Руханият • 18 Қыркүйек, 2019

Қарағандыда жас әдебиетшілердің республикалық форумы өтеді

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында 19-20 қыркүйек күндері ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған жас ақындар мен жазушылардың республикалық форумы өтеді.

Қарағандыда жас әдебиетшілердің республикалық форумы өтеді

Жиынға Исраил Сапарбай, Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтұлы, Ғалым Жайлыбай, Қалқаман Сарин және қазақ әдебиетінің басқа да белгілі тұлғалары қатысады. Форум барысында ақын-жазушылар қазіргі қазақ әдебиетінің жетістіктері мен мәдени дәстүрлерін және жаңа трендтерін талқылайды. Екі күндік бағдарлама аясында пікірталастар, тұсаукесерлер және шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Бүгінгі таңда мәдениет пен мәдени әлеуетті дамыту әлем мемлекеттері мен көптеген халықтардың өсіп-өркендеу жолындағы негізгі басымдықтары қатарына жататынын атап өтті ұйымдастырушылар.

«Абайдың даналығы, Әуезовтің қаламы, Сәкеннің сырлы өлең жолдары, Құрманғазының сиқырлы сазы – бұл біздің рухани мәдениетіміздің бір бөлігі ғана. Біздің ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен әуеніміз, әдебиетіміз,  бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бізбен мәңгі бірге қалуы тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көздегені де осы», дейді олар.

Форумда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мен «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойына байланысты басылым басшысы Дархан Қыдырәлі баяндама жасайды деп жоспарланған. Еске салсақ, Сәкен Сейфуллин 1922 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы болған.

Бағдарламаға сай, форум қонақтары үшін түрлі шаралар қарастырылған. Мысалы олар Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына экскурсия жасайды. Сонымен қатар басқа да мазмұнды іс-шаралары жоспарланған.

   

 

Қарағанды облысы