18 Қыркүйек, 2019

Мұқтаждық пен масылдық

959 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы кездері біздің әріптестер де, шенеуніктер де бұқараның арасында әлеуметтік масылдық кең тарай бас­­­тағанын жиі айтатын болып жүрміз. Дүр­мекке ереміз бе, ойланбай сөйлейміз бе, әйтеуір шенеуніктердің аузынан шық­қан пікірді Құран сөзіндей жаттап, кейде қайталап кететініміз бар. Атқамінерлердің халық үшін жасаған һәм қазір істеп жүр­ген қызметіндегі олқылықты жуып-шаю үшін кейде «масыл болмаңдар» дей салатынын білсек керек еді. Жоқ, «биіктегілер» айтты деп масс-медиа қыз­меткерлері де масылдық жайлы «жыр­лап» шыға келеміз. Ал Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз мұқ­таждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн» деп еді. Әзірге мұқтаждық туралы сөз етуімізден, «масылдықтан арылу керек» деуіміз басым болып тұр.

Мұқтаждық пен масылдық

Жөн ғой, жатып ішер жалқауларды, Үкіметке қол жайып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетіндерді айыптаған абзал. Ондайлардың біздің қоғамда кездесетінін де білеміз. Бірақ сол «масылдар» тобына кірген 71 мың адамның қаншасы табысын саналы түрде жасырды, қаншасы мәселенің мән-жайын түсінбестен, кейде мемлекеттік мекеме қызметкерінің қателігінен әлгі тізімге қосылды, ол жағына үңілмейміз. Әрине, табысын жасырғандардың ішінде байшыкештер де бар екенін білеміз. Мәселен, Екібастұзда екі дәмханасы, бірнеше көлігі бар адам мемлекеттен жәрдемақы алмаққа ниет етіп, жалған құжат тапсырғаны анық­­талған. Тағы бір «мықты» Lexus көлі­гімен келіп, әлеуметтік жағдайы төмен от­басыларға арналған қайырымдылық шарасынан балаларына қажет мектеп құралдарын алып кеткенін де естігенбіз. Мұндай мысалдар өкінішке қарай бар. Одан бөлек Қарағандыда он шақты адамға арналған атаулы әлеуметтік көмектің ақшасын жымқырып отырған қызметкер де ұсталған. Бақандай 1 млн 600 мың теңгені өзі алыпты. Бұл дегеніңіз – 4 баласы бар, жағдайы нашар 16 отбасына берілетін бір айлық әлеуметтік көмек­тің қаржысы. Бұл айтқандарымыздың алғаш­қылары нағыз масылдардың қылығы бол­са, екіншісі мемлекет атынан қызмет көр­сетуі тиіс азаматтың әрекеті. Бәлкім сондай қызметкерлер біреулермен сыбайласып, атау­лы әлеуметтік көмектің қар­жысын бөлісіп те жүрген шығар, кім білсін?! Сонымен бірге ресми құжаттардағы «бірінші тоқсан, алдыңғы тоқсан» сияқты ұғымдарды түсінбей, төрт ай бұрын тапқан табысын кіріс ретінде көрсетпегені үшін осы «масылдар» тобына кіріп кеткендер де бар. Ал мемлекеттің заңы азаматтың құқықтық сауатының жоғары-төмендігіне қарамайды, бәріне бірдей. Оған заң нормаларындағы осындай ерекшеліктерді түсіндіріп беруі тиіс қызметкерлердің де салғырттығын қосып қойыңыз. Жұмыс беру­шілердің де жалақыны немесе салық пен зей­нетақы жарнасын кеш аударатын кездері болатыны тағы бар. Сөйтіп біреу амалсыздан, біреуі салғырттықтан, біреу пайда таба қоймақ ниетпен әлгі 71 мыңдық топтың қатарына қосылса керек. Қысқасы, атқамінерлер айыптап жатқан 71 мың адамның әрқайсысының өз сыры мен жыры бар.

Дегенмен, көңіл құрғыр қазақ қоғамында масылдық белең алды дегенге сенгісі кел­мейді. Өйткені бізде 8 млн 800 мыңнан ас­там адам жұмыс істейді екен. Статистика агенттігінің дерегінде солай көрсетілген. Олар­­дың ішінде тұрақты жұмысы бар­лар­дың саны 6 млн 700 мыңнан асыпты. Бұл отандастарымыздың жұмыстан қаш­пайтынын көрсетеді. Тіпті әдетте «барлық салмақты әйелдерге артып қойды» дейтін ерлер де екі қолға бір күрек табылса еңбек етуден тартынбайтыны байқалады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректеріне қарағанда, жұмыс істейтін ерлер саны 3 млн 383 мың болса, әйелдер саны 3 млн 328 мың екен. Демек, біздің халық шама шарқынша еңбек етіп жатыр. Тек тапқандары басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпей қиналып жүргендей көрінеді. Оған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 10 млн 500 мыңнан астам есепшоттың 68 пайызында 1 млн теңгеге дейін ғана жететін жарна жинақталғаны дәлел. Жүйенің 1998 жылы іске қосылғанын ескерсек, халықтың табысы көңілден шығатындай деңгейде емес. Демек, қазақ қоғамында масылдық емес, мұқтаждық басым сияқты. Содан соң Үкімет «берем» деген қаржыдан үміт күткеннен басқа амал қайсы?! Әйтпесе, біреуге жалтақтап кеңсе есігін тоздыруға кім құмар дейсіз?! Ал біз кейде ел ішінде мұқтаждық бар екенін ескермей, жаппай масылдық жайлап алғандай әңгіме айтамыз.