Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2019

Тұрғындардың тұрмысын арттыру – басты талап

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмысын арттыру мақсатында бірқатар бастамалар қолға алынды. Өңір қазіргі кезде аталған бағытта қолға алынып отырған ауқымды пилоттық жобаларды жүзеге асыруға дайын. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов баяндаған болатын.

Тұрғындардың тұрмысын арттыру – басты талап

Ауылды жерлердегі халықты жаппай жұмыспен қамту маңызды мәселе. Ал ауыл тұрғындарын жұмыстандырудың тиімді жолы ретінде қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, оны дамыту қарастырылған. Осы орайда Асқар Мырзахметов бастаған жұмысшы топ өңірдегі барлық аудандар мен ауылдық елдімекендерге арнайы барып, нәтижесінде 138 мың аула толық зерделенген болатын. Талдау нәтижесі көрсеткендей, салыстырмалы түрде өңір тұрғындары тиісті ұйымдастыру жұмыстарының жоқтығынан қосалқы шаруашылықты тиімді табыс көзіне айналдыра алмай отыр.

Осы тұрғыда зерделеу барысында тұрғындардың ұсыныстарымен халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында 5 бағыт қарастырылған. Олар үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы (пайлық) жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды жемісті жүргізуге қолбайлау мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру болып отыр. Аталған 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге болатын 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіншілігі анықталды. Нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылып, 68 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады деп күтілуде. Сол секілді, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34 пайызға ұлғайып, сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындары жүктемесінің 30 пайызға артуы есептелген. Бұл алдағы уақыттарда жалпы жұмыстың түпкі табысына айналады.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, әуелі пилоттық жобаның жемістілігіне көз жеткізу үшін әрі жұмыстың үлгі-бастауы ретінде облыстың он ауылдық округі таңдалып алынған. Ол – жоспарлы жұмыстың алғашқы кезеңі болмақ. Бұл ретте Асқар Мырзахметов Үкімет басшысы Асқар Маминге алғашқы кезеңде атқарылар жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Таңдалып алынған он ауылдық округ бойынша 7 мыңнан астам аула қамтылады десек, онда 1117 гектар үй іргесіндегі жерлер бар. Шара барысында сол жерлерді ұтымды ұқсатудың жолдары да нақты жүзеге асады. Өңірдегі бау-бақшалықтың тиімділігін еселеуде жылыжайлардың, мал шаруашылығын көтеруде кооперативтердің маңыздылығы ескерілген. Сондай-ақ, ол үшін сапалы тұқым, көшет, тыңайтқыштарды тауып, жеткізіп беру, тіпті, тапшы техника мен қажетті мамандармен қамту мәселесі де оңынан шешімін табады. Сонымен қатар, зерделеу барысында мұндағы әр ауылдық округтың табиғаты, яғни жер мен су жағдайлары да ескерілген. Нақты нәтижеде өнімділіктің 2-4 есе өсіміне қол жеткізу жоспарланған. Бүгінде пилоттық ауылдық округтерде қосалқы шаруашылықтан бөлек 137 шағын жобалардың тізімі жасақталып, оларды жүзеге асырудың жол-жобасы бекітілген.

Асқар Мырзахметов жобаны қаржыландыру шарасы әкімдікке кредит беру жүйесімен «Еңбек» бағдарламасы аясында іске асыру ұсынылатынын айтып, әкімдік, ары қарай сенім Агенті арқылы 2,5 пайыздық несие ретінде тұрғындарды, кооперативтерді қаржыландыратынын жеткізді. Бүгінде несие алушылардың алғашқы базасы түзіліп те үлгерген. Жалпы, он ауылдық округ бойынша жобалардың іске асуымен 7 мың отбасы немесе 35 мың адам келесі жылдың қорытындысы бойынша айына кемінде 104 мың теңге (өсім 2,5 есе) табыспен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Ал, 2229 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді төлейтін кәсіпкерлерге айналатын болады.

«Біз жобаны іске асыруға дайынбыз. Әкімдікке қатысты барлық ұйымдастыру пысықталған. Соның ішінде бюджеттік әкімші болатын ауыл шаруашылығы басқармасының штаттық саны 18 қызметкерге көбейтілді. Аудан, ауыл әкімдерінің арнайы жұмыс алгоритмі бекітілді, тиісті жұмыс топтары құрылды және жауапты мамандар оқытылды. Пилоттық ауыл округтерінде бірнеше кездесулер өткізіліп, кооператив төрағалары анықталды», деді өз сөзінде Асқар Мырзахметов.

Премьер-Министр Асқар Мамин бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, қолдайтынын білдіріп, тиісті шешімдердің дер кезінде рәсімделуін назарға алатынын жеткізді. Жауапты тұлғаларға пилоттық жобаның механизмін ұйымдастыруды тапсырды.