Экономика • 18 Қыркүйек, 2019

395 мың тонна дизель отыны бөлінді

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың мәліметінше, аталған министрлік арқылы биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 380 мың тонна, ал күзгі жиын-терін жұмыстарына 395 мың тонна дизель отыны бөлінген.

395 мың тонна дизель отыны бөлінді

Биыл да дәстүрдегідей Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі облыс әкімдік­терімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қажетті жанар-жағармай көлемін анықтап, Энергетика министрлігіне тиісті тапсырысты енгізді. Арзандатылған дизель отынының көлемі соған сай белгіленген.

«2019 жылғы көктемгі егіс жұ­мыс­тары кезеңінде дизель отынының ұсы­нылатын бағасы 1 тоннасына 193 мың теңгені, ал күзгі егін жинау жұмыс­тары кезеңінде 1 тоннасына 198 мың теңгені құрады. Бұл ретте Энергетика министрлігінің қолында ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынының арзандатылған бағасын заңнамалық бекіту құзыреті жоқ екенін атап өткен жөн», деді Ә.Мағауов.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, көктемгі егіс жұмыстарына жанар-жағар­май жеткізудің кестесі 96,4%-ға орын­далды, жоспарланған 380 мың тон­наның 366,3 мың тоннасы жөнелтілді.

Ал күзгі жиын-терін жұмыстарына жанар-жағармай жеткізудің жоспары биылғы 16 қыркүйектегі жағдай бо­йынша 65,4% жүзеге асты. Жос­парланған 395 мың тоннаның 258,3 мың тоннасы тиелді. Оның ішінде, шілде айының жоспары 94,7%-ға орындалып, жоспарланған 116,2 мың тоннаның 110,1 мың тоннасы жөнелтілсе, тамыз айының жоспары 87,7%-ға жүзеге асты. Яғни, жоспарланған 128,8 мың тоннаның 113 мың тоннасы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жөнелтілді.

Ә.Мағауов ауыл шаруашылығы та­уарларын өндірушілерге арзандатылған жанар-жағармай жеткізуде елеулі проб­леманың кездесе қоймағанын атап өтті. Биыл да былтырғы секілді жанар-жа­ғар­май жөнелту тәртібі мен кестесі сақ­та­луда. Әрине кейбір жағдайда белгілі бір өңірге жанар-жағармайдың кешіктірілуі кездеспей қалған жоқ. Ал мұның негізгі себебі сұраушы жақтың тиісті қаржыны уақытында аудармауы­нан туындайды.

Дегенмен әкімдіктер мен ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілер тара­пынан арзандатылған жанар-жағар­майдың жеткізілуі жөнінен аса алаң­даушылық байқалған жоқ. Себебі жыл­дар бойы қалыптасқан жөнелту кес­тесінің ырғағы сақталуда. Елімізде күзгі жиын-терін жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Соған сәйкес жанар-жағармай жөнелту де жылдағыдай тәртіппен жалғасуда. Мысалы, қыркүйек айының жөнелту жоспары кешегі күні 27%-ға орындалды.