Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

«Таза сессия» акциясы басталды

1178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Jas Otan ЖҚ төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңес бюросының мүшесі Дәулет Кәрібек және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов кездесіп, бірлесіп жұмыс атқаруға арналған меморандумға қол қойды.

«Таза сессия»  акциясы басталды

Меморандум аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға, еліміздің оқу орындарында сыбайлас жемқорлықты, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға, жатақханалардың жағдайына мониторинг жасауға және Nur Otan партиясының «Таза сессия» акциясын өткізуге жол ашады.

«Қыркүйектің соңына дейін Jas Otan ЖҚ еліміздің ұлттық және мемлекеттік университеттерінде «Таза сессия» акциясын өткізеді. Мақсатымыз жас­тар арасында сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік» төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту, еліміздегі оқу орындарында сыбайлас жемқорлық жағдайын анықтау, оларды болдырмау үшін тетіктерді қарастыру. Акция нәтижесі ЖОО-дағы сыбайлас жемқорлықтың қазіргі жай-күйін көрсетіп, оқу үрдісінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына себеп болатын негізгі мәселелерді анықтайды», деді Jas Otan ЖҚ төрағасы Дәулет Кәрібек.

«Адалдық алаңы» жобасы аясын­да жасалған бұл меморандум жем­қор­лықты жоюға, азаматтар және биз­нес үшін кедергісіз және қолайлы жағ­дай­лар жасауға, ауқымды қоғамдық бақы­лау жүргізуге, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған.

Меморандум өзара іс-қимыл, ақпа­рат алмасу және бірлескен жобаларды, акцияларды, семинарларды іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­сатты тиімді іске асыруға бағыт­талған шараларды қабылдауға мүмкін­дік бере отырып, өзара іс-қимылға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.

«Егемен-ақпарат»