қаншама дүниелер құпия деген белгі салынып құлыптаулы жатыр. Өзбекстан Республикасының Президент архивінде Алаш арыстарына қатысты қаншама мұралардың жатқанынан бейхабармыз. Түркістан қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхаметжан Тынышбаев, Санжар Аспандияров сынды дара тұлғалардың шынайы өміріне қатысты құжаттардың сонда құпия сақталып, қолға жетпей келе жатқанын аңдауға болады. Бүгінде оларға қол жеткізу мұң боп тұр. Осынау асыл мұраны толықтай зерделеуге нарықты заманның жүгін арқалаған қазіргі дәуір ғалымдары да бара бермейді.
Әбу Райхан Бируни атындағы Ғылымдар академиясының қолжазбалар қорында сан мыңдаған жауһар сақтаулы. Қолжазбалардың дені араб, парсы, шағатай тілдерінде. Әсіресе ортағасырлық шығыстың жазба деректері мен шығармалары соншалықты мол.
Қазақ хандығы дәуірінен мәлімет беретін мынадай жазба ескерткіштер қолжазбалар қорын толықтырып отыр:
- Абдаллах Балхи, «Зубдад ал-асар» («Жылнама қаймақтары»);
- Молла Шәді, «Фатх-наме» («Жеңіс туралы кітап»);
- Масуд беи Усман Кухистани, «Тарих-и Абул-хайр-хани» ;
- «Тауарих-и гузидаий Нусрат - наме» (авторы белгісіз);
- Камал ад-дин Бинай, «Шайбани наме»;
- Зайн ад-Дин Васифи, «Бадам ал-вакай»;
- Хафиз Таныш Бухари, «Абдулланама»;
- Мухаммед Юсуф ал-Мунши, «Тарихи Мухимхани»;
- Абдурахман Тали, «Тарих-и Абулфайзхана»;
- Махмуд Хаким Яйфони, «Тарих - и Солотин Фаргана».
Бұл шығармаларда түркі, оның ішінде қазақ халқының тарихы, этнографиясы, географиясы, рулары мен тарихи тұлғаларына байланысты сан алуан біз білетін, білмейтін құнды мәліметтер жеткілікті. Бүгінгі күнге дейін оларды орыс, шетелдік ғалымдардың аудармалары арқылы ғана үзіп-жұлып пайдаланып келеміз. Неге тікелей, толық қазақ тіліне аударуды қолға алмаймыз?
Сөз жоқ, тонауға түскен төл мұраларымыздың белгілеріне қарағанда белгісіздері әлдеқайда көп екеніне күмән болмаса керек. Басқасы басқа, Мәскеу мен Санкт-Петербургтен кетіп, Қазақ елі мен Орталық Азияда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген А.Н.Бернштам, С.П.Толстов сияқты археолог ғалымдар тапқан қыруар олжаның бір бөлігінің Қазақстанға бұйырмағанына не айтуға болады.
Ал бірінші Петр заманынан бері қарай қазақ даласындағы бағзы қорғандардың, оданы берідегі бейіт-қорымдардың қаншалықты бассыздықпен және қандай мөлшерде тоналғанын Эрмитажда, Мәскеу, Омбы музейлерінде сықап тұрған алтын қазыналарға қарап-ақ мөлшерлеуге болады. Бір ғана мысал 1871 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының шешімімен патша офицері, шығыстанушы А.А.Кун Петербургке он бес жәшік археологиялық құнды заттарды аттандырған. Тағы бір дәйек, Кенесары ханның мылтығы Омбы музейінде сақтаулы. Мұндай жәдігерлер тізе берсек толып жатыр. Оларды қайтару үшін Үкімет тарапынан жанашырлық, белсенді іс-қимыл керек.
Түркістан өлкесін зерттеген патшалық Ресейдің саясатын жүзеге асырушы В.А.Каллауар, А.П.Добромыслов, Н.Маллицкий, В.Наливкин, Н.Веселовский, П.Г.Галузо, А.Гейнс, Н.Ханыков, М.П. Хорошкин, А.Кастанье т.б. қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарына қатысты көптеген бағалы материалдар қалдырумен қатар, асыл қазынамыз – қолжазбалар мен ескі кітаптарды, көне этнографиялық, археологиялық мұраларды өз елдеріне үздіксіз жөнелтіп отырған. Қаншама қазына шетел асты. Егер әрісі Орталық Азия өркениетінің, бергісі қазақ халқының тонауға түскен тарихи-мәдени мұраларын жоқтар болсақ, мұның өзі уақыт аясында мыңдаған жылды қамтитын, жұмыр жерді шарпитын ұлы жоқтауға ұласар еді. Бұл ретте төл топырағымызда дүниеге келген тарих және мәдениет ескерткіштерін, соның ішінде жазба мәдениетімізге қатысты мұраларды алдымен анықтаудың, сонан соң мүмкіндігінше түпнұсқасын немесе көшірме үлгісін қайтарудың мәні айрықша. Әсіресе Түркістан өлкесінің тарихына байланысты мұралар ұшан-теңіз. Бұл толыққанды зерттеуді қажет етеді. Ал оларды тауып, зерделеп, айналымға енгізу бүгінгі зиялылар мойнына артылар жүк.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары ұлт құндылықтарын әйгілеуді, зерттеуді дер кезінде көтеріп отыр.
Бұл ұлы Отанымыздың мерей-мәртебесін көтеру жолында бүгінгілердің ғана емес, болашақ ұрпақтың да киелі міндеттерінің бірі. Мұның бәрі елдің мәдени мәртебесін көтеретін ұмтылыс қана емес, ең бастысы халқымыздың елдік мұратын қалыптастыратын, рухани тек-тамырымыз бен өремізді бүтіндейтін туымыз деп санасақ қателеспейміз.
Мұхитхан МИРАЗОВ,
«Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
Сәдібек ТӨЛТЕБАЕВ,
педагогика-психология ғылымдарының кандидаты
Шымкент